Судья сыбайластыққа барса...
Судьялар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, оған тағайындалатын жаза қатайтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агентігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов жуырда қаржы мониторингі комитетінің қызметкерлерімен өткізген жиында заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіріп берді.
-Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар заңдылықтың, құқықтық тәртіптің кепілі болуға және сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін неғұрлым қатаң жаза қолданылуы тиіс», - деді жиында О.Бектенов.
Осыны ескере отырып, бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін санкциялар мен құқықтық салдарлар құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін күшейтілді.
Мәселен, Қылмыстық кодекске жаңа түзетулер енгізілгеннен кейін құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның пара алуы (50 айлық есептік көрсеткішке дейін) ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады және ол үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағандар 5 жылға дейін (бұған дейін 2 жыл болған) бас бостандығынан айырылады, ал мұндай қызметке заңсыз қатысқаны үшін 2 жылға дейін (бұрын 1 жыл) бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы тиісінше 8 және 5 жылға дейінгі қатаң жазаға әкеп соғады.
Заңды қатайту судьяларды сыбайластықтан тия ала ма? Әй қайдам?