«Арқанкергендегі» қайғылы оқиғаның анық-қанығы тексеріліп жатыр

Oinet.kz 22-03-2019 997

Screenshot_2.jpg

Елбасы өзінің өкімімен 5 маусымды  «Арқанкерген» бекетіндегі шекарашылардың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты ұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Шейіт болғандардың қазасына бүкіл ел күңіренді.  Республиканың барлық облыстарында аза тұту шаралары өтті. Шымкент қалалық әкімдігінің алдына жиылған жұртшылық марқұм болған сарбаздарды еске алды. 

Естіген адамды есеңгіретіп тастаған оқиғаның анық-қанығы әлі де белгісіз. Қолда бар мәліметтер адам сенгісіз. 

--Мен мұны лаңкестік әрекет деп есептеймін. Оқиға ішкі жанжалдан орын алуы мүмкін. Бірақ бұлай деп кесіп айтуға әлі ертерек. Сарбаздарға арналған казарма мен офицерлер үйі өртенді. Шекарашылардың мәйіттері үйінді күлдің астынан табылды. Бейбіт кезде болған мұндай оқиғаны тыңғылықты тексеру қажет,--деді «Арқанкерген» бекетінде болған оқиғаға байланысты шұғыл кеңес өткізген Елбасы.

 Өткен жұмадан сейсенбіге дейін белгілі болған мәліметтердің қорытындысы мынау. «Арқанкерген» шекара бекеті Алматы облысының аумағында, қазақ-қытай шекарасында орналасқан. Осында 14 жауынгер (олардың 3-еуі келісім-шарт негізінде,  қалғандары әскери борышын өтеуге шақырылғандар) және бір офицер (капитан Алтынбек Кереев) шекара күзетінде болған. 30 мамырда осында өртеніп, күлі қалған казармадан 12 шекарашының мәйіті табылған. Кейіннен үйіндінің астынан тағы екі жауынгердің қалдықтары шыққан. Бұдан бөлек оқиға орнына келген тергеушілер казармаға жақын жерде орналасқан аңшылардың үйшігінен қорықшының денесін тапқан. Қорықшының отты қарумен атып өлтірілгені анықталған. Тағы бір шекарашы із-түссіз жоғалған... Марқұм болған жауынгерлердің барлығы Үшарал қаласындағы 2484 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан. Ал қорықшы Р.Ким  бұрын Үшарал әскери бөлімінде қызмет етіпті. Туыстарының айтуынша, 48 жастағы запастағы майор отбасылы болуға және пәтер алуға ақша табу үшін қорықшы қызметіне  орналасқан екен. 

...Оқиға түн мезгілінде болған. Жалынға оранған казарма осыдан елу жыл бұрын ағаштан қиып салынған екен. Өрт кезінде температураның жоғары болғандығы соншалықты тіпті, темірге дейін балқып кеткен. Жаға ұстатарлығы сол, мамандар шекарашылардың тірідей жанып кетуі мүмкін деген болжамын да алға тарты. Сондай-ақ, оларды алдымен атып, одан кейін казарманы өртеген болуы мүмкін деген де болжам бар. Өйткені үйінді ішінен автомат оғының гильзасы табылған.

--Шекарашылардың мәйіттері ұшақпен Астанаға жөнелтілді. Мәйіттерге гендік зерттеу жүргізіліп, марқұмдардың жеке тұлғалары анықталады. Оқиға орнынан шекарашыларға тиесілі 15 автоматтың барлығы табылды. Олар қазір криминалистік сараптамаға жіберілді,--деді  Шекара қызметінің директоры Нұржан Мырзалиев. Мамандар шекарашылардың оқиға кезінде спирттік ішімдіктерді тұтынбағанын да нақтылаған. 

Тергеушілер о бастан-ақ «оқиға ішкі келіспеушіліктен туындаған және оған із-түссіз жоғалған 15-ші шекарашының қатысы болуы мүмкін» деген версияның төңірегінде жұмыс істеген сияқты. Осыған байланысты тікұшақпен жоғалған шекарашыны және бекеттегі 6 сәйгүлікті іздеу шаралары басталды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, тергеушілер тірі қалған шекарашының кім екенін алдын ала білген. 

15-ші шекарашаның тағдыры сейсенбі күні белгілі болды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов журналистерге берген сұхбатында «15-ші шекарашы ұсталды» деді. «Табылды» деген жоқ. 

 --Кеше кешкісін төңіректегі қыстаулардың бірінен 15-ші шекарашы азаматтық киіммен ұсталды. Одан жауап алынды,--деген бас полицей тергеу амалдарының құпиялылығына байланысты мән-жайларды толық айта алмайтынын білдірді. 

--Қазір оның берген жауаптары тексеріліп жатыр. Оны қыстаудан ұстаған. Сол жерден оны іздеп жүрген біздің жасақтарымыз тапты. Тергеу жүріп жатыр. Оның ақыл-есінің дұрыстығын анықтау үшін сараптама тағайындаймыз» деді министр үзіп-жұлып берген мәліметтерінде. 

15-ші шекарашы ұсталғаннан кейін тергеушілер осыған дейін белгілі болған деректерді тағы бір електен өткізетін сияқты. Өйткені министр «Біз қаза тапқандардың санын әлі толық білмейміз, 14-ші мәйіт жөнінде сұрақтар бар. Менің ойымша, оқиға ішкі жанжалдан шықты деген болжам расталады» деді. Ал, «оқиғаға 15-ші шекарашының қаншалықты қатысы бар?» деген сұраққа: «Ол командирдің қаруымен ұсталды. Сол күні кезекші болған, ол осы жөнінде түсінік берді» деді. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, бірнеше күн бойы үңгірді паналап жүрген 15-ші шекарашы  оқиға орнына өз аяғымен келген. 

15-ші шекарашы—19 жастағы Владислав Челах әскерге Қарағанды облысынан аттанған екен. 14 шекарашыны жер жастандырды дегенге оның туыстары сенер емес. Жас сарбаз қарулас достарын адам айтқысыз қатыгездікпен өлтірді дегенге жұртшылық та сенер-сенбесін білмей дал. Бұған себеп болған нендей жәйт?  «Ішкі жанжалдан шыққан болуы мүмкін» деген болжамды сан-саққа жорыған көпшілік оқиғаның себебін «дедовщинамен» байланыстырған еді. Алайда В.Челахтың ата-анасы онымен мүлдем келіспейді. Ол анасына жазған соңғы хатында «Мама! Мен енді шекара бекетінде борышымды өтеп жатырмын. Бұл жерде тамаша. Айналамыздың бәрі тау. Бекетте барлығы жақсы, тыныш. Мен әскери өмірдің қандай екенін енді білдім. Бекетке келгеніме бір апта болды. Алғашқы күні-ақ старшинамен достастым» деп жазыпты. Жауынгер хатында өзін жақсы жағынан көрсетсе, командирлерінің демалысқа жіберетінін, алдағы маусымда Қарағандыға барып қайтуы мүмкін екенін де баяндапты.

Соңғы ақпараттарға қарағанда  В.Челах өзі-өзіне әлі келе алмаған. Болған оқиғаны дұрыстап түсіндіріп бере алатын дәрежеде емес көрінеді. Ал кешегі күні шекара қызметі «Арқанкергенде» әскери міндетін өтеу кезінде шейіт болғандардың аты-жөндері толығымен жариялады. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар тарапынан марқұмдардың отбасыларына материалдық жәрдем беріліп жатыр. 

 Бас прокуратура болған оқиғаның анық-қанығы туралы алдағы уақытта баспасөз мәслихатын өткізетінін мәлімдеді. 

P.S. Кешегі күні мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Арқанкерген» шекара бекетінде орын алған жәйтқа қатысты былай деді: «Оқиға туралы мәліметтер бар және ол өте маңызды. Бірақ, менің ойымша  ол туралы айтуға әлі ертерек. Алдын ала айтарым, бұл жерде сыртқы күштердің араласуы болмаған, бөтен жақтан келген ешкім жоқ. Бұл нақты анықталды».

Мұрағаттан: 07.06.2012

Бірқатар аудандар бірде-бір инвестициялық жоба ұсынбағаны қалай?
Жетісай театрынан шу шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу