Шөкеевке шүйлігу... Іскер азаматты аяқтан шалу үшін ойластырылған сценарий ме?

Oinet.kz 23-03-2019 1087

Screenshot_5.jpg

Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі, жуырда ғана Есеп комитетінің төрағасы тізгінін қолға алған Аслан Мусин шетелге қашып кетті. Өткен аптада «тілі ащы» кейбір ақпарат құралдары осы сыңайдағы екіұшты мәліметтер таратты. Осыдан кейін «Алдымен Атырау облысының бұрынғы әкімі, өзінің қамқорлығындағы Бергей Рысқалевті шетелге қашырып еді, енді өзі де шекара асқан екен, сабазың, мусиндердің кланына бір зауалдың төнгені анық болды-ау» деген гу-гу әңгімелердің де ел ішіне тарап кеткені рас. Бос әңгіме болып шықты. Аслан Мусиннің шетелге бас сауғалап емес, ем алу үшін шыққаны туралы Есеп комитетінің баспасөз қызметі ресми ақпарат таратты. Осыған қарағанда, төраға Президент әкімшілігімен келісілген жоспарлы демалысын Германияда өткізуде. Шетелде сауығып шыққаннан кейін А.Мусин Есеп комитетінің төрағасы ретінде құзырына жаңа міндеттерді алуы мүмкін екен. 

 Болғаннан гөрі «болады екен» деген алып-қашты әңгімелердің алдымен тарайтыны белгілі ғой. Аслан Мусиннің отствакіге арыз жазғаны туралы мәліметтер Президет әкімшілігіндегі ауыс-түйіс болардан екі апта бұрын ел ішіне өрттей тараған болатын. Ақпарат ресми айтылмаса да рас болып шықты. Енді кезекті ақпараттық шабуыл «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеевке қарсы жасалып жатқан сияқты. Кезінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары, Мәсімов отставкіге кеткен жағдайда премьерлікке кандидаттардың көшбасында жүретін,іскерлігі елге даусыз дәлелденген, әсіресе облыс әкімі кезінде оңтүстік халқының есінде ерекше қалатын тірліктер тындырған  Шөкеев қазір әлдебіреулерге ұнамай жүргендей. Ендеше бұл іскер азаматты аяқтан шалу үшін әдейі ойластырылған сценарий ме? Кім білсін...

Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин жуырда «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте «Самұрық-Қазына» қорының қаржысына тексеру жүргізуді ұсынды. Оның айтуынша, қордағы қажының көлемі орасан, тіпті мемлекеттің бюджетімен пара-пар. Бірақ қор мемлекеттік сатып алулардың нысаны болып табылмайды екен. Сондықтан қаржы полициясы Үкіметтен қорды мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларға сәйкес жұмыс істеуін және оны жариялап отыруын қамтамасыз етуді сұранды.  Мұны бір деңіз.

Жуырда Сенатта «Самұрық-Қазына» қорының есебі тыңдалды. Баяндама жасаған қор төрағасының орынбасары Елена Бахмутоваға сенатор Светлана Жалмағанбетова дүрсе қоя берді.  Ол қордағы қаржының тиімді жұмсалып жатқанына күмәнданып, қайтарылмай жатқан қарыздың тым көбейіп кеткенін сынға алды.  Тіпті, орынбасардың қарыздың бәрі өсімімен қайтарылғаны, қажет болса оны жазбаша түрде табыс ете алатыны туралы жауап та сенатор ханымды қанағаттандыра алмады... Осыдан кейін гәп басқада ма деген ой келеді екен. 

--Мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына қояр кінәм жоқ. Шөккеевті де сыйлаймын,--деп әңгімесінің басын тұздықтап алған сенатор—Бірақ ол бүгін неге келмеді? Екі министр осында отыр, ал, ол министрден жоғары ма? Егер ол осылайша қарсыласа беретін болса, біз тетігін тауып, қордың бюджетін алдын ала бекітіп береміз.  Солтүстік облыстарды газдандыру жұмыстарын орындамасаңыздар да осылай істейтін боламыз,--деді.  

Бұдан бөлек жуырда «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының жиынында қабылданған шешім бойынша Ө.Шөкеев «Қазатомпром» ұлттық компаниясындағы директорлар кеңесінің төрағалығынан шеттетілді. Бұл құзырет енді оның орынбасары Қуандық Бишімбаевқа жүктелді. Арада екі-үш күн өтпей жатып, Ө.Шөкеев «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясындағы директорлар кеңесінің төрағалығынан да айырылып қалды. Оның орнын мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев басты.

Бір қарағанда, Ақордада Ө.Шөкеевті шеттету операциясы басталғандай көрінеді. Ал шын мәнінде қалай?

Естеріңізде болса Үкіметтегі ауыс-түйіс басталардың алдында  Парламентте есеп берген ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті депутаттардың біраз сілкілеп алған болатын. Осыдан кейін оны қызметінен кетіріп қойғандар да табылған. А.Мамытбеков Ө.Шөкеевтің соңынан ілескен кадр екені бұрыннан белгілі. Жоқ жерден ши шығарғысы келетін кейбір ақпарат құралдары мұны да Ө.Шөкеевтің позициясының әлсіреп жатқанымен түсіндірген. Бірақ жаңа үкіметте Асылжан Мамытбеков өзінің орнын сақтап қалды. 

Ал, кейінгі кездері көлеңкеде қалып, саяси оқиғалардан шет жүрген Өмірзақ Шөкеевтің қызметтік карьерасы туралы әзірге бірдеңе деу қиын. Не де болса сапырылыспен, ауыс-түйіспен басталған осы күз Ақордадағы саяси күштердің ара салмағын ажыратып беретін сияқты. 

Мұрағаттан, 17.10.2012 ж

Кентау әкімі бақтың қадірін біле ме?
Қабыл Дүйсенби: «Тілге деген құрметті әр адам өзінен бастауы керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу