ОҚО-дағы сайлаудағы сайқымазақ

Oinet.kz 18-03-2019 1225

Screenshot_10.jpg

Мерзімінен бұрын өтсе де, көптен күткен мәслихат сайлауының дүбірі жақындап, сайлауалды компанияның түңлігі түрілді. Осы аптадан бастап үміткерлерді тіркеу аяқталып, үгіт-насихат шаралары басталды. Облыстық сайлау комиссиясының берген мәліметтеріне қарағанда, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттағына ұсынылған кандидаттардың саны 1099-ді құрайды. Апта басында-ақ олардың 933-і өз кандидатураларын тіркеп үлгерген.

Үміткерлердің жартысынан астамы, дәлірегі 712-сі өзін-өзі ұсынғандар. Ал биліктің партиясы «Нұр Отан» додаға алдын ала таңдау арқылы, яғни, праймеризбен 315 үміткерін үкілеп қосты. Екінші орында «Ақжол»--26 үміткерін ұсынып отыр. «Әділет»--12, Коммунистер—6, «Ауыл»--4, «Руханият»--3 кандидатын сапқа тұрғыза алды. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Патриоттар партиясының атынан сынға түсетіндер табылмады.

Бұл жолғы сайлаудағы бәсекелестік «нұротандықтар» мен өзін-өзі ұсынғандардың арасында өтпек.

 

«Маған да, саған да жоқ»

Әрине, бұл бәскелестік әділ болса. Сайлауда қарсыласты сан соқтырудың, аяғынан шалудың сол баяғы әдісі, сол баяғы тәсілі кеңінен қолданылуда. Бұл жолы да бір округ бойынша додаға түскен үміткерлердің арасында фамилиялас үміткерлер көптеп кездесіп отыр. Осыған қарап сайлауға бір атаның балалары түсіп, өзара таласып жатыр ма деген ой келеді екен. Жоқ олай емес, фамилиялас азаматтардың бір тізімге түсуін де кездесейсоқтық дей алмайсыз.

Қызығы мен шыжығы көп облыстық мәслихатқа түскен кандидаттардың арасында мұндай ұқсастықтардың жиі кездесуі тегін емес.   Нақтырағына тоқталайық.

Облыстық мәслихатқа Шымкент қаласындағы №1 округтен барлығы 7 үміткер тіркелсе, олардың үшеуінің фамилиясы Ақылбек. Біреуі Ақылбеков. Алғашқы Нұрқасым Ақылбек серіктестіктің директоры. Қызметіне қарап, салмағы басым негізгі қарсыластың бірі осы шығар деп түйдік. Ал қалғандары, дәлірегі оның шаужайына жармасқан Ақылбектердің бірі күзетші, бірі жұмыссыз, біреуі облысқа қарасты қалалардың бірінде шығатын газеттің хатшысы екен. Бұл Ақылбектер мұндай қадамға өз ақылдарымен барып отыр ма? Жауабын біздің ішіміз сезіп отыр. Ал Сіз қалай  ойлайсыз, мәртебелі оқырман?  Жарайды, әңгімені әрі қарай жалғастырайық.

 Ақылбектердің барлығы да сайлау комиссиясына өтініштерін үміткерлерді ұсыну аяқталатын 14 желтоқсан күні тапсырған. Міне, қызық. Облыстық мәслихатқа Арыста жүрген азаматты Шымкентке әкеліп, додаға қосудың астарында қандай саясаттың жатқанын өзіңіз іштей бағамдай беріңіз. Мұны тізімде фамилиясы өзге үміткерлерге ұқсамайтын, өз алдына  ерекшеленіп тұрған канидаттың қитұрқылығы, турасын айтқанда ойлап тапқан тәсілі, күні ертең сайлаушыны шатастыру үшін, негізгі қарсыласының даусын бөліп жару үшін жасалынған әрекет демеске амал қанша?! Алайда «саған да жоқ, маған да жоқ» әдіс күні ертең қаншалықты сәтті шығарын білмедік. Белгілі азаматтарға фамилиясы ұқсас қатардағы адамдар қарсылас па, әлде қуыршақ кандидат па? Әрине, депутаттық додаға түсуге әркім де құқылы, таласы бар. Сондықтан оларды қуыршақ кандидат деуге тағы қимаймыз.

 Шымкенттегі №10 округтен түскен «Ернұр» корпарациясының президенті, облыстық мәслихаттың өткен шақырылымындағы депутаты Ерлан Нұрмахановпен бірге әлдебір серіктестікте курьер болып істейтін, 1990 жылы туылған Арнур Нұрмаханов үзеңгі қағыстырмақ. №11 округтен мәслихат депутаттарының арасында да, қарапайым халық арасында да беделі  мықты облыстық аурухананың бас дәрігері Мұқан Егізбаевпен Мақтарал ауданындағы мектеп мұғалімі Серік Егізбаев есімді азамат бақ сынамақ.  Түркістан қаласындағы №17 округтен серіктестік директоры Сабыржан Атаевпен бірге фельдшер, осы жолғы сайлаудағы ең жас кандидаттардың бірі (20 жаста)  Мирзахмет Атаев түседі. Сайрам ауданындағы  №35 сайлау округінен серіктестік директоры Байкен Әшірбаевқа 1987 жылы туған банк қызметкері Диас Әшірбаев деген қарсылас табыла кетіпті. Мұндай жағдай Сарыағаш пен Төлеби аудандарында да кездеседі. Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, іскерлігі, басшылық қарым-қабілеті мақтауға тұрарлық  Амангелді Сопбековке уақытша жұмыссыз Әділ Сопбеков, ал Төлеби ауданында  серіктестік директоры Мұрат Төлтебаевқа механик Серік Төлтебаев қарсылас болмақ.

Тізімдегі үміткерлердің аты-жөндерін оқып отырып, жаңылтпаш айтқандай қайта-қайта жаңыла бердік. Ал, күні ертең дауыс берер кезде сайлаушының да ұқсас фамилиялардан жаңылмасына кім кепіл?  Кандидаттар осылайша жаңылтпаш ойнаудан жарысқа кірісіп кетті. Мұны сайлаудағы сайқымазақ демеске лажымыз қайсы?

85-тегі ақсақал да сайлауға түсіп жатыр

Тіфәә-тіфәә, тіл аузымыз тасқа, Тәуелсіздігімізге тәубе дейік, бұл жолғы додада Тәуелсіздікпен құрдас азаматтар сайлауға түспек. Мұндай азаматтардың саны екеу. Олардың бірі Ботирали  Имамалиев Сайрам аудандық мәслихатына №15 округтен түсуге өзінің кандидатурасын ұсынған. Тәуелсіздікпен түйедей құрдас ол осы желтоқсанда жиырмаға толыпты. Ал кандидаттардың кәриесі 1926 жылы туған Қырғызәлиев Бейсенәлі Сарыағаш аудандық мәслихатына бақ сынамақ. Келес өңірі бойынша білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы бұған дейінгі мәслихаттың да депутаты болған. Жасы биыл 85-ке келген ақсақал тағы құтты орнынан табылып, мәслихатта ұстаздардың мүддесін қозғап отыруға ниет етіпті. Оның бұл ұсынысын «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының мүшелері де құп көріп, қарияның кандидатурасын  партияның праймеризінде көпшілік дауыспен қолдаған.

 

Әкесі облыста, ұлы ауданда бақ сынайды    

Айтқандай, праймериз демекші, үміткерлерді ұсыну аяқталғанша мың құбылған  билік партиясының тізімінен «Нұр Отан» партиясының халықтық бақылау комиссияның төрағасы Шәріпбек Жамалбеков облыстық мәслихатқа, ал кәсіпкер ұлы  Ержігіт Шәріпбеков Сайрам аудандық мәслихатында бақ сынауға жолдама алды. Бұрын «Әке көрген оқ жонар» деуші едік, енді бұл мақалдың да мәні өзгеріп, әкесі депутаттың баласы да депутат болатын заман туды.  Әбілқасым Досболов өткен сайлауда бағы жанып, мәслихат хатшылығына сайланғаны белгілі. Бұл жолы ол тағы да «Нұр Отанның» праймеризінен сәтті өтіп,  облыстық мәслихаттың мандатына таласпақ. Ал қайтадан хатшы болар, болмасы жайлы әрқилы әңгіме өрбіп тұр.  Әкенің салған сара жолымен жүріп келе жатқан кәсіпкер ұлы Айдар Досболов та партияның бекіткен тізімінен орын алып, Сайрам аудандық мәслихатында кезекті рет депутат болуға құлшынып отыр. Облыстық мәслихатқа Түркістан қаласынан түсіп жатқан депутат Рахым Тәңірбергенов те праймеризден сәтті өтіп, мұндай бақыт оның ұлы, колледж директоры Ерқанат Тәңірбергеновтың де маңдайына жазылды. Әкесінің өкшесін басып, бұған дейін де Түркістан қалалық мәслихатының депутаты болған ұл халық қолдап, ел аманат етсе өкілеттігін ары қарай жалғастыра беруден үмітті.  Облыстық мәслхаттың бұрынғы депутаты, «Южполиметалл» АҚ-ның президенті Тұрсынбек Асанбаев облыстық мәслихатқа, ал ұлы, кәсіпорынның виц-президенті Тимур Асамбаев Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына түсу үшін кандидатураларын ұсынды. Иә, рас әкелі-балалар биліктің партиясынан емес, өз-өзін ұсынғандардың қатарынан табылды.

Сайлаудан кейін өмір тоқтап қалатындай жан алып жан беріскен жанталасқа кіріскен жандар мәслихаттың  мандатына өліп-өшіп ұмтылып жатыр. Сайлау өткенге дейін кандидаттардың әлі қандай өнер шығаратынын уақыт көрсете жатар. Құдай ақырын берсін дейік, әйтеуір. 

Жәнібек Тархан

Мұрағаттан, 23.12.2011 ж

Қазқстанның тұңғыш премьер-министрі Терещенконың тағдыры
Жаңаөзен оқиғасы жайлы не білеміз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу