Асқар Мырзахметов: «Себептің бәрі жүкті әйелдерге байланысты емес»
«Облыста жылына 60-қа жуық медициналық мекеменің құрылысы жүріп жатыр. Соңғы екі жылда облыстық денсаулық сақтау саласының бюджеті 75 миллиард теңгеге жетті. Мұның 40 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Дәл мұндай жағдай кешегі кеңес одағының кезінде де болған емес. Алайда ол кезде бүгінгідей ана өлімі өршіген емес. Мүмкін, білім саласындағыдай көрсеткіші төмен бас дәрігерлерді орнынан алып тастау қажет шығар. Ана өліміне әртүрлі себептер бар. Бірақ оның бәрін жүкті әйелдердердің өздерімен байланыстыруға болмайды. Ол медициналық қызметтің сапасына да байланысты».
Өткен аптада облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалуына байланысты баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловқа облыс әкімі Асқар Мырзахметов осылай деді.
Рас, 2010 жылға дейін облыста 16 денсаулық сақтау нысаны салынса, 2010-2011 жылдары 134 денсаулық сақтау нысаны іске қосылыпты. Ал, 2012 жылға жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгені құрайтын 59 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Ауруханалар бұған дейін дәрігерлердің түсіне кіріп көрмеген құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Дәрігерлердің біліктілігін көтеру шаралары да қарқынды жүріп жүруде. Ресей, Украина, Белоруссия, Литва, Польша, Түркия, Израильдің мамандарымен байланыс орнатылды, тәжірибе алмасылды.
Бірақ соған қарамастан 2012 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 100 000 тірі туылғандарға шаққанда аналар өлім-жітімінің көрсеткіші - 26,6-ды құрап отыр. Ал, республикалық көрсеткіш қанша? Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан мәліметіне қарағанда, республикада өткен алты айдың қорытындысы бойынша ана өлім-жітімінің көрсеткіші 100 мың тірі туған нәрестеге шаққанда 15,4 көрсеткішті құраған. Республикада ана өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 13 пайызға төмендеп отыр. Ал, оңтүстікте керісінше. Естеріңізде болса, жыл басында денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев: «былтыр облысымызда жыл бойы 13 ана өлімі тіркелсе, биылғы 1 айда 6 ана өлімі тіркелді. Енді алдағы 6-7 ай көлемінде бірде-бір ана өліміне жол бермеуіміз керек» деп еді. Жоқ, ақ халаттылар тағы да жол берді. Оңтүстікте алты айда 13 ана өлімі тіркеліп, жарты жылда-ақ былтырғы көрсеткішті қуып жеткенін республикалық телеарналар жарыса хабарлады. Бұдан кейін денсаулыққа бөлінген қаржының өтеуі қайда дейсің. Оны кімнен сұрайсың?
--Қазір денаулық сақтау саласында қандай проблема бар?—деген облыс басшысының нақты сауалына Ж.Исмаиловтың:
--Емдеу мекемелерінің 38 пайызының жылу жүйесі ескірген,--дегеннен басқа жартымды ұсыныс, не пікір айта алмағанына таңдандық. Рас, облыстық аурухананың бас дәрігері Мұқан Егізбаев орта буынды медицина кадрларын оқытатын медициналық колледждердің көбейіп, онда сапасыз мамандардың даярланып жатқанын, осы мәселені реттеуді облыстық денсаулық сақтау басқармасына беру туралы нақты ұсыныс айта алды.
Мінбеге облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуар Маймақов көтерілгенде одан да жақсы ұсыныс, не пікір күткенбіз. Алайда ол денсаулықты емес әлеуметтік мәселені көбірек күйттеп кетті.
--Сіз өзіңіздің ауруханаңыздағы кадрлардың жұмысына көңіліңіз тола ма?—деп, оған облыс басшысы төтесінен қойды. Ә.Маймақов нақты жауаптан жалтарып кетті.
Жиын соңында облыс басшысы:
--Бас дәрігерлер не айтады. Осында перинаталдық орталықтардың бас дәрігерлері қатысып отыр екен. Олардың айтар пікірі бар ма?—дегенімен, ана денсаулығына жауапты бас дәрігерлердің ешқайсысы суырылып шыға қоймады.
Бұл үнсіздік нені білдіреді? Кеткен кемшілікпен келіскендікті ме?
Мұрағаттан, 30.08.2012 ж