Шпекбаевтың қай сөзіне сенуге болады?

Oinet.kz 05-02-2021 3971

OINET.KZ - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев  агенттіктің 2020 жылдың қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында алда атқарылатын шаруаларды, жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ұстанымдарды атап өтті. Сонымен антикордың бірінші басшысының сөздеріне құлақ түріп көріңіз.   

Screenshot_6.jpg

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы үш пакеттің жалғасы ретінде жақын арада төртіншісі әзірленетін болады, оның ішінде заңсыз баю үшін жауапкершілікті енгізу, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру, «integrity check» кәсіби сатылмаушылығына тестілеуді енгізу, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірнеше еселенген айыппұлдарды жою,– деді төраға. 

Шпекбаевтың ойынша, түрме адамды түземейді, сондықтан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды да қарастыру керек. Төраға кейбір елдерде жаза ретінде сотталушыны қоғамдық жұмыстарға тартатын тәжірибені тілге тиек етеді. Ұлыбританияда сотталғандарға «қоғамның қарызын қайтару» деген жазуы бар кеудешелерді кигізіп, көше тазалау жұмыстарына тартатынын мысал ретінде келтіреді. «Писхологиялық тұрғыдан бұл тәсіл біршама тиімді әрі қоғам зиянкес қылмыскерлерді танитын болады. Орта және орташа ауыр жемқорлық қылмыстары үшін қоғамдық жұмыстарға тарту қылмыстық заңнамамен реттелгеніне қарамастан, Қазақстанда соттар мұндай жазаны мүлдем тағайындамайды. Менің ойымша, ең алдымен, күшті алдын алу әсері тұрғысынан бұл институтты күшейту қажет», – деді төраға. 

Сондай-ақ Шпекбаев шенеуніктерді мейлінше қарапайым болуға шақырды. «Біз тек шектеу шараларымен шенеуніктердің сән-салтанатқа толы өмірге құмарлығын жоя алмайтынымызды түсінуіміз қажет. Қымбат шипажайларда отбасылық суретке түсу, бренд дүкендерден шоппинг жасау, қымбат көлік міну – бір сәтте әлеуметтік желілерде таралып, халықтың заңды сынына ұшырайды. Дана халқымыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деп бекер айтпаған. Қарапайымдылық пен кішіпейілділік – мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының қалтқысыз қағидасына айналуы тиіс. Бұл ең алдымен, басшы лауазымдағы шенеуніктер мен оның отбасы мүшелеріне қатысты. Біз барлық қоғамды жұмылдыра отырып, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет»,– деді төраға.

Яғни Шпекбаев жемқорларға айыппұл салу жазасынан бас тартпақ. Мұндай бастаманы Шпекбаев былтырдан бастап көтеріп жүр. Ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол тіпті  коррупционерлерге жазаны күшейту қажеттігін мәлім етті. Ал уақтында дәл осы Шпекбаев айыппұл салу жазасының тиімді екендігін айтудан жалықпаған еді.

Нақтырақ айтқарда 2015 жылы КазТАГ-қа берген сұхбатында сол кездегі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаев парақорларға айыппұл салу жазасының өте тиімді екендігін дәлелдеп баққан. Ақыр аяғында осы тәжірибе қолданысқа енді. Мұндай жазаның дұрыс еместігі алғашқы кезден-ақ белгілі болып қалды. Өйткені айыппұл салу сыбайлас жемқорлықпен күрестің прициптеріне қайшы келеді. Бұл сыбайласпен сыбайласудың нағыз өзі емес пе?! Алайда Алик Шпекбаев оны әлемдік тәжірибе ретінде көрсетуден танған жоқ еді. Ал енді бүгін басқаша құбылып отыр. 

Осыдан кейін төрағаның қай сөзіне сенуге болады? Принцип қайда? Шпекбаевтың  енді біреуден жауапкершілік талап етуге құқығы бар ма? 

Ермек Тұрсынов Елбасы туралы фильм түсірген Сатаевты сынға алды
Айқын Қоңыров, депутат: Әр отбасыға 20 сотық жер берілсін!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу