Жаңа Иқанға газ келеді
Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында халықпен кездесу ұйымдастыруда. Жаңа Иқаннан басталған кездесу аудандағы барлық ауылдық округте жалғасын табатын болады.
Жаңа Иқан ауылдық округіндегі кездесу еркін форматта өтті. Кездесуде аудан әкімі ауыз су мәселесіне тоқталды. Аудан көлеміндегі су құбырлары 2010-2011 жылы жүргізілген. Қазіргі таңда су құбырлары ескіріп, құрылғылары да жиі істен шығатынын айтқан аудан әкімі бұл мәселенің өзекті екенін жеткізді.
«Ауылдағы 900-ден астам абоненттің жартысынан астамына ғана су жетіп отыр. Судың да сұрауы бар. Әр тұрғын суды үнемдеп, өзінен кейінгі үйлерге жетуі үшін жауапкершілікпен қарау керек. Бұл мәселені шешудің бір жолы су есептегіш құралдарын орнату»,- деді аудан әкімі.
Ғани Рысбеков ауылдағы аймақтың жер рельефі су қоймасын салуға өте қолайлы екенін айтты. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1500 га суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз ету үшін Иқан-су өзеніне сиымдылығы 7,277 млн3 (куб) су қоймасын салу қажет. Су қойма орналасатын жерге мемлекеттік актісі алынып, 2018 жылы жобалық сметалық құжаты (ЖСҚ) әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Алайда, 03.10.2018 жылғы №19-0310/18 мемлекеттік сапартаманың мерзімі өтуіне байланысты, Сауран ауданы әкімдігінің тарапынан құжаттарды қайта түзету жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда, елді мекенге газ беру бойынша мердігер мекеме тарапынан бірнеше кемшіліктер анықталып, қайта қалпына келтірілді. Ендігі кезекте Кентау қаласы әкімдігінің теңгеріміндегі Ескі Иқан АГРС-тің метролгиялық аттестациялық сәйкестігінің қаржысын төлеу жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімі жақын уақытта Жаңа Иқан ауылдық округіне табиғи газ берілетінін айтып, халыққа қуанышты хабар жеткізді.