Бірқатар аудандар бірде-бір инвестициялық жоба ұсынбағаны қалай?

Oinet.kz 22-03-2019 985

Screenshot_1.jpg

Неге екені белгісіз, әдетте әкімдерден  кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуінен гөрі бюджеттің орындалуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы көбірек сұралады. Әкім жұмысының негізгі көрсеткіші осы. Бәлкім, содан шығар, жаңа бизнес жобаларды дамыту ісі күні кешеге дейін тым баяу жүріп келді. Әсіресе аудандарда. «Жол картасы бизнес 2020» бағдарламасы қолға алынғалы өңірлерде ептеп өзгерістер байқала бастағанымен, әкімдердің басым бөлігі жаңа бизнес жобаларды іске асыруға селқостық танытып, қосымша, асып бара жатқан қажеттілігі жоқ шаруа ретінде қарап келеді. Бұл жуырда обылс әкімдігінде өткен жиында байқалды. 

ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың баяндамасынан ұққанымыз, 2010-2011 жылдарда облыста 31 жоба іске асырылыпты. Дегенмен, облысымыздағы алты ауданда индустрияландыру картасы шеңберінде бірде-бір инвестициялық жоба мүлде жоқ.  Созақ, Бәйдібек, Қазығұрт аудандары мен Кентау қаласында мүлгіген тыныштық.  Халқының саны аздау  бұл аудан, қалаларға түсіністікпен қарауға болатын да шығар.  Ал 300 мыңнан астам тұрғыны бар, кәсіпкерлік деңгейі салыстырмалы түрде жоғары  Мақтарал мен Сарыағаш аудандары былтыр бірде-бір жаңа жоба ұсынбағанын қалай түсінеміз? Әлде бұл да әкімдердің масылдыққа әбден бой үйретіп алғанының белгісі ме? Сарыағашта әкім ауысты, ал Мақтаралда оң тәжірибе енгіздік деп жайшылықта жиі мақтанатын аудан әкімі Серік Тұрбековтің осы қызметті атқарып келе жатқанына екі  жылдың жүзі болды. Тұрбеков бұған дейін анау-мынау емес, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында білдей басқарушы директор қызметін атқарған. Яғни, кәсіпкерлікті қалай жүргізу керектігін, жаңа жобаны жүзеге асыру үшін не істеу қажеттігін бір кісідей-ақ білуі тиіс. Алайда, Секеңнің тындырған шаруасының түрі мынау. Бұл мәселе облыс әкімінің де назарынан тыс қалмады.  Жалпы, индустрияландыру картасы бойынша жүзеге асырылып жатқан  жобалар саны, игерілген қаржы көлемі бойынша Оңтүстік республикада көш бастап тұр екен. Бірақ...

- Бұған тоқмейілсуге болмайды. 124 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар Оңтүстік үшін бұл жеткіліксіз. Картаға бiрде-бiр жоба ұсынбаған аудан, қалалар бар. Осының себебi неде, немесе кiмнiң кiнәсiнен екенiн анықтау керек. Мықтылығыңды көрсеткің келсе жаңа жобаларды жүзеге асыр. Міне, әкімнің жұмысын бағалайтын нағыз көрсеткіш осы, - деп кесіп айтты облыс әкімі Асқар Мырзахметов. 

Жалпы, жаңа бизнес жобаларды дамытуға аудан,қала  басшылары шынында да немқұрайды қарайды. Себебін анықтау қиын емес. Жаңа жобаны соңына дейін жеткізу үшін тынбай жұмыс істеп,  талай мекеме табалдырығын тоздыру керек. Қаражат көзін іздеп,  жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға күш салу қажет. Ол жоба тағы  ойдағыдай іске асса мейлі. Жер жаһанға жар салып басталған талай жобаның соңы сыйырқұйымшақталып кеткенін көріп те жүрміз. «Одан да кәсіпкерлікке бас ауыртпай, тып-тыныш қана мемлекеттің берген ақшасын жаратып жүре бермеймін бе?» деген «арам ой» әкімдер корпусында кең тарағаны жасырын емес. 

Әрине, барлығына бірдей топырақ шаша алмаймыз. Кәсіпкерлікті дамытуға шынайы көңіл бөліп, жақсы нәтижеге қол жеткізгендер де бар. Айталық, 2010-2011 жылдарда бір ғана Сайрам ауданында 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Қайнаған тіршіліктің ішінде жүрген әкім Қайназаровтың іскерлігін атап өткеніміз абзал. Әйтпесе, индустриялық даму деңгейі мен инфрақұрылымы жағынан әлдеқайда жоғары Шымкент қаласында осы кезең ішінде 10 жобаны іске асырылған екен. 

Бизнес жобаларды дамытуға деген көзқарасты өзгерту қажет. Мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін өз деңгейінде пайдалануға күш салу керек. Сапарбек Тұяқбаевтың сөзіне жүгінсек, барлық аудан, қала әкімдіктеріне нақты талап қойылған соң барып тірлік алға жүре бастады. Әр аудан,қала  әкіміне жергілікті экономикаға серпін беретін  кемі бір локомотив жобаның қажеттігі жайлы талап қойылды. Сөйтіп, 2012-2014 жылдарға арналған әуелгі жоспар 22 жоспарды қамтыса, өзектендіру (актуализация) жұмысынан соң олардың саны 48-ге жетті. Жалпы  картаға 79 жоба еніп отыр екен. 

Индустрияландыру картасы мен «Жол картасы бизнес 2020» бағдарламаларының ұсынып отырған мүмкіндіктері мол.   Бірақ, мұны ауылдағы ағайын толық біле бермейді. Бизнестің ең басты қиналып жатқан тұсы – қаржы жетіспеушілігі. Осы қиындықты мемлекет шешіп беруге дайын. 

- Оңтүстік кәсіпкерлерінің ерекшелігі – оларға ақыл үйретудің қажеті жоқ, тек  қаржы мәселесін шешіп берсең болғаны, - дейді С.Тұяқбаев. -  Қалғанын өздері дамытып әкетеді. Қаржы алудың қиындықтары аз емес. Біреудің кепілге қоятын мүлкі жоқ, енді біреулер үшін банктің пайыздық ставкасы тым жоғары. Ақшасы болып тұрып инфрақұрылымның жоқтығына тап болғандар да жетерлік. Осы қиындықтарды шешемін дегенше қаражаттың біразы шығындалады. Міне, осы мәселелердің барлығын бүгінде мемлекет шешіп беруге дайын. Несиенің 7 пайызы субсидия арқылы өтеледі. Кәсіпкердің несие алу үшін кепілдігі жетпей жатса мемлекет 70 пайызға дейін кепілдік беруге дайын. Бұл әсіресе ауылды аймақ үшін өте маңызды. Сонымен қатар  инфрақұрылымды тегін жүргізіп береміз. Ауыл тұрғындары осы мүмкіндіктерді дұрыстап пайдалана алмай отыр. Ең басты қиындық – оларға қажетті ақпарат жетпей жатыр. Бұл енді аудан,қала әкімдерінің ұйымдастыру жұмысына келіп тірелетін мәселе.  

«Жол картасы бизнес 2020» бағдарламасы бойынша  биыл бюджеттен Оңтүстікке  3,96 миллиард теңге қаралғанымен, қазіргі таңда құны 5 миллиард теңгенің жобалары мақұлданып, тағы 5 миллиард теңгенің жобалары қаралуда. С.Тұяқбаев жыл соңына дейін құны кемі 11 миллиард, мүмкіндік болып жатса 15 миллиардқа  жететін жобаларды мақұлдату көзделіп отырғанын айтады. Бұл жоспар ойдағыдай орындалып Оңтүстік экономикасына тың серпін бермек. 

Мұрағаттан: 07.06.2012

Көш соңында қалған Кентауда ел қуанатындай ештеңе жоқ
«Арқанкергендегі» қайғылы оқиғаның анық-қанығы тексеріліп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу