Директорлық креслоның «құны» 20 мың доллар ма?

Oinet.kz 13-01-2011 915

_EtvSHpGO7zSF.jpg

«Жаңа өмір бастаймын» дейді жаңажылдық демалыстардан кейін басы ауырып тұрған бір танысым. Бұған дейінгі 40 жылды, (балабақшаны қоспағанда), «сызып» тастап, бұл жалғандағы тіршілігін тыңнан бастамақ қой. «Әр кәллада бір қиял», мардымсыз жалақыға отбасын асырап келген мұғалім ендігі «жаңа өмірінде» бизнесмен болмақ. Он бірінші жылдан бастап. Желетке-жейде тігетіндердің рыногына еніп, тіпті, бәсекелестікке қабілеттілерін жолда қалдырамын деп «жұлқынып» отыр. Мұның өнімінің басты ерекшелігі -  әскерилер мақтайтын әлгі «бронежилеттен» де мықты, әрі жеңіл болады екен. Жейденің кеудесіне де, жон арқасына да «ұсталмаған ұры емес» деп жазып қоймақ. «Бұл киімді киген адам алдынан қарасаңыз да, артынан қарасаңыз да адал болып есептеледі» дейді ғой, болашақ бизнесмен. Несі бар, бәрі мүмкін. Мұндай жейдеге немесе желеткіге сұраныс көптеп туындауы да ғажап емес қой. Олай дейтініміз...

Көп адам «жаңа өмірін» бастаған жаңа жылдың алдында облыс аумағында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Дұрыс. Сүйінші сұрайтындай себеп. Бірақ, біреулер «сүйіншілеп» жүргенде екінші біреулер пайдалануға берілген жаңа мектепке директор болу үшін әлдекімнің 20 мың долларды жоғары жақтағы әлдекімге бергенін жыр етіп айтып жатты. Осы жұрт та қызық, біреудің ақшасын санап несі бар, онымен тұрмай пара бергеннің бәрі директор бола бере ме екен? Мұны парақорлыққа жаны қас сіз айтасыз. Ал, мектептің маңайындағылар сезеді ол әңгіменің кімдерге қатысты айтылғанын. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Дегенмен, жеме-жемге келгенде атын атап, түсін түстеп айтатын адам таппайсыз. Күбір көп, сыбыр да аз емес. Оқиғаның болғанын білетіндер, дәлелі жоқтықтан айта алмайтындар жетерлік. Мүмкін ондай парақорлық болмаған да шығар. Әлгіндей әңгіме айтып жүргендер жаңа мектептің жаңа директоры 20 мың долларды санап тұрып, жоғарыдағы біреуге бергенін көрген жоқ қой. Ол «бердім», анау «алдым» деген де жоқ. «20 мың доллар бердім» деп жынданды дейсіз бе, өйтсе көреалмаушылар «соншама ақшаны қалай тапты» деп күндей бастамай ма? Екіншісі «20 мың доллар алдым» десе қарыз сұрап келушілерден құтыла алмас. Бергені директор болды. Алған адам да өзгелермен бөлісе тұрмысын түзеп алған болар. Сөйтіп, «құда да тыныш, құдағи да уайымсыз» мектеп білім беру бағдарламасына сәйкес жұмыс істеп жатыр. Міне әлгі екеуі жоғарыда айтқан болашақ бизнесменнің тұтынушысы бола алады. 

   Айтпақшы, әлгі Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC) акционері Александр МАШКЕВИЧ ше? Иә,иә, дәл соның өзі...Бұл бизнесмен бар байлығын еңбегімен тауып келе жатыр. Бір нәрсені ұрлады немесе заңсыз пайдаланды деп айта алмайсыз. Айтқандар дәлелдеп көрсін. «Ұсталмаған ұры емес». Жуырда «The Marker» деген экономикалық басылым Қазақстан және Израиль азаматы А.Машкевичтің 31 млн. долларға (110 млн. шекель) Тель-Авивтегі Ха-Яркон көшесінен 21 қабатты үй сатып алғанын хабарлады. Енді ол Ресей олигархы Валерий Коганмен көрші болмақ. Израилдік «IzRus» интернет-порталы ресейлік олигархтың тура осындай бағаға, яғни 110 млн. шекельге 2009 жылы үй сатып алғанын жазады. Бизнесмен дегендер осылардай болады. Жұмыс істейді, тер төгеді, ұрламайды, заң бұзбайды, сөйтіп көпқабатты пентхаус сатып алады. Дұрыс қой енді, басқалар осылайша байып жатқанда менің танысымның да күреп табыс табуға талпынғанын қуана құптадым.

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Жеке журналисті жазалау үшін тұтас газетті жауып тастады
Өлген адаммен некелестірген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу