Төңкеріс әлде... Кланаралық текетірес

Oinet.kz 08-10-2020 797

Сайлау нәтижесіне айлап наразылық танытып, шерулер ұйымдастырылып жатқан Белоруссиямен салыстырғанда Қырғызстанда бәрі жылдам. Бір түнде –ақ демонстранттар Ақ үйге басып кірді. Кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті ғимаратын басып алды. Парламент сайлауының әділ өтпегенін айтып, наразылық танытқандардың  талабы да орындалуда. Мысалы, орталық сайлау комиссиясы 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесін жойды. Сарапшылар бұл «жылдамдықты» кланаралық текетіреспен де байланыстырып отыр деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

kyrgyzstan_protesty_05102020_2.jpg

Бішкектің орталық алаңында дүйсенбі күні Парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген халық күні бойы наразылық білдірді. Олар 4 қазанда өткен сайлау нәтижесін жойып, қайта сайлау өткізуді талап етті. Кешкі 21.00-дер шамасында митингке қатысушылар Ақ үйдің оңтүстік қақпасын бұзып кіргені хабарланды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, атыстың дауысы естіліп, милиция арнайы құрылғылармен халықты қуа бастаған. Бастапқыда арнайы жасақ наразыларды "Ала-Тоо" алаңынан және Ақ үй ғимаратынан ығыстырған. Бірақ халық алаңды қайта басып алған.

Ескке сала кетейік, 4 қазанда Қырғызстанда Жогорку Кеңештің VII шақырылымына сайлау өткен болатын. Оған 16 партия қатысты. Олардың тек төртеуі ғана – «Биримдик», «Мекеним Кыргызстан», «Кыргызстан», «Бутун Кыргызстан» партиялары 7 проценттік межеден өтті. Жеңілген партиялар сайлау кезінде әкімшілік ресурстардың көмегімен өрескел заң бұзушылықтардың орын алғанын мәлімдеді. Ал жеңіске жеткен "Биримдик" партиясы қайта сайлауға дайын екенін жеткізді.

"Бутун Кыргызстан" партиясы атынан Жогорку Кеңеш депутаттығына үміткер болған Омурбек Суваналиев соңғы оқиғаларға байланысты елді Қырғызстанның күш құрылымдары үйлестіреді деп мәлімдеді. Ол «Азаттықтың» қырғыз қызметіне берген сұхбатында Қырғызстанның қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметіне қайта кіріскенін, қоғамдағы тәртіпті бақылау үшін шаралар енгізе бастағанын жеткізді. "Қазір президенттің қайда екенін білмеймін. Бірақ қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары ретінде заңды жұмыс жүргізіп, елдегі тәртіп мен қауіпсіздік жағын үйлестіріп жатырмын. Мелис Турганбаев ("Замандаш" партиясы атынан депутаттыққа үміткер болған – ред.) Жазаны орындау мемлекеттік қызметіндегі жұмысына кірісіп кетті. Ал Бішкек коменданты ретінде Курсан Асановқа уақытша сенім арттық", – деді Омурбек Суваналиев. Курсан Асанов пен Омурбек Суваналиев "Бутун Кыргызстан" партиясы атынан сайлауға қатысқан. 2019 жылы Курсан Асанов "милиция мүддесін сатты" деген айыппен ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылып, оған үш бірдей қылмыстық іс қозғалған. 

Сейсенбі күні әлеуметтік желі мен БАҚ-та Бас прокурордың міндетін атқарушы болып Алмамбет Шыкмаматов тағайындалғаны хабарланды. Ол "Бир Бол" партиясы атынан депутаттыққа үміткер болған. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков саяси күштер елдегі "бейбітшілік пен тұрақтылықты" сақтайды деген үмітін жеткізген. Бұл жөнінде оның баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева хабарлады. Оның айтуынша, мемлекет басшысы Бішкекте. 

Қырғызстанның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті ғимаратын басып алған демонстранттар елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты босатып алды. Биыл 23 маусымда Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев қылмыс әлемінің авторитеті Азиз Батукаевты заңсыз бостандыққа шығарды деген айыппен 11 жыл 2 айға сотталған болатын. Бұдан бөлек ол II дәрежелі "Данакер", "Манас" ордені мен "Даңқ" медалінен айырылған. Алайда Қырғызстан саясаттанушысы Эмиль Жороев Атамбаевтың қамаудан шығарып алынғаны күтілген нәрсе екенін айтады. «Оны жақтастары, достары шығарып алды, әлбетте ол заңсыз әрекет. Қалай болғанда оған парламент баға беріп, Атамбаевтың мәселесін сот шешуі тиіс», – дейді Э.Жораев. Сонымен бірге жақтастары Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты босатып алды.  2018 жылы 11 жылға сотталған экс-депутат Садыр Жапаров та демонстранттар көмегімен бостандыққа шықты. Саясаткер бірден алаңға барып, митингке қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол өзін босатқандарға алғысын жеткізді. "Мен үш жарым жыл түрмеде отырдым. Сіздердің арқаңызда бостандыққа шықтым. Біз бір нәрсені еске сақтайық: қырғызбыз ба, орыспыз ба, өзбекпіз бе, бәріміз бір елде тұрып жатырмыз! Бәрін заң аясында шешейік. Қазір тарауымыз керек. Күшпен ештеңе шешпейміз. Бәрібір заңсыз болады", – деді экс-депутат. 

Саясаттанушы Эмиль Жороев Президент Жээнбеков билігін жоғалтқанын мәлімдеді. «Формальді түрде президент болып қалғанымен қолында ешқандай билігі жоқ. Қайда жүргені де белгісіз. Қазір әртүрлі нұсқалар талқыланып жатыр. Бір нұсқаға қарағанда, парламент жиналып, уақытша үкімет құруы мүмкін. Сөйтіп уақытша үкімет сайлау өткізуі керек. Әзірше кім лидер болады деген мәселеге жауап жоқ», дейді Жороев.

Жамбыл облысында базарларда «бардак»
Шымкент әуежайын сату кімге тиімді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу