Адвокат Кемердің көлік апатына ұшырағаны рас па?

Oinet.kz 22-03-2019 1016

Screenshot_1.jpg

«Ойбай, не дейсің, адвокат Кемерге қастандық жасалыпты. Белгісіз біреулер өзін ұрып-соғып, артынан көлігін өртеп кетіпті. Көрер жарығы, татар дәм-тұзы таусылмаған екен, адвокат ажалдан әупірімдеп аман қалыпты». Жұртшылық арасында осындай гу-гу әңгімелердің тарап кеткеніне бір жарым айға жуықтап қалды.  Оның анық-қанығы қайсы? Біз айтылған сөздің ақиқатын білу мақсатында журналисттік зерттеу жүргізіп көрген едік. 

Адвокат Николай Кемерді оқырманға таныстырып жату артық болар. Газетіміздің өткен сандарының бірінде біз экономикалық сотта қаралып жатқан денсаулық сақтау басқармасы мен емдеу мекемелерін медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етететін мердігер-компаниялар арасындағы тендерге қатысты дау-дамайға Николай Кемердің қатысып, денсаулық сақтау басқармасының мүддесін қорғап жатқанын жазған болатынбыз. Бұған дейін небір атышулы сот процестеріне қатысқан, әрі «ставкісі» де жоғары Кемердің денсаулық сақтау басқармасына қатысты бақандай 10 іске азын-аулақ (Кемердің өзі сотта айтқандай, бар-жоғы 20 мың теңге) «гонарармен» жұмыс істеп жатқанына судья Л.Тұрғараеваның өзі де таңданушылық білдірген болатын. Міне, сол танымал адвокаттың бір жарым айдан астам уақыттан бері облыстық клиникалық ауруханада ауыр халде жатқаны рас болып шықты. 

Кемердің қайғылы жағдайға тап болғанын  облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова растап берді.

--Адвокат кемер жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен,--деді ол. Оның айтуынша, Кемер рулге ие бола алмай, көлік апатына ұшыраған.  Ішкі істер органдарының  мамандары көлік апатының жай-жапсарын тексеріп, оқиғада ешқандай қылмыстық белгі жоқ деген қорытындыға келіпті.

Облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Талғат Сафаровпен тілдесіп, әріптесінің жай-күйін сұрағанымызда: 

--Кемер жұртшылыққа танымал, білікті, адвокаттардың арасында абыройы биік азамат. Жеке адвокаттық кеңесесі бар. Онымен тілдесу әзірге дәрігерлер рұқсат етпей отыр. Бірақ хал-жағдайын туған-туыстары арқылы сұрап тұрмыз. Олардың айтуынша, науқас қазір есін жинап, беті бері қарай бастаған,--деді ол. 

Николай  Кемердің жеке адвокаттық кеңесесінде де болғанбыз. Онымен бір кеңседе жұмыс істейтін әріптестері Кемердің қазіргі жағдайы туралы ештеңе білмейтіндігін алға тартты.

 Сенімді ақпарат көздерінен сұрастырып білгеніміз, жол-көлік апаты 4 сәуірде түн мезгілінде, адвокаттың  өзі тұратын үйдің жанында болған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан адвокаттың мінген мәшинесі отқа оранған көрінеді. Кемерді бір Құдай сақтап қалған екен. «Бұл оқиға адвокатқа қастасқандардың әрекеті емес пе екен?» деген күдік-күмәннің тууына да осы жайт себеп болса керек. Қазір Кемер облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. 4 сәуірден бері ес-түссіз жатқан ол жуырда ғана есін жиып,  денсаулығы бірте-бірте жақсара бастаған. Ел-жұртқа біліктілігімен  танылған адвокаттың ертерек сауығып, қатарға қосылып кетуге тілектестігімізді білдіреміз. 

Ал, денсулық сақтау басқармасы мен мердігер-компаниялар арасындағы сот дауы итжығыс түсіп жатыр. Таразы басының қалай ауары әзірге белгісіз.  

Мұрағаттан, 31.05.2012 ж

Ербол Садыр неге қайта-қайта «оптимизация» дей береді?
Сыбайластықтың «көкесі» жер саласында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу