Қазқстанның тұңғыш премьер-министрі Терещенконың тағдыры

Oinet.kz 18-03-2019 1456

Screenshot_5.jpg

Үкіметтің қалай жасақталғаны және  оған кімнің жетекшілік жасайтындығы ел экономикасын өркендетуге ерекше ықпал ететіні белгілі. Санап отырсақ, Кәрім Мәсімов Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі еліміздің жетінші премьер-министрі. Әр Үкімет жетекшісінің кезінде уақыт ағымы мен заман талабына қарай сан алуан жағдайлар қалыптасты. Жаңа міндет, жаңа биіктер тұрды. Барлық премьерлер Елбасының тапсырмасымен, елдің қамымен қарым-қабілетіне байланысты шама-шарқынша тер төккені талассыз. Солардың ішінен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы  мерекесі қарсаңында еліміздің тұңғыш премьер-министрі атанған Сергей Терещенконың кешегісі мен бүгінгісіне көз жүгіртіп көрген едік. 

Сергей Александрұлының кіндігі Ресейдің сонау қиыр шығысындағы  Приморье облысында кесілгенімен Қазақстанға қоныс аударған ата-анасымен  бірге бүлдіршін шағынан бері Түлкібас ауданында біржолата тұрақтап қалғандықтан былайғы жұрттың бәрі оны осы өңірдің түлегі ретінде біледі. Бастауыш сынып оқушыларына  сабақ беріп, күйеуінің құзыры өте зор билігін пайдаланбай, қызметке ұмтылмай қарапайым мұғалім болған анасының бақилыққа аттанғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ал «Победа» колхозының төрағасы тізгінін ұзақ жыл ұстаған әкесі аман-сау, талай жыл ауасын жұтып, дәм-тұзын атқан Амангелді ауылынан бүгінде аудан орталығына көшіп келіпті. 

Сергей Терещенконың өзі 23 жасында Куйбышев колхозының бас инженері, қайран 25 дейтін жалындаған шағында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы биігіне көтерілді. Араға жылдар салып Ленгір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Одан әрі облыстық деңгейде басшылық қызметтердің қызығын көріп жүріп Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, қазіргі тілмен айтсақ бірден бірінші вице-премьерлікке тағайындалып «айды аспанға бір-ақ шығарды». Жоғарғы Кеңес төрағасының бірнші орынбасары орынтағында отыруы да талай адамды ойлантып тастады. 1990 жылдың мамыражай мамырында біздің облысқа бірнші басшы болып оралды, әрі облыстық халық депутаттары кеңесін қоса басқарды.  Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш премьері ретінде тарихта қалу бақыты оған 1991 жылдың қазан айында бұйырды. Екі айдан кейін еліміздің тәуелсіздігі жарияланды. Тәуелсіздік елімізді мүлдем жаңа бағытқа түсірді, енді елдің алдында жаңа міндет, жаңа бағыт, жаңаша жұмыс істеу тәсілі тұрды. Бір жүйеден екінші жүйеге ауысу елге де, Елбасыға да, Үкімет мүшелеріне де ауыр тигені түсінікті. Қазақстан қай бағытқа түсерін білмей, кешегі  Кеңес Одағы шеңберіндегі байланыстардан ажырап, ел де, билік те сансырап қалған кез еді. Содан ба Терещенконың үкіметі қатты сынның астында қалды. Ал Кеңес Одағының тәрбиесін көрген Сергей Александрұлы жұмысты сол қалыптасқан жүйе бойынша жүргізуге жанталасты. Әрине, қазіргі премьерлер дайын креслоға отыра кетіп, бір ізге түскен жұмысты жалғастыра жөнеледі. Сергей Терещенко болса, тәуелсіздіктің ең алғашқы тар жол тайғақ кешу жылдарында бәрін жаңадан бастауына тура келді. Терещенко үш жыл басқарған  үкімет 1994 жылдың қазан айында отставкаға кетті. Жалпы Терещенконың билігі тұсында елді аса бір қуантқан жағдайлардың біріне  тоқталсақ – ұлттық теңгеміз дүниеге келіп тәуелсіз ел екенімізді тұңғыш мәрте сезінгендей болдық. 

Коммунистік партия кезінде «партия «Волгаға» бір рет мінгізді ме, қайтып түсірмейді» деген мәтел кеңінен айтылатын. Сол айтпақшы орден-медалдардан, мақтау-марапаттаулардан кенде емес Терещенко отставкаға кеткенімен Елбасы сенм артатын кадрлардың көш басында қала беріп, саясаттан  қол үзген жоқ. Ол 150-ге жуық алпауыт еншілес кәсіпорындар біріккен «Интеграция» қорын және мемлекет басшысының сайлауалды штабын басқарып, өзі «Атан» деп айтатын «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы, Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Бұдан бөлек банк, сақтандыру компаниясы салаларында басшылық құрамның тізімне кіргені тағы бар. 

 Терещенконы былайғы жұрт «латифундист» деп те атайды. Базбір деректерге сенсек, Терещенконың иелігінде Қостанай, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында  жүздеген мың гектар жері бар.  Оның рас екенін, меншігінде  ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің барын Терещенконың өзі де мойындайды. Бірақ,  Сергей  Александрұлының пікірінше, жердің кімнің меншігінде екені емес, оның қалай пайдаланылып жатқаны маңызды. Терещенко премьерлік қызметті атқарған уақытта елдің аграрлық секторында үлкен өзгерістер орын алып, күрделі реформалар жүргізілгенде қызмет бабын асыра пайдаланғанына қатысты біршама деректер бар. Мәселен, Алматы облысындағы  «Каменский» колхозы тараған соң ауыл тұрғындарының әрқайсысына 10 сотық жер тиесілі болған. Алайда, колхоздың жерлері «Интеграция Достық» ЖШС меншігіне өтіп кеткен екен. Ал бұл фирманың артында Терещенко тұр. «Каменскийдің» тұрғындары осы жайт бойынша сотқа арызданған. Осындай жағдай Қарасай ауданында да тіркеліпті. Сондай-ақ,  сарапшылар Терещенконың есімін Астанадағы «Елисей алаңдары» атты коттедж қалашығы үлескерлеріне тиесілі  миллиардтаған қаражаттың «жоғалып» кетуімен де тығыз байланыстырады.  Алданып қалған үлескерлер Терещенконы «ұры, айлакер» санап, оның жауапкершілікке тартылуын талап етуде. Запастағы полковник, Нина мен Елена есімді екі қыздың әкесі, биыл асқаралы 60 жасын арқа-жарқа атап өткен Сергей Александрұлы  бүгінде «Интеграция» корпорациясы басқармасының төрағасы, сонымен қатар республикалық «Бал-Ара» ұлттық омарташылар одағының президенті.

 Жалпы алғанда тәуелсіз Қазақстанның Үкіметін басқарған жеті премьердің біреуі-Қажыгелдин қазір шетелде. Тағы бірі -- Даниал Ахметовтің қайда жүргенін ешкім білмейді. Терещенко бизнесте жүрсе, Тасмағамбетов пен Тоқаев, Балғымбаев билікте жүр. Арада қанша уақыт өтсе де және олар өз командасымен қандай нәтиже көрсетсе де олардың Үкіметті басқарған жылдары Қазақстан тарихының бір бөлшегіне айналатыны анық. Олар өз мүмкіндіктерін көрсетті.

Тәуелсіз Қазақстанның тәй-тәй басқан алғашқы жылдары қазан айы үлкен саяси өзгерістерге толы болыпты. Қарап отырсақ, сол жылдары Үкімет басшылары  тек қазан айында ғана өзгеріп отырыпты. Ал, соңғы жылдары саяси өзгерістер қаңтар айын қолайлы көрген сықылды. Тасмағамбетов те, Ахметов те қаңтарда қызметтерінен босатылды. Қазір қазан өтті, алда қаңтар айы келеді. 15 қаңтарда сайлау өтіп, артынша жаңа Үкімет жасақталуы тиіс. Демек, бұл жолы да қаңтар айында әдеттегі сценарийге өзгеріс болуы әбден мүмкін. 

Қазақстан Үкіметін кімдер, қай жылдары басқарды?

Әкежан Қажыгелдин. 1994 жыл-1997 жыл. 

Нұрлан Балғымбаев. 1997 жыл-1999 жыл.

Қасымжомарт Тоқаев. 1999 жыл- 2002 жыл. 

Иманғали Тасмағамбетов. 2002 жыл-2003 жыл.

Даниал Ахметов. 2003 жыл-2007 жыл. 

Кәрім Мәсімов. 2007 жыл...

Мұрағаттан, 15.12.2011 ж

ОҚО-дағы тұңғыш аудан, қала әкімдері кімдер?
ОҚО-дағы сайлаудағы сайқымазақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу