Сауран ауданын құрудың тиімділігі неде?

Oinet.kz 11-01-2021 1344

Сауран ауданы Түркістан.jpg

Соңғы жылдары Оңтүстікте әкімдер жаңадан аудан құрып, жаңалық ашатын болып жүр. 

Асқар Мырзахметовтың тұсында Шымкентте жаңадан төртінші аудан құрылып, оған Қаратау деген атау берілген еді. Жансейіт Түймебаевты тұсында осыдан жиырма жылға уақыт бұрын іріленген Мақтаарал мен Сарыағаш аудандары  бөлініп, Жетісай мен Келес аудандары қайтадан ірге көтерді. Одан бергі аралықта Оңтүстік Қазақстан облысы тарап, Шымкент республикалық маңызы бар қалалардың көшіне қосылды. Жаңадан Түркістан обысы шаңырақ көтерді. Енді міне, Түркістан облысында жаңадан Сауран ауданы құрылып жатыр. Оған Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округі аумағындағы елді мекендер енгізіледі. Ауданның орталығы Шорнақ елді мекені болмақ.

Жағымды жаңалық көпшілікке жария етілісімен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына арнайы келіп, тұрғындармен жүздесті. Халықпен кездесуде ол Сауран ауданын құрудағы мақсатты түсіндірді. 

«Кентау қаласындағы елдімекендердің дамуына қанша көңіл бөлгенімен, ары қарай дамыту бағыттары мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, Кентау қаласы шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округтің Кентау қаласында орналасуы қала деңгейін аудандық деңгейге көшкенін көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуі, елдімекендердегі инфрақұрылым жүйелерімен аз қамтылуы, қала орталығының ауылдық елдімекендерден шалғайда орналасуы, сондай-ақ, Кентау қаласы өз тарихында полиметалл рудасын өндіретін өнеркәсіптік қала ретінде дамығандығын ескерсек, Кентаудың аудандық орталыққа айналуы іс жүзінде қала дамуының баяулауына және ауылға жеткіліксіз көңіл бөлінуіне әкелуі мүмкін. Жоғарыда айтылған мәселелерді ой елегінен өткізіп, саралай келе, қазіргі қалыптасқан ахуалды назарға ала отырып, мен жаңа ауданды құру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасадым. Менің ұсынысым Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Осы ұсыныстың негізінде жаңадан құрылатын ауданға  «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп «Шорнақ» елдімекенін бекітуді орынды деп санаймын», – деді облыс әкімі. 

 Сауран ауданы келер жылғы Наурыз мерекесі қарсаңында ашылады. Ал, Кентау қаласы  өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дами отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне үлес қоспақ. 

Жалпы, байқасаңыздар, соңғы кездері жүзеге асатын өзгерістер алдымен елдің аузында өсек-аяң ретінде айтылып,  артынша нақты жүзеге асатын болып жүр. Түркістан облысының құрылатыны туралы әңгіме де елдің аузында екі-үш жыл бұрын тараған. Оған біреу сенді, біреу сенген жоқ. Кентауға қарасты елді мекендердің басын қосатын жаңа ауданның құрылатыны туралы мәлімет те  бір-екі ай бұрын бейресми айтыла бастаған еді. Енді міне, ол да  жүзеге асты. Соңғы уақытта Түркістанның Өзбекстанмен шекаралас аудандарынан аграрлық аймақ құру туралы мәселе көтеріліп жүр. Мұны қайбір жылдары Шымкентте өткен жиында «Атамекеннің» басшылары айтқан еді. Аграрлық аймақ жай ғана экономикалық аймақ бола ма әлде әкімшілік аумақ бола ма, ол жағы белгісіз. Бірақ оның да түбінде жүзеге асуы әбден ықтимал. Түркістан облысының шекаралас аудандарынан өз алдына бөлек облыс құру қажеттігін айтушылар да жоқ емес. Осыған қарағанда, әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту, жаңа аудан құру мұнымен бітпеуі әбден мүмкін. 

"Рейтинг" газеті

Ермұрат Бапи «Жыл жекпе-жегі» номинациясының жеңімпазы атанды
Судья сыбайластыққа барса...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу