Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
--Қабыл аға, мемлекеттік тіл мәселесін көтерген, тіл үшін шырылдаған азаматтардың бірі өзіңізсіз. Облыста тіл мәселесімен айналысатын мекемелердің барлығында дерлік еңбек еттіңіз. Кейінгі жылдары көрінбейсіз. Қазір қайдасыз? Қандай қызметтесіз?
--Облыстық сотта баспасөз қызметінің жетекшісімін. Көрінбей жүрмін деп айта алмаймын. Тіл мәселесімен айналысып жүрмін. Айналыса да беремін.
2010 жылы облыстық тілдерді дамыту басқармасында бастықтың орынбасары болып істеп жүрген кезімде штатым қысқартуға ілікті. Басқарма басшылығы маған «Алғыс хат» тапсырып, шығарып салар кезде «жақында облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылады, Соған бастық болып барасыз» деген болатын. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай қалды. Мемлекеттік тілді тегін оқыту орталығы бұл Президент әкімшілігінен келген тапсырма болатын. Ол барлық облыста бар.
Кезінде Шымкент қалалық тіл басқармасына басшы болып жүргенімде біз қалалық әкімдіктің жанынан республикада тұңғыш рет «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығын» едік. 1997 жылы еді. Бұл кезде қазынадағы қаржы қазіргімен салыстыруға да келмейтін. Қалалық қаржы басқармасының бастығы Ислам Асқаров тағы бір бюджеттік мекеме ашуға шамамыз жетпейді деп, қарсылық білдірген болатын. Бірақ сол кездегі қала әкімі Анарбек Орман азаматтық танытты. Ақырында «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» 1997 жылдың 31 қаңтарында ашылды. Алғашқы кезде орталық мамандары қаржының жетіспеуінен бес-алты ай жалақы алмай, біраз қиындықтарды бастан кешірді. Дегенмен кейін көш түзелді. Содан бергі аралықта осында қаншама мемлекеттік қызметкер, бюджеттік мекеменің мамандары қазақ тіліндегі сауатын ашып келеді. Біздің осы тәжірибеміз кезінде облыстық мәдениет және ақпарат басқармасының бастығы болып, кейіннен Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасарлығына ауысқан Оразкүл Асанғазиеваға көп септігі тиді. Ол бізбен хабарласып, Елордада тіл үйрететін орталық ашқысы келетінін, ол үшін қандай заңды басшылық алу қажеттігін сұрады. Мен Ата Заңға арқа сүйеу керектігін айттым. Ата Заңның 93-бабында: «Үкімет және жергілікті билік Қазақстан азаматтарына мемлекеттік тілді тегін меңгеруі үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға міндетті» делінген. Ақыры О.Асанғазиева Елордада «Руханият» атты республикадағы бетке ұстар, тілге қатысты көптеген оқу құралдарын шығаратын орталық ашты.
2011 жылы Асқар Мырзахметовтың ел алдындағы есеп беруінде мен облыс басшысына: «Сіз қазақ тілінің жанашырысыз. Ономастика саласында біраз тірліктерді тындырдыңыз. Бірақ облыста мемлекетті тілді оқыту орталығы ашылмай ойсырап тұрмыз. Мұндай орталық қалада ғана бар. Енді облыстық орталық ашу қажет» дедім.
--Облыс басшысы бұған не деді?
--Асқар Исабекұлы түсіністікпен қарады. Ұсыныс хаттамаға енгізіліп, облыстық Тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырмалар берілді.
«Талап етсе, бәрін жасауға болады»
--Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тіліне қатысты аз шаруа жасалған жоқ. «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымынан бастау алып тіл мәселесімен айналысатын талай мекемелер құрылды. Олар нендей шаруаларды атқара алды?
--Әлі есімде, 1992 жылдың қазанында «Қазақ тілі» қоғамының роеспубликалық құрылтайы өтті. Жиынға Елбасының өзі, сол кездегі Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Мырзатай Жолдасбеков қатысты. Құрылтайда атқарушы билікке қатысты сын көп айтылды. Жиынды қорытындылаған Елбасы «Мырзатай Жолдасбековты жерден алып, жерге салдыңыздар. Енді мені сынамай тұрған кезде айтыңыздар, мемлекеттік тілді дамыту үшін не істеу керек? Қазақтың бір перзенті ретінде қазақ тіліне жағдай жасау менің парызым» деді. «Қазақ тілі» қоғамының сол кездегі төрағасы академик Әбдуәлі Қайдаров ағамыз «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істейді. Қоғамдық ұйым болған соң қаржысы да жоқ. Сондықтан, бізге Тіл комитеті керек» деді. Елбасы бұл ұсынысты мақұл көрді. Осылайша 1993 жылдың 5 сәуірінде Елбасының Жарлығымен ҚР Министрлер Кабинетінің жанынан Тіл комитеті құрылды. Артынша барлық облыстар мен қалаларда Тіл басқармалары ашылды. Мархаббат Байғұт біздің облыстағы Тіл басқармасының тұңғыш бастығы болды. Ал аудандарда Тіл бөлімдері ашылып жатты.
Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі Пернебай Әбубәкіров мені жаңадан ашылған Тіл бөлімінің меңгерушілігіне шақырды. Ол кезде мен Шымкент «Электроаппарат» зауытында цех бастығы едім. Зауыттың директоры А.Суворов мені жібергісі келмеді. Пернебай аға телефон арқылы директормен хабарласып, мен Абай аудандық Тіл бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірістім. Айлығым зауыттағы жалақымна қарағанда 13 есе аз болды. Бірақ, мен ұлттық идея үшін, қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін бұған өкінген жоқпын. Жұмысты зор құлшыныспен бастадық. Бөлімнің жанынан «Тіл және халықтық педагогика орталығын» құрдық. Сөйтіп, түрлі құжаттарды жазудың үлгілерін және тілашар шығардық. Көп ұзамай сол кездегі қала әкімі Амалбек Тшанов облыс орталығында жаңадан ашылған Тіл басқармасының бастығы етіп мені тағайындады. Осында жүріп Шымкенттегі 6 таза қазақ мектебінің санын 14-ке жеткізуге, таза мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақшаның санын 2-ден 27-ге дейін жеткіздік. Өкінішке қарай, 1996 жылы қаладағы тіл басқармасы оңтайландырудың құрығына ілікті. Тіл басқармасы таратылған соң, 27 таза қазақ балабақшаларының көпшілігі сатылып кетті, ал кейбіреулері жабылып қалды. Артынша облыстық Тіл басқармасы да жойылды.
Облысты Болат Жылқышиев басқарып тұрған жылдары оның қабылдауына кіріп, облыста тілмен айналасатын ешқандай мекеменің қалмағанын мәселе етіп көтердім. Осыдан кейін облыстық Ішкі саясат департаментінің ішінен тіл саясаты бөлімі ашылды. Сол жылдары тек тілмен айналысатын өз алдына дербес басқарма құру керек деген мәселе төңірегінде 40-қа жуық мақала жазыппын. Ақыры тіл деп шырылдаған ұсыныс-пікірлеріміздің қабыл болып, 2005 жылы Үкіметтің арнайы қаулысымен облыстарда тілдерді дамыту басқармалары құрылды.
--Осы басқармада жүріп мемлекеттік тілдің жай-күйіне толық қанықтыңыз. Айтыңызшы, қазақ тілінің көсегесін көгертудің тиімді тетігі неде?
--Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін алдымен сол тілге деген қажеттілік болуы керек. «Қазақстан республикасындағы Тілдер туралы» Заңды оқысаңыз ондай қажеттілік жоқ. Мемлекеттік қызметкер міндетті түрде қазақ тілін білсін деген талап қойылмаған. Заң бойынша елде мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс лауазымды тұлғалардың қатарында Президент және Сенат пен Мәжілістің төрағалары ғана бар. Премьерге немесе облыс, қала, аудан әкімдері мен министрлерге ондай талап қойылмаған. Батыстың кейбір өркениетті елдерінде сол елдің тілін білмесең, мемлекеттік қызметке орналасу былай тұрсын, азаматтықты да ала алмайсың. Кезінде Астанада, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінде аудармашы болып істедім. Комитеттің төрағасы Бекболат Тілеухан болатын. Ол менен «ісқағаздарды қалай қазашалаймыз?» деп сұрады. Мен оған «орыс тілінде әзірленген құжаттарға қол қоймаңыз, қазақша болуын талап етіңіз» дедім. Б.Тілеухан солай істеді. Нәтижесінде Мәдениет комитетіндегі құжаттар 2 айда қазақшаланып шыға келді. Міне, талап етсе, бәрін де жасауға болады.
--Балтық жағалауындағы елдер сияқты бізге де тіл полициясы немесе тіл инспекциясы керек деген пікірлер жиі айтылады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
--Ол үшін алдымен заңнамаларды реттеу керек. Мен әлемнің оннан астам елдерінің тіл туралы заңдарын алып қарадым. Сонда байқағаным «Тілдер туралы» Заң 2-3 елде ғана бар екен. Қазақстанда, Ресейде. 2006 жылы В.Путин орыс тілінің тазалығы бұзылып, құрып бара жатыр деп, Думаға «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды қабылдатты.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов «Қазақ тілімен ою оюға да, ғылыми еңбек жазуға да болады» деген екен. Академик, математика ғылымдарының докторы, әлемді мойындатқан ғалым Асқар Жұмаділдаев өзінің ғылыми еңбектерін қазақ тілінде жазды емес пе?! Тіліміздің бай екенін кезінде шетел ғалымдары Мелиоранский, Радлов, т.б. мойындап жақсы пікірлер жазған. Бұл жөнінде жазушы Г.Бельгер де айтып жүр.
Қазір мен жұмыс істейтін облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріповтің тілге деген жанашырлығының арқасында мемлекеттік тілде ісқағаз жүргізудің көрсеткіші жақсарып келеді. Әрине, заң бойынша сот тілі арызданушының сотқа талап арызды қай тілде бергеніне немесе алдын ала тергеу амалдарының қай тілде жүргізілгеніне қарай шешіледі. Бұл жерде негізгі кінә тергеушілер мен адвокаттарда. Тергеушілер алдын ала тергеуді орыс тілінде жүргізеді. Адвокаттар талап арызды орыс тілінде жазып береді. Сондықтан, соттың тілі адвокаттар мен тергеу тіліне тәуелді болып отыр. Тілге деген құрметті әр адам өзінен бастауы керек. Біздің облыстағы соттарда қызмет істейтіндердің 5 пайызы мемлекеттік тілді жетік білмейді. Осыған байланысты, 20 адамды қазақ тіліне оқыты-үйретудеміз.
Мұрағаттан: 19.09.2012