Келесі премьер кім?

Oinet.kz 07-04-2011 868

151361-preview-image.jpg

Үкіметті 4  жылдан астам  уақыт басқарып келе жатқан Кәрім Мәсімовтің премьерлікті тапсыратын уақыты келіп жеткен сыңайлы. Бірақ бас қатыратын мәселе бұл емес.  Билік эшелонындағыларды  «келесі премьер-министр кім болады?» деген сұрақ күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырғалы қашан. «Бас уәзірліктен» үміткерлердің қатарында Сауат Мыңбаев, Өмірзақ Шөкеев, Ахметжан Есімов, Қайрат Келімбетов, Әсет Исекешев, Иманғали Тасмағанбетов, Әділбек Жақсыбеков секілді саясаткерлердің  есімдері аталып жүр. Сондай-ақ, лауазымды қызметке Қырымбек Көшербаев пен Аслан Мусиннің де тағайындалуы ғажап емес.  Бұлардың  қай-қайсысының да премьерліктен дәмесі де, осы қызметке лайықты тәжірибесі де бар, бірақ пәрмен қалай? Барлығының мүмкіндіктері бірдей деп айта алмаспыз.

Болашақ премьердің төңірегінде қызу пікірталас жүргізіп жатқан сарапшылар Үкімет басшылығынан үміткерлерге қойылатын бірнеше талаптарды айқындап үлгеріпті.  Саясаттанушылардың пікірінше, министрлер кабинетінің жаңа жетекшісі ең әуелі елдің жеделдетілген индустриалды-инновациялық дамуын қалай жүргізу керектігін білуі шарт. Яғни, елдегі экономикалық ахуалды бес  саусағындай білгені жөн.  Екіншіден, Қазақстан Еуразиялық кедендік одақтың мүшесіне айналғандықтан жаңа премьер-министр Ресей және Белоруссия елдерінің президенттері және үкімет жетекшілерімен тіл табыса алатындай деңгейде жұмыс істей алуы  тиіс. Демек, «бас уәзір» кәнігі саясаткер болуы қажет.  Тағы бір мәселе – болашақ премьердің шектен шығатындай саяси амбициялары болмағаны да маңызды. Әлбетте, бұдан басқа да маңызды шарттар жетіп артылады. Ал енді осы талаптарға кім қалай жауап береді? Бұл мәселеге көз жүгіртіп көрелік.

Соңғы кездері Өмірзақ Шөкеевтің ықпалы әлсірегені жайлы аз айтылған жоқ. Базбір ақпарат құралдары қайсыбір кезде бірінші вице-премьердің үйқамақта отырғаны жайлы да ақпарат таратып үлгерді. Біраз уақыттан бері Шөкеевтің белсенділігі біртіндеп артып келе жатқанымен, сарапшылар Өмірзақ Естайұлының премьер-министр қызметіне тағайындалуына аса сеніңкіремейді. Дегенмен, әкімдік жүйеде өзін жақсы қырынан танытып, Үкіметте де іскерлігімен танылған Шөкеевтің «премьерлік креслоға» отыруы ғажап емес.

Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин әжептәуір саяси ықпалға ие болғанымен, премьерлік қызметті атқаратындай экономикада, әсіресе индустрия саласындағы тәжірибесі мен біліктілігі таяз. Кейбір саясаттанушылар «Мусин Сенат спикері болып бұрынғы қызметіне оралуы да мүмкін» деген болжамды алға тартады. 

Әсет Исекешев пен Қырымбек Көшербаевтың да Үкімет жетекшілігіне келе қалатыны  да күмәнді. Ал саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Ахметжан Есімов көп ұзамай Сенат спикерлігіне ауысуы ықтимал.

Бұл жағдайда  премьерліктен үміткерлердің арасында Қайрат Келімбетов, Иманғали Тасмағамбетов және Әділбек Жақсыбековтің мүмкіндіктері жоғары бағаланып отыр. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына басшылық жасап отырған Келімбетов дәл қазір ел экономикасының 40 пайызын  қадағалауда. Экономиканы жетік меңгерген Қайрат Нематұлының пікірімен беделді қаржыгерлер санасады. Сондай-ақ, Келімбетовтің  өз позициясының дұрыстығын дәлелдей алатын қабілеті де жоқ емес. Оның бұған дейін  Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімов және «ҚазМұнайГаз», Қазақстан Темір жолы» және «Самұрық Энерго» секілді алпауыттарды уысында ұстап отырған Тимур Құлыбаевтың пікірімен келіспеушілік танытқаны бір емес, бірнеше рет байқалды. 

Үкіметті басқаруға Әділбек Жақсыбековтың да үміті бар. Өзге үміткерлерге қарағанда қорғаныс министрінің саяси амбициялары аздау. Банк саласының қыр-сырын білетін Жақсыбековтың экономикадан да әжептәуір хабары бар. Бұған дейін  Президент әкімшілігіне жетекшілік еткен Әділбек Рыскелдіұлының саяси тәжірибесі де мол. Сондай-ақ, оның есімі  Даниял Ахметовтың министрлер кабинеті отставкаға кеткен кезде негізгі үміткер ретінде аталып жүргені белгілі.

Соңғы үміткеріміз – Иманғали Тасмағамбетовке қатысты да түрлі жорамалдар туындап тұр. Рас, Тасмағамбетов қай қызметте жүрсе де  билік эшелонындағы ауыр салмақты ойыншылардың бірі болып саналады. Дегенмен, Елбасының таңдауы Иманғали Нұрғалиұлына түсу-түспеуі екіталай. Сарапшылар арасында «Тасмағамбетов Ресейге елшілік қызметке ауысуы мүмкін» деген  де пікір қылаң берді.

Үміткерлердің жағдайы түсінікті, ал  Мәсімов не істемек?  Билік дәліздерінде «Кәрім Қажымқанұлы «Самұрық-Қазынаны» билеп-төстегісі келетінін жасырмайды» деген әңгімелер желдей есіп жүр. Оның себебін түсіну қиын емес. Дәл қазіргі таңда Үкімет басшысы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының ел экономикасына жүргізетін ықпалы шамалас. Миллиардтаған доллар қаражатты уысында ұстауға мүмкіндік беретін «Самұрық-Қазына» қоры  кісі қызығарлықтай-ақ қызмет екені даусыз. Қалай болғанда да, премьерлік креслоға үміткерлер мен сол креслода отырған қазіргі Үкімет басшысының тағдыры жақын арада белгілі болатыны анық.

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Шөкеевтің Президент болуға «шансы» бар
Мәсімов Мырзахметовті құттықтауға келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу