Клебановқа күдік күшейді

Oinet.kz 31-05-2023 625

2010 жылы елордада басталған ЖЭО-3-тің құрылысы әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта әкімдік құрылыс құнын тағы да арттыру мәселесін қарастыруда. Бұл мәселе «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің алаңында талқыланды. Бұл туралы аталған партиияның ресми сайты хабарлады.

Screenshot_4.jpg

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жылу электр орталығын салуға алдымен 86 млрд теңге жұмсалғанын, содан кейін бұл сомма 120 млрд теңгеге дейін өскенін, ал қазір Астана қаласының әкімдігі құрылыс құнын 170 млрд теңгеге дейін арттыру мәселесін қарастырып жатқанын еске салды.

«Игерілген қаржы бар, жылу электр орталығы жоқ. Құрылыстың бас мердігері – «Центрказэнергомонтаж» АҚ. Ал құрылыстың жобасын жасап, жабдықтармен қамтамассыз етумен «ЦАТЭК» АҚ-мен үлестес компаниялар айналысып жатыр. Сарапшылар бұл компаниялардың барлығы олигарх Александр Клебановқа тиесілі деген пікір айтады. Мердігер нысанды жаздың соңына дейін аяқтауға уәде беріпті. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұл мүмкін емес, өйткені олар бюджеттен қосымша қаражат сұрап отыр. Егер нысан уақытында салынбаса, елордада жылу энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін», - деді халық қалаулысы.

Ерлан Саиров ЖЭО-3-ке арналған жабдықтар құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңінде сатып алынғанын және осы уақыт аралығында ол мүлдем істен шығып, тұтынбай жатып тозығы жеткен болуы мүмкін екенін айтты.

«Аталған фактілер бойынша біздің Кеңестің атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдап, ЖЭО-3-ті салып жатқан мердігерлер және Астана қаласының құзырлы органның жұмыстарын  жіті тексеруді талап ету керек. Егер әкімдік қызметкерлері, мердігерлер халықтың қаржысын талан-таражға салғаны анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Александр Клебановтың өзі мемлекеттің қаржысын заңсыз шетелге шығару, бюджет қаржысын жымқыру күдігі бойынша жіті тексерілуі керек!», - деп атап өтті Кеңес төрағасы.

Жақын арада партиялықтар арнайы ЖЭО-3 құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын бақылауға ниетті.

Мұның алдында «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы, сыбайлас жемқоролық жасады деген айыптармен түрмеде отырып шыққан  Мұхтар Жәкішев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында «Буденовское» уран кен орнын сатуға қазақстандық кәсіпкер Александр Клебанов пен бұрынғы қазақстандық, қазіргі ресейлік олигарх Василий Анисимов тікелей қатысы болуы мүмкін екенін айтқан еді.

«Қазақстандықтарға бұл келісімнен не пайда? Ешқандай. Қазақстан бұл кен орнын сатқан жоқ. Оны ресейлік олигарх Анисимов біздің кәсіпкер Клебановпен бірігіп сатты. Ақша Қазақстанға емес, «Қазатомөнеркәсіпке» емес, іс жүзінде олардың қалтасына түсті», – деген еді Жәкішев.

Ulysmedia.kz порталының хабарлауынша, Қазақстандағы ең ірі «Буденовское» уран кенішінің 49% үлесін Ресейге сатылуы қоғамда үлкен резонанс туғызған. Мәміле 1,5 миллиард долларға бағаланған. Ресейлік «Росатом» компаниясы кеніштің жаңа иесі атанды. 

Журналистер осы аптада аталғ,ан келісім жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа сұрақ қойды. Жамаубаев нақты кеніштің атын да, Мұхтар Жәкішевтің де атын атағысы келмеген

«Соңғы сұхбаттардан алған ақпаратты айтып отырсыздар ғой!? Жүргізілген мәміле бойынша. Ол жерден республикалық бюджетке қаражат түсті. Атап айтқанда, 150 млрд теңге», - деді ол.

«Егер қандай да бір жеке тұлға екінші тұлғамен мәміле жасап жатса – ол екінші мәселе. Бұл жалғыз объект емес қой. Қазір жалпы әлемдегі тәжірибені алып қарасаңыз, жеке компаниялар осындай кен орындарын байытып дамытады. Өйткені біздің республикалық бюджетте ондай мүмкіндік жоқ. Бірақ дегенмен барлық ірі стратегиялық нысандарда Қазақстанның үлесі қомақты. Біздің негізгі мақсатымыз – барлық стратегиялық нысандарды біздің үлесіміз жоғары болуы керек және біз бақылау жүргізуіміз керек. Негізгі мәселе осында. Ал қалғаны жеке кәсіпкерлер, компаниялар, кәсіпкерлер келіп, жұмыс орындарын ашып, салық төлесе, онда біз оны құптаймыз. Бірақ ұлттық қауіпсіздік бізде әрдайым қамтамасыз етілуі керек», - деді вице-премьер.

Айта кетері, Александр Клебановтың аты-жөні биыл қыста Екібастұздағы жылу орталығында болған апаттан кейін жиі атала бастады. Олигарх аталған орталықтың қожайыны саналады. Forbes Kazakhstan басылымының тұжырымы бойынша Александр Клебановтың биылғы дәулеті 398 миллион долларды құрап, ол елдегі ең бай деген елу бизнесменнің тізімінде 20-сыншы орын алған.   

Нұржігітов тірлікті түзей алмады
Қайрат Сатыбалдының 464 млрд теңгені құрайтын дүниесі мемлекетке қайтарылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу