Нұржігітов тірлікті түзей алмады
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жұмысын ширата алмай жатыр. Бердібек Сапарбаевтың кезінде үздіктердің қатарынан көрініп, президенттен, Үкімет басшысынан мақтау еститін Әулиеата өңірі бұл жолы соңғы үштіктен көрінді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов осы аптада Инвестициялық штаб отырысын өткізді, онда негізгі капиталға инвестициялар (НКИ) және тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тарту барысы қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында НКИ-дың жалпы көлемі 3,8 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық. Бұл орайда тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларының көрсеткіштері жоғары.
Қаңтар-сәуір айларында жалпы республикалық нысаналы индикаторға қол жеткізілді. 20 өңірдің 12-сі жоспарларын орындады немесе асыра орындады. Олардың қатарында Түркістан (148%), Қызылорда (137%), Қарағанды (122%), Маңғыстау (122%) және Ақмола (116%) облыстары бар. Орталық мемлекеттік органдар арасында Денсаулық сақтау (167%), Оқу-ағарту (153%), Ғылым және жоғары білім (152%), Сауда және интеграция (143%), Ауыл шаруашылығы (116%), Экология және табиғи ресурстар (108%) министрліктері белгіленген көрсеткіштерді асыра орындады.
Премьер-министр 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені НКИ бойынша көрсеткіштерді қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңірдің нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын атап өтті. Аутсайдерлер – Ұлытау (52%), Абай (64%) және Жамбыл (65%) облыстары.
«Ұлытау және Жамбыл облыстары өткен жылы да жоспарды орындамаған. Аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде берген болатын. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы орындарда қалып отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Байқағандырыңыздай, Нұржан Нұржігітов кері кеткен тірлікті түзей алмаған. Мұның ақыры неге алып барар екен?