Президенттердің немерелері қайда оқиды?

Oinet.kz 22-03-2019 1625

Screenshot_5.jpg

Жуырда қазақстандық ақпарат құралдары Елбасы Н.Назарбаевтың немересі Алтай Құлыбаевқа қатысты ақпаратты таратты. Миллиардер Тимур Құлыбаев пен Президенттің ортаншы қызы Динараның ұлы Алтай Лондондағы «Кэсс бизнес» мектебін тәмамдады. Біле білсеңіз, бұл факультет әлемдегі ең танымал да беделді оқу орталықтарының бірі болып табылады. Дүниежізілік қаржы орталығы саналатын  Лондон Ситиде орналасқан бұл білім ордасында қаржылық қызметтің қыр-сыры, заңдылықтары мен тәсілдері оқытылады. Студенттер тек оқу құралдары емес, нарықтың ең соңғы жаңалықтарына негізделген деректермен жұмыс істеп үйренеді. Оқытушылардың айтуынша,   Алтай Құлыбаев факультеттегі үздік студенттердің бірі болыпты. Демек, оған қазірден-ақ әке-шешесі сияқты болашақ миллиардер ретінде   назар аударғанымыз жөн. Тимур мен Динара арнайы Лондонға барып, диплом тапсыру марапатына қатысқан. 

Естеріңізде болар, Н.Назарбаевтың үлкен немересі НұрӘлі Әлиев те бизнес бағытты таңдады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген соң ол АҚШ пен Австрияның  жоғары оқу орындарында білім алды. 2004 жылдан бергі уақытта «Қант орталығы», «Хит ТВ», «Нұрбанк» секілді ірі құрылымдардың басшылығында қызмет атқарды. Қазіргі таңда Қазақстан Даму Банкінің атқарушы директоры. Жуырда «Форбс» журналы НұрӘлі Рахатұлының байлығын 200 миллион долларға бағалап, Қазақстанның ең бай азаматтарының тізіміне енгізді. Оның туған інісі Айсұлтан болса кәсіби әскери қызметкер болғанды жөн көріпті. Ұлыбританиядағы Корольдік әскери академияны бітіріп, бүгінде сыртқы әскери барлау қатарында қызмет етіп келеді. 

«Кремльдің балалары»

КСРО-ның тұғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев екі немеренің атасы. Үлкені Ксения Мәскеудегі халықаралық байланыстар институтын тәмамдағанымен, бірнеше жылдан бері модельдік бизнестің қызығын көріп жүр. Әйгілі Кристиан Диордың шақыруымен Парижде өткен дүниежүзілік сән байқауына қатысқан соң түрлі-түсті журналдардың бірінші бетінен түспей жүр. Анастасия болса Ксениядан 7 жас кіші. Ол да сән әлеміне қызығушылық танытуда. 

Ресейдің тұңғыш президенті Ельциннің немересі Борис атасы сияқты іскер емес, керісінше уақытын босқа өткізумен аты шыққан. Англиядағы мектепті бітірген соң  Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтына құжат тапсырады. Көп ұзамай шешімін өзгертіп, Америкадағы Браун университетінің студенті атанды. Дегенмен, кіші Ельциннің оқуға деген зауқы соқпай, көп ұзамай еліне оралады. Мәскеуде әупірімдеп жүріп диплом алды. Борис Ельциннің екінші немересі – Глеб туа бітті Даун ауруына шалдыққан. Алдыңғы жылдарда арнайы мектепте білім алып жүрген. Марқұм президенттің бұдан басқа тағы екі немересі – Маша мен Катя болса қарапайым мамандықтарды таңдады. 

Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің екі қызының да аты Маша мен Катя. Әкесі сияқты, олар да неміс тіліне бейім өседі. Владимир Путиннің қызметтік карьерасына байланысты олардың балалық шағы Германияда өткен. Елге оралған соң  Германия елшілігінің жанындағы арнайы «Петершуле» мектебінде тәлім  алды.  Бірақ, мемлекет басшысының перзенттері көпшілік үшін мүлдем бейтаныс.  Тіпті   олардың түрінің өзі мемлекеттік құпия іспетті. Кремльге жақын ақпарат көздеріне сенсек, Путиннің екі қызы жұрттың назарын аудармасы үшін аты-жөнін ауыстырып, ресейлік университетте білім алған көрінеді. Қазіргі кездегі қызметі жайлы нақты ақпарат жоқ. 

Грузияның  экс-президенті Эдуард Шеварднадзенің қызы Софико Францияда тәлім алған. Бір жылдары Нью-Йоркте жұмыс істепті. Дегенмен, кейінгі өмірін Ресеймен  байланыстырғанды жөн көрді. Қазіргі таңда «Russia Today» телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі. Қазіргі президент Саакашвилидің үлкен ұлы Эдуард Тбилисидегі мектептердің бірінде оқиды. Ал кішкентай Николоз биыл тұңғыш рет мектептің табалдырығын аттамақ. 

Әзірбайжанда президенттік отбасы әрқашан да ерекше маңызға ие болатын. Ильхам Әлиевтің  үлкен қызы Лейла Швейцария мен Ұлыбританияда тәлім алған, кейін Мәскеудегі халықаралық қатынастармен тілдер институтының саясаттану факультетін бітірді. Одан кейінгі Арзу Лондонды таңдады. Президенттің ұлы Гейдар 13 жасына дейін Бакудегі орта мектепте тәлім алған. Сабаққа онымен бірге оққағарлардың отряды да барып келетін. Жуырда Гейдар Лондондағы колледжге түсті. Марқұм Гейдар Әлиев немересін жанындай жақсы көретін, тіпті оның күндердің күні Әзірбайжанның президенті болатынын армандайтын... 

Атышулы Түркіменбашы Сапармұрат Ниязовтың ұлы Мұрад Санкт-Петербургте оқыған. Қазір Венада тұрады. Ол Түркіменияға темекі және алкоголь өнімдерін жеткізетін сауда фирмасының иесі. Мұрад Ниязов элиталық мейрамханалар мен казиноларға жиі бас сұғып тұрады. 

 Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың өзімен аттас немересі бар. Кіші Ислам Кәрімовтың ата-анасы әлдеқашан ажырасып кеткен. Гүлнар Кәрімовамен арасы нашарлап кеткен соң  кәсіпкер Мансур Максуди репрессияға ұшыраудан қорқып, шетел асып кетті.  Президенттің немересі болса қазір Швейцарияның LGB Campus Ecolint атты элиталық мектебінде тәлім алуда. Білетіндердің айтуынша, тым ерке. Әлбетте, оның саясат пен бизнесте мықты карьера жасауына атасы барынша атсалыспақ. 

Америка президенті Барак Обама да екі қызының білімді де жан-жақты болып өскенін қалап, атақты Сидвелл мектебіне тапсырды. Малия Энн мен Наташаның оқуына  Обама жылына 56 мың АҚШ долларын төлейді. Дәл осы мектепте кезінде АҚШ-тың бұрынғы президенттері Рузвельт, Никсон мен Клинтонның перзенттері дәріс алған. 

Кез-келген ата мен апаның немереге  деген ықыласы ерекше. Ал атасы монарх, президент немесе премьер-министр болса ше? Әлбетте, мемлекеттің тізгінін қолына ұстаған азаматтар немерелеріне айрықша қамқорлық көрсететіні сөзсіз. Жалпы, президенттердің ұрпақтарына қатысты кез-келген ақпарат көпшіліктің қызығушылығын туғызатыны рас. Мемлекет басшылары өз перзенттерінің жан-жақты өсуін қалап, оларды әлемнің ең беделді, элиталық оқу орындарына жайғастырады. Нью-Йорк, Лондон, Париж, Женева... бұл қалалардың тізімін жалғастыра беруге болады.  Дұрыс-ақ, қолдан келіп тұрғанда...

Мұрағаттан, 19.08.2012 ж

Әкім Асқар Мырзахметовтың сынына кім шыдайды?
Саяси элитаны күзде не күтіп тұр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу