Ел атауын өзгерту ұсынылды
"Кыргыз жолу" қоғамдастығының төрағасы Қадырбек Кошалиев Қырғызстан атауын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Кошалиев Конституцияға ел атауын "Қырғыз Халық Республикасы" деп жазуды ұсынған. Оның айтуынша, негізгі заңның жобасында халық құрылтайы деген түсінік енгізіліп жатқандықтан, тиісінше халық республикасы болуы керек.
"Біз Конституцияға алғаш рет ресми түрде халық құрылтайы институтын енгізіп отырмыз. Халық билігі және мемлекеттік басқару деген түсінік бар. Бүгінде мемлекеттік машина халықты басып алды. Ешбір елде халық билігі жоқ, бізде олигархтардың билігі. Халық ықпал ететін күш керек. Барлық жоғары лауызымды халық құрылтайында бекіту керек. Сонда біз жемқорлықтың минимум деңгейіне жетеміз және шенеуніктердің жауапкершілігі артады", - деді ол.
Қырғызстанда Жогорку Кенештің 80 депутаты Конституцияның жаңа жобасын және референдум өткізу туралы заң қабылдауды ұсынған болатын. Ол 10 қаңтарда өтеді деп көзделген. Конституцияның жобасы Парламенттің ресми сайтында қоғамның талқылауына шығарылған. Бірақ осы жаңа жобаның авторы белгісіз. Сондай-ақ депутаттардың бірқатары бұдан бас тартқанын мәлімдеді. Олар жаңа Конституция жобасын жазбағанын, тіптен көрмегенін, авторы емес екенін айтты. Конституцияның жаңа жобасына қарсы қол жинау да басталған.
Ал Қырғызстан премьер-министрі құзыретін уақытша тоқтатқан Садыр Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтарда, президент сайлауымен бірге, билік жүйесі туралы референдум өткізуді ұсынды. Халық президенттік және парламенттік басқару жүйесінің бірін таңдауы керек.
«Қателеспесем, өткен жылы Жогорку Кенеш депутаты Курманкул Зулушев басқару жүйесін таңдау жөнінде референдум өткізуді ұсынған. Мен депутаттардан осы сұрақты президент сайлауы кезінде ұсынуын сұрар едім», - деді Жапаров.