Махажанов пен Есбаевқа «екі қойың бір сом» болып жүр
Биылғы жыл Кентаудың әкімі Дәурен Махажанов үшін өте ауыр болды. Ауыр болмай қайтсін. Жылды онсыз да облыс басшысына отставкіге кету жөнінде арыз берумен бастаған Махажановқа қаланы күл-қоқысқа «көміп» қойғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. Ақпарат құралдары Кентауға қатысты сыннан көз ашпай тұр. Мына жақта «газ жоқ» деген жұртшылық, мына жақта жаураған тұрғындар. Қаланы былай қойғанда ауылдың халқы да «жарық жоқ», «ауыз су жоқ» деген арыз-шағымнан шаршамай-ақ қойды. Жығылғанға жұдырық болғандай, жақында Махажановтың қарамағындағы тағы бір қызметкердің үстінен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мұның соңы әкімге таяқ болып тиюі әбден мүмкін.
Сиыр жылы проблемалардан әбден сансыраған Кентаудың әкіміне барыс жылы да баянды болмайын деп тұр. Жуырда «Хабар 24» телеарнасынан Кентау қаласы Қарнақ ауылдық округіне қарасты Шаштөбе ауылындағы масқара жағдай көрсетілді. Осыдан кейін кентаулықтардың жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатқанына, облыс орталығы, рухани астана Түркістанның іргесінде отырғанына күмәнданып қалғанымыз рас.
Ауылға осыдан бірнеше жыл бұрын ауыз су тартылған. Алайда тіршілік нәрі бір күні болса, бір күні жоқ. Әсіресе, шіліңгір шілдеде жағдай қиын. Амалы таусылған тұрғындар суды арықтан ішеді, бір бөшкесін 5 мың теңгеден сатып алады. Ал, жергілікті шенеуніктер ауыз суды келесі жылдың ортасына дейін шешіп береміз дегеннен әріге аспай отыр.
Ауылдағы жарықтың жағдайы да мәз емес. Ескі трансформатордың күші жетпейді. Жиі-жиі жалп ете қалатын электр қуатына қатысты проблемаға әзірге атқамінерлер түсінік бермей отыр. Сонда бұл халықтың мұң-мұқтажына деген не деген атүсті тірлік. Ал, Кентаудың әкімі Дәурен Махажановтың дымы да кетіп жатқан жоқ сияқты.
Бұл Махажановқа қатысты «минустардың» бір парасы ғана. Наурызда дауылдың салдарынан облыстың бірқатар аудандарында электр бағаналары құлады.
Жылу орталығында электр қуатының болмауынан жылу беру тоқтатылды. Нәтижесінде құбырлар қатып қалды. Мамандар оны қалпына келтіру жұмыстарын бірнеше күн бойы жүргізді. Осы аралықта тұрғындар суық баспаналарында бірнеше күн жылусыз отырды. Қысқасы, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың командасы төтенше жағдайға дайын емес болып шықты. Сол кезде облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев кінәлі қызметкерлердің жауапқа тартылатынын айтқан еді. Алайда кентаулық шенеуніктер бұдан сабақ алмаған болып шықты. Дәл осындай жағдай биыл қарашада тағы қайталанды, тағы да тұрғындар тарапынан өкпе-реніштер айтылды.
Кентаудың соңғы жылдары лас қалаға айналып бара жатқанын, күл-қоқыс тастайтын контейнерлерді әкімдіктің көшеге шығарып тастағанын жуырда облыстық Экология департаментінің басшысы Уәлихан Қайназаров брифингте мәлімдеді. Сол үшін Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынғаны да осы жиында айтылған.
Ал, биыл пайдалануға берілген 600 пәтерлік 10 көпқабатты үйдің мәселесі тіптен сорақы. Шенеуніктер алаулатып-жалаулатып кілтін тапсырған баспаналарда жылу жоқ болып шықты.
Әкімдік жаңа тұрғын үйлерге жылуды газбен жұмыс істейтін автономды пештер арқылы беруді жоспарлаған көрінеді. Алайда былтыр келеді деген «көгілдір отын» әлі іске қосылмаған. Күні кеше біз осы жөнінде тұрғындармен тілдескен болатынбыз. Олардың айтуынша, әкімдік әзірге әр пәтер иесіне екі электр жылытқыш құралын таратып беруден басқа амал таппағанға ұқсайды. Ертең күн күрт суытса, не болары бір Аллаға ғана аян.
Енді міне, коммуналдық мәселеге қатысты айқай-шуы жиі шығатын Кентауда өткен аптада тұрғын үй –коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басшысының үстінен «аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкін талан-таражға салу» бабымен қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Біз осы жөнінде облыстық соттың баспасөз қызметіндегілермен байланысқан едік. Ондағылардың айтуынша және ақпарат құралдарында жариялаған ресми мәліметтерге қарағанда, бөлім басшысы Әлібек Бабаевтың қылмыстық ісі бойынша қазынаға келтірілген шығынның көлемі 58,8 миллион теңгені құрайды. Айыпталушыны қамауда ұстау жөніндегі тергеушінің өтініш хатын сот қанағаттандырмаған. Сот оған 70 миллион теңге кепіл мөлшерін белгілеп берген.
Айыпталушы кепілді қамтамасыз еткен соң, оны бас шарасы үйқамаққа ауыстырылған. Сот Бабаевтың бюджетке келтірілген шығынды төлеп қойғандығын да ескергенге ұқсайды. Әрине, сот үкімі шықпай жатып, болжам жасаудан, пікір білдіруден аулақпыз. Дегенмен, айыпталушының шығынды өтеп қоюы біраз жайтты аңғартады емес пе? Бұл бөлім басшысының өзіне тағылған айыппен келісетінін білдірмей ме?
Егер Ә.Бабаевқа айыптау үкімі шықса, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов тәртіп бойынша отставкіге арыз беруге міндетті. Ол қызметінен босату жөнінде Шөкеевке бұған дейін де бір рет арыз жазған болатын.
Былтыр сол кездегі Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Хасан Муслимов пара алды деген айыппен сотталып кетті. Муслимов содан біраз уақыт бұрын «пара алмаймын» деген челлендж таратып, оның түсірген ролигі әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қызу талқыланған болатын. Қызық болғанда арада бір жыл өтпей жатып Муслимов ауылдағы бір тұрғынның жерге қатысты мәселесіне оң қорытынды беру үшін 4 миллион 150 мың теңге пара сұрап, оның 2 миллион теңгесін алу барысында ұсталды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім күшіне енген соң Дәурен Махажанов отставкіге арыз бергенімен сөгіс жазасымен қызметінде қалдырылған еді. Яғни, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев оған сенім артты, мүмкіндік берді. Алайда Кентаудың әкіміне жасалған кешірімнің, жүктелген сенімнің ақталған түрі осы ма?
Отставкі туралы әңгіме қозғағанда Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевқа тоқталмай кетсек, ұят болатын шығар. Өйткені Есбаев отставкіге арызды жыл сайын жазуды дәстүрге айналдыра бастады. Бірақ, 2019 жылы отставкіге туралы тәртіпке тікелей бастамашы болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан, заң-талаптан, қара халықтан ұят болды деген Келестің әкімін көрмедік.
Былтыр онсыз да қарамағындағы бір ауыл әкімі парамен ұсталып, сол үшін отставкіге арыз беріп, ақыр аяғында «сөгіс» жазасымен қызметінде қалған Есбаев биыл тағы да қызметінен кету жөнінде арыз жазды. Алдыңғыға қарағанда екінші іс қызығырақ.
Бұған дейін де жазғанымыздай, бір жылдан астам уақытқа созылған бұл қылмыстық іс былтыр маусымда орын алған. 2018-2019 жылдары «Электромонтаж» акционерлік қоғамы мен Сарыағаш және Келес аудандары тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің араларында электростанциясын орнату жөнінде жалпы соммасы 7 миллиард 174 миллион теңгені құрайтын келісім шарт жасалады. Сотта куә ретінде жауап берген аталған компанияның Кентау филиалы директорының міндетін атқарушы Н.Әбибуллаевтың берген жауабына қарағанда, ол жұмыс біткен соң Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділхан Кенегесовқа жолығып, актілерге қол қоюды өтінген. Бөлім басшысы құжаттарға кедергісіз қол қойып беру үшін 30 миллион теңге сұраған. Әбибуллаев антикорға арызданады.
Былтыр маусымның 8-і күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері арызданушыға арнайы құралдарды кигізіп, қолына пара ретінде 29 миллион теңге муляж ақша және 1 миллион теңге берген. Сол күні Әбибуллаев Кенегесовпен Сарыағаш қаласында кездеседі. Бөлім басшысы келісілген жерге танысының автокөлігімен келген. Көлік ішіндегі әңгіме барысында ол бір бумаға оралған 29 миллион теңге муляж ақшаны жүргізушінің орындығының астына, ал 1 миллион теңгені жүргізушісінің орындығының артқы қалтасына салуды тапсырады. Әбибуллаев оның айтқандарын мүлтіксіз орындаған...
Сот Кенегесовтің қылмысын дәлелденді деп тауып, «аса ірі көлемде пара алуға оқталды» деген айыппен оны биыл шілдеде 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкімге апелляциялық шағым берілгенімен, қыркүйекте оны облыстық сот өзгеріссіз қалдырды. Үкім күшіне енген соң Есбаевтың облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің атына отставкіге кету туралы арыз жазды. Бірақ ол бұл жолы да қызметінде қалдырылды.
Келестік кадрлардың сыбайлас жемқорлық қылмыстармен елді шулатып жатқаны бұл ғана емес. Былтыр маусымда құзырлы органдар аудандық спорт бөлімінің басшысы М.Омаровтың үстінен қылмыстық іс қозғайды. Мұның соңы өзіне қиын тиетінін түсінген Есбаев дереу бөлім басшысын шақыртып алып, оның келіспейтініне қарамастан қызметтен өз еркімен кету туралы арыз жаздырып алған. Ертеңіне осы арыздың негізінде Омаровты орнынан босатқан. Тіпті оған қатысты істің ақ-қарасы әлі ажыратылмай жатып бөлім басшылығына басқа азаматты тағайындап жіберген.
Қазан айында М.Омаровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылады. Осыдан кейін Омаров өзіне қатысты Есбаевтың шығарған өкімін даулап, аудандық сотқа арыз береді. Бұл іске төрелік айтқан сот Есбаевтың өкімін заңсыз деп тауып, Омаровты қайтадан қызметіне орналастыру туралы шешім шығарған. Ақыр аяғында Есбаев Омаровты қайтадан бұрынғы орнына отырғызуға мәжбүр болған. Ал «жалған арыз беру» және «параға сатып алу» деректері бойынша жауап берген Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевке қатысты істің немен аяқталғаны әзірге белгісіз болып тұр.
Сонда елді шулатып жатқан Кентаудың әкімі Дәурен Махажанов пен Келестің әкімі Ақментай Есбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттің саясатымен санаспайтындай, өзге шенеуніктердің бәріне ортақ талапқа мойынсынбайтындай, Президенттің отставкісін ойыншыққа айналдыратындай әкімдік қызметті сатып алған ба әлде әкесінен мұраға қалған ба? Сіз бұған не дейсіз?
Жәнібек ТАРХАН,
"Рейтинг" газеті, желтоқсан, 2021 ж