Кентау әкімі бақтың қадірін біле ме?
Экс-әкім Қалмырзаевтың қателігін Байсалов та қайталай бастаған сияқты
«Рейтинг» газеті кезінде Кентау қаласының қордаланған, шешімін таппай шиеленіскен мәселелерін, оның ішінде жыры бітпей жүрген жылу жайлы кең көлемде дүркін-дүркін мақалалар топтамасын жариялаған болатын. Елдің арыз-шағымын, талап-тілегін де ескерусіз қалдырған жоқпыз. Әсіресе, сол кездегі қала әкімі Нұржігіт Қалмырзаевтың жұмысын да дұрыс атқара алмай келе жатқанын, жұртпен де жібі түзу қарым-қатынас қалыптастыруға қабілеті жетпегенін жіліктеп жазғанбыз. Ақыры не болды, әкім Қалмырзаев облыс басшысы жүктеген сенімді ақтай алмай абыройы айрандай төгіліп атынан ауып түсті. Өкініштісі сол Қалмырзаевтың қызметімен қалай қош айтысқанын жақсы білетін Кентаудың қазіргі әкімі Бақытбек Байсалов елдің сенімін, басына қонған бақтың қадірін бағалай алмай өзіне дейінгі басшының қателігін қайталай бастаған сияқты. «Ақылды адам біреудің қателігінен сабақ алады, ақымақ адам өзімбілермендікпен өзі қателескенше тірлігін түземейді» дейтін халық нақылы бекер айтылмаған ғой.
Әкім ауысқанына біршама уақыт өткенімен Кентауда ел қуанатын ештеңе жоқтығын, 15 аудан, қаланың арасында түзілген рейтингте 13-ші орынға тұрақтап тұрғанын, яғни бәз-баяғыша көш соңында салпақтаудан арылмағанына бұған дейін де қалам тартқанбыз. Байсаловтың қадамы бұлай жалғаса берсе, ертерек ес жимаса оны төл перзентіміз деп кентаулықтар қашанғы төбесіне көтереді дейсіз? Егер келеңсіздіктер түзелмесе, басқа-басқа жылу мәселесіне жүрдім-бардым қараса сүйегінен суық өтіп, жүйкесі жұқарып біткен жергілікті тұрғындардың талабымен Байсалов та Қалмырзаевтың кебін құшпасына кім кепіл? Мұның бәрін неге айтып отырмыз? «Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалындағы Жанәлі Дәрібаев басқаратын партиялық бақылау комиссиясы жылуға қатысты «көзге шыққан сүйелдей» көрінетін кемшіліктерді анықтаған. Әрі қарай кемшіліктерді дәлелдейтін Дәрібаевтың дерек-дәйегіне жүгінейік.
Кентаудағы №5 жылу энерго орталығында жарылыс болып оны күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге облыстық және қалалық бюджеттен мол қаражат қаралған. Бөлінген қаржының негізгі бөлігі 2 энергетикалық қазандықты салуға, сондай-ақ оған қажетті жабдықтарды алуға жұмсалмақ. Қазір күрделі жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі жүріп жатыр. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері арнайы рейд жүргізгенде анықталғанындай, ортадан тепкіш қондырғыларды (БЦУ) монтаждау, ауа сорғыштардың фундаменттерін демонтаждау жұмыстары кестеден қалып қойған. БЦУ қондырғылары әлі күнге дайындалмаған. Ал жобалау сметасында көрсетілген жаңа кірпіштердің орнына бұрын пайдаланылған ескі кірпіштер қайта қалауға дайындалған. Қазандықтардағы суыту құбырлары, олардың тірек-ұстындары, күрделі жөндеуден кейінгі орнатылатын жабдықтар мен ақпараттық бақылау аппараттары бұрынғы, көне технологиялар бойынша жасалынбақ. Бұған дейінгі жұмсалған қаржыларды қоспағанда бұл жолы жылу орталығын жөндеуге бюджеттен 957,906 миллион теңге бөлінген. Ендеше осыншама көл-көсір қаражаттың жеткіліктігіне, дер шағында бөлінгеніне қарамастан ескіні жамауға есі кеткендерге ескерту жасамай, олардың сапалы әрі белгіленген кестеден кешікпей жұмыс істеуін жіті қадағаламай қала әкімі дейтін дардай атағы бар Байсаловтың кемшілік атаулыға көз жұмып келгені қалай? Сонда «Нұр Отан» партиясының бақылау комиссиясы кемшілікті айтқанға дейін әкім Байсалов ай қарап жүр ме? Бүгінгі кемшіліктің кесірінен ертеңгі күні қақаған қыста сапалы жылу болмай елге зардабы тимей ме?
Мұрағаттан: 13.09.2012