Ермұрат Бапи «Жыл жекпе-жегі» номинациясының жеңімпазы атанды
Жақында Ютуб желісіндегі "Қызық LIVE" жобасының жаңажылдық "Қызық премия 2020" бағдарламасы өтіп, биылғы жылды қорытындылады. Биыл "Қызық премия 2020" бағдарламасында "Жыл жекпе-жегі" номинациясы бойынша жеңіске танымал журналист Ермұрат Бапи жетті деп xабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді қаузайтын 31 арнаның "Неге?" қоғамдық-саяси ток-шоуына келген қонақтар эфир кезінде бір-біріне бейәдеп сөздер айтып, төбелесе жөнелді. Жалпыұлттық социал демократиялық партия өкілі (ЖСДП) Ермұрат Бапи бағдарлама барысында өзіне қарсы шыққан белсенді Тазабек Сәметбайға су шашып, жағасынан ала түскен. Тіпті, бағдарлама қонағы теуіп жібермекші болғаны байқалады. Бұл видео әлеуметтік желіге тез тарап, резонанс тудырды.
Осы жекпе-жекті "Қызық LIVE" ұжымы үздік деп танып, Ермұрат Бапиге жеңісті берді. Дегенмен журналист концерттік бағдарламаға қатыса алмай, видеоүндеу жіберді.
- "Жыл жекпе-жегі" деген номинацияны маған беру туралы шешім шыққан екен. Әрине бұл мен үшін жаңалық болды. Раxмет айтамын. Негізі жекпе-жек деген дүние саясатта жиі болып тұратын жағдай ғой. Әлеуметтік желіде тараған видеода мен өзімнің оппонентіме өшпенділік жағдай болған жоқ. Бірақ саясат деген пәле күрессіз болмайды. Оның үстіне қоғамдағы ұлттық-мемлекеттік, елдік мүддені сатып кеткен сатқындардың езуін тіліп, бұтын айырып жіберу керек. Егер жыл сайын осындай сыйлық беріп тұратын болсаңыздар мен ұлт мұраты, xалықтың кеткен есіл кеткен есесі үшін жыл сайын төбелесіп тұрған әзірмін, - деді Ермұрат Бапи.
Еске сала кетейік, Ермұрат Бапи уақтысында "ЖСДП" партиясының төрағасы болды. Кейіннен ол төрағалықтан кетті. Ел ішінде "Партияны 200 мың долларға сатты" деген қаңқу сөздер тарады. Дегенмен бұл дәлелденбеген нәрсе. Өзіне осындай айып тағылған Ермұрат Бапи қай кезде болмасын халықтың сөзін сөйлеп келгенін, ешқашан ешқандай ақшаға сатылмайтынын әрқашан айтып келеді. Кешегі эфирдегі төбелестің де себебі осы. Өзіне жағылған күйеге шыдай алмаған Ермұрат Бапи намысын жұдырықпен қорғауға мәжбүр болды.