Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Билік дәліздерінің басты тақырыбы – күзде болатын кадрлық өзгерістер. Сарапшылар саяси ахуалды сан рет таразыға салып, түрлі болжамдар жасағанымен, кейде көпшілік күтпеген өзгерістердің орын алатыны рас. Қазақстандық саясат сонысымен де қызық. Бұл заңды да. Түрлі саяси кландардың, қаржылық топтардың мүдделері соқтығысқан сәтте таразы басының қай жаққа ауып түсерін алдын-ала білу мүмкін емес. Бірақ, бұл жолы...
Бұл жолы кадрлық өзгерістер өзіндік сипатқа ие. Бірінші кезекте бұл Аслан Мусиннің фигурасына байланысты.Соңғы жылдарда тым күшейіп алған Президент әкімшілігінің жетекшісі бірқатар маңызды салаларға өзіне тәуелді кадрларды отырғызғанын сарапшылардың аузынан жиі естиміз. Тіпті бірқатар лауазым иелері «Мусиннің креатурасы» деген лақап атқа ие болып үлгерді. Әйткенмен, Бергей Рысқалиевтің төңірегінде болып жатқан даулы мәселе Мусиннің ықпалын шайқалтудың, ыдыратудың басы болуы әбден мүмкін. Базбір сарапшылардың пікірінше, көп ұзамай Аслан Еспұллаұлының өзі де қызметінен кетуі ықтимал. Бұл жағдайда жалғыз мусин емес, соның көлеңкесінде жүрген базбір министрлер мен облыс әкімдерінің де позициялары едәуір әлсірей түсетінін түсіндіріп жатудың өзі артық.
Саясаттанушылардың пікірінше, ауыр салмақтағы саясаткерлердің бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев өз қызметінде қала бермек. Кейбір сарапшылар соңғы уақытта елде белең алған террорлық актілер ҰҚК басшысының ықпалына нұқсан келтіргенін алға тартады. Мұның бір дәлелі ретінде Президенттің күштік құрылымдар тарапына айтқан сыни пікірлері келтіріледі. Дегенмен, Әбіқаев әлсіремек түгілі, бұрынғысынан да күшейетін түрі бар. Заңға енгізілген кейбір өзгерістерден соң Нұртайдың өкілеттілігі едәуір кеңейе түсетін секілді. Қалай болғанда да, дәл қазір «сұр кардиналдың» ұпайы түп-түгел.
Қырымбек Көшербаевтың саяси болашағына қатысты түрлі жорамалдар айтылуда. Қазіргі таңда мемлекет басшысының кеңесшісі қызметіне бекітілген Көшербаевты базбір сарапшылар Президент әкімшілігі жетекшілігі немесе жетекшінің орынбасары қызметіне «жолдап» отыр. Дегенмен, Қырымбек Елеуұлының саяси биографиясында бір «әттеген-ай» бар. Ол – атышулы Жаңаөзен оқиғасы. Мұнайшылардың наразылық акциясы мен одан кейінгі дүрбелең Көшербаевтың Маңғыстаудағы әкімдік қызметімен тұспа-тұс келгені оның ұпайын өсіретін жайт емес. Дегенмен, экс-әкімнің қызметтік карьерасына бұл кедергі болмайтын тәрізді.
Дәл осы Жаңаөзен оқиғасынан соң қанаты уақытша «қырқылған» Тимур Құлыбаевтың бірте-бірте бұрынғы ықпалын қалпына келтіре бастағаны байқалуда. Танымал миллиардер алдағы уақытта қазақстандық бизнес-қауымдастықты өзіне толық қаратуы мүмкін деген болжам бар. Бұл рас болса, Құлыбаевтың саяси ұпайы да «автоматты түрде» арта бастайтыны сөзсіз.
Саяси аренадағы тағы бір белді ойыншы Дариға Назарбаеваға да назар аударған жөн. Жалпы, Парламентке келгелі бері сарапшылар Дариға Нұрсұлтанқызының нағыз саяси амбициясы қандай екенін білгісі келіп, ойын сан-саққа жүгіртті. Бірақ, Дариға - әр қадамын алдын-ала ойластырып, аса сақтықпен жасайтын білгір саясаткер. Сондықтан, оның жоспары қандай екені көпшілікке әзірше белгісіз. Дегенмен, дәл қазір Бақтықожа Ізмұхамбетов атқарған Мәжілістің вице-спикері қызметі бос тұр. Бәлкім, бұл орыннан көп ұзамай Дариға Назарбаеваны да көруіңіз бек мүмкін. Әліптің артын бағалық.
Мұрағаттан, 30.08.2012 ж