Асанбай Асқаровтың ескерткіші ашылды
Қыркүйектің 15-і аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының өркендеуіне қомақты үлесін қосып, өзіндік өшпес ізі мен өлмес қолтаңбасын қалдырған Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың туылған күні. Осы күні А. Асқаров атындағы облыстық қоғамдық қор мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұзақ жылдар бойы Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарын абыроймен басқарған Асанбай Асқаровтың туылғанына 90 жыл толуына орай арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров, А.Асқаров атындағы қоғамдық қордың төрағасы Уалихан Сүлейменұлы, ақын Ханбибі Есенқарақызы, Асанбай ағаның көзін көріп дәмдес, қызметтес болған еңбек ардагерлері, халық қалаулылары мен мәдениет, қоғам қайраткерлері қатысты. Алдымен «Самал» мөлтек ауданындағы №77 орта мектепке жиналған қауым А.Асқаровтың бюстін салтанатты түрде ашып, музейін тамашалады. «Мектеп 2003 жылы ашылып, жергілікті тұрғындардың ұсынысымен А.Асқаровтың аты берілді. Оған арналған мұражай мен ескерткіш ашылса деген арманымыз болды. Көптің қалауы орындалып, 2005 жылы осында мұражай аштық. Бүгін міне, ескерткіші тұрғызылып отыр. Болашақта қала әкімдігінен жер сұрап, үлкен мұражай ашу жоспарда бар»,- дейді мектеп директоры Ілияс Мақаев.
Іс-шара «Дендробақ» саябағында «Асқар таудай Асекең!» атты тақырыпта еске алу кеші мен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда Асанбай ағаның елге жасаған қызметтері, игі істері айтылды. Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде Оңтүстікті өркениет көшіне ілестіріп, иранбаққа айналдырған нар тұлғаның есімі ел аузында зор құрметпен аталып жүр. Оның күл-қоқыс тастайтын жердің барлығына ағаш отырғызып, дендробақ, керемет зообақ, балалар темір жолы, ипподром салдырғанын, жалпы өңірдің мәдениетін, әлеуметін көтергенін жұртышылық әлі күнге дейін тамсана тілге тиек етеді. Өкінішке қарай жақсылықтың қайтарымы әркезде тек жақсылық бола бермейді. Осы уақытқа дейін Оңтүстікті басқарған азаматтардың арасында халықтың қамын ойлағаны үшін екі адам қуғын-сүргінге ұшырапты. Олардың бірі Әбілқайыр Досов, екіншісі Асанбай Асқаров. 1986 жылы елді Колбин басқарған кезде Асекең, төрт жылдан аса қамауда болды. Желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруға қатысы бар, ұлтшыл деген секілді айыптар тағылды. Бірақ Асқаровты жақсы білетін достары, халқы атсалысып, соттың шешімімен ақталып шықты. Оның еске алу кешіне халықтың көп жиналып, лайықты құрмет көрсетіп отырғандығы оның қазақтың дана да дара тұлға екенін дәлелдейді.
«Асекең ерекше жаралған жан еді. Өте білімді, парасатты, адамгершілігі жоғары кісі болатын. Қай істі қолына алмасын, аяғына дейін жеткізіп, бүге-шүгесіне дейін таза орындайтын. Жаламен түремге қамалған соң, онда көп азап тартты. Темір тордың ар жағында отырып, бірнеше кітаптар жазды. Суретті де жақсы салатын»,- дейді Шымкент қаласы Абай ауданындағы Қатынкөпір шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Салыбек Құдияров.
Кеш барысында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлихан Сүлейменұлының «Ақиқат» атты кітабы қонақтарға таралып, А.Асқаровтың құрметіне ас беріліп, құран бағышталды.
Мұрағаттан: 19.09.2012