Уәлихан Бишімбаев: «Сұрап алған қаржыны игере алмайтындарға қарның ашады»
Уәлихан Бишімбаев, №48 сайлау округінен сайланған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:
-Елдің сенімін арқалап екі рет сайлауда Түлкібас ауданынан облыстық мәслихаттың мандатына ие болдыңыз? Әңгімені сайлаушыларыңызбен байланысыңыздан бастасақ.
- Сайлаушыларымның талап--тілегіне ескере отырып депутаттық сауал жолдап жүрсем олардың көпшілігінде ауыз су, табиғи газ, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелері мен ауыл аралық жолдарды жөндеу мәселесіне жіті көңіл бөлуді күн тәртібіне қойдым. Соның арқасында Түлкібас ауданының мұқтаждығы үшін облыстық бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алғашқы төрт жылдың ішінде ауданда үш мектеп салынып, осынша елді-мекенге ауыз су құбыры тартылды. Осы жерде айта кетейін, Балықты, Жаскешу ауыл округтеріне республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға таза су құбыры тартылса, Састөбе елді-мекені үшін бөлінген қаражат уақтылы игерілмегендіктен кері қайтарылды. Бұл жергілікті әкімдік пен облыстық құрылыс басқармасының жауапсыздығы салдарынан орын алды. Бұған «Нұр Отан» партиясының жергілікті өкілдері де салғырттықпен қараған. Уысқа әрең түсірген олжадан оп-оңай-ақ айырылып қалу өзекті өртейтін жайт. Бірақ, уыстан шығып кетті деп қарап жатуға тағы болмайды. Ол қаржыны келесі жылдың бюджетіне енгізу мақсатында бірнеше рет депутаттық сауал жолдауға тура келді. Өйткені, Састөбе сайлау округіне қарасты 34 елді-мекеннің 12-сі қазіргі уақытқа дейін ашық бұлақтардан су ішіп отырғаны мені қатты алаңдатады. Осы ауылдардағы су құбырларын күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 141 миллион теңге бөлінуіне ықпал еттім.
- Жаңа өз сөзіңізде білім беру мекемелеріне қатысты да әңгіме айтып қалдыңыз.
- Иә, мектеп салдыру мақсатында да көп тер төгуге тура келді. Арыс ауылдық округі Мақталы, Ұрбұлақ, Келтемашат ауылдарындағы мектептердің құрылысын салу туралы облыс әкімінің атына бірнеше дүркін сауал жолдадым. Соның нәтижесінде облыстық «Төтенше жағдайлар» жөніндегі комиссия аталған ауылдардағы білім ұяларын тексеріп көріп, олардың техникалық жағдайы балалардың білім алуына қауіпті екені анықталды. Мақталы ауылындағы мектеп құрылысына қаражат бөлдіру мүмкіндігі бар. Ал Ұрбұлақ ауылындағы мектептің құрылысы 2007 жылы басталғанымен мердігер компанияның қаржыны толық игермеуінен қаржы республикалық бюджетке кері қайтарылды. Тендер екінші рет келесі жылы өтіп, оқушылардың пайдалануына кешігіп ұсынылды. Жіберілген олқылықтарға байланысты тиісті лауазым иелері әлі де болса жауапкершілікке тартылуы тиіс деп ойлаймын.
Жалпы алғанда әр жылдағы жұмысыма жеке-жеке тоқталуыма да болады. Ол туралы сайлаушылармен кездесуде айтылып жүр.
- Ауданның әлеуметтік экономикалық ахуалын жақсарту мақсатында депутат ретінде тікелей өзіңіздің ұсынысыңыз бар ма?
- Ауданның өндіріс саласын дамыту бағытында өзім басқарып отырған М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеттегі ғалымдардың Түлкібас кен орындарының табиғи пигменттері негізінде минералдық бояулар шығару жөніндегі шағын цехтар құру жөніндегі жобаларын жүзеге асыруды ұсынғанмын. Ал аграрлық өндірісті дамыту бойынша арнайы мамандандырылған сүт және ет өндіретін кешендерді құруға және өркендетуге, мал тұқымдарын асылдандыру мен жылыжай шаруашылығын дамытуға атсалысу жоспарымда бар.
Сіз не дейсіз?
Ғалымжан Нұржанов, Ш.Уалиханов атындағы мектеп директоры:
- Жаңадан салынған мектебіміздің салынуына депутатымыз Уалихан Қозыкеұлының көмегі көп тиді. Негізі 1999 жылы басталған мектеп құрылысы қайта-қайта тоқтап қала берді. Оның қайта жүруіне депутатымыз жақсы атсалысты. Мектеп құрылысының қалай жүріп жатқанын ауыл адамдары болып өзіміз қадағаладық. Қандай да бір кемшілігін байқасақ, бірден депутатымыздың назарына салып отырдық. Ол кісі де мүмкіндігін қалт жібермей, қатты қадағалауға алды. Соның арқасында 2009 жылдың желтоқсан айында оқушылар жаңа мектептің табалдырығын аттады.
Ескі мектептің негізі 1946 жылы тау тастарынан қаланған болатын. Сол себепті де қыста ешқашан жылымайтын. Қазір жылы, таза бөлмеде, жаңа партада отырып оқитын болды. Мектеп жанынан 25 бүлдіршінге арналған шағын орталық та ашылды. Оған да депутат демеушілік жасап, түрлі ойыншықтар тарту етті. Ал мердігерлер тарапынан бүлдіршіндер жататын 24 төсек-орын берілді. Бұған да депутатымыздың араласуының арқасында қол жеткіздік. Бұл балабақшасы жоқ ауылымыз үшін өте тиімді болды. Мектеп пайдалануға берілгенде Уалихан Қозыкеұлы мектеп ұжымына демеуші ретінде екі компьютер мен ксерокөшірме аппаратын сыйға тартты. Дәліз бен бөлмелерді безендіру ісіне дейін көмектесті.
Келтемашат, Жиынбай елді-мекендерінде ауыз су болмаған еді. Сол суға да ол кісі қомақты үлес қосып, 2009 жылы ауылға таза су келді. Қазір мектептегі қай сыныпқа кірсеңіз де таза ауыз су келіп тұр. Спорт залдың душына дейін істеп тұр. Онда оқушылар жылы сумен шайына алады. Еден жуушылар да күн суықта жылы суды пайдаланады. Ал бұрын халық ауыз судың өзін ашық су көздерінен пайдаланып келген-ді.
Тағы бір айта кететін жайт, Уалихан Қозыкеұлы жыл сайын тамыз айында тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленетін 10 оқушыға демеушілік жасап, киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етіп береді.
Әбдірәлі Махаев, Рысқұл ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Біздің ауылдағы ауыз судың машақаты таусылған емес. Әйтеуір амалдап ішіп келеміз. Пәленбай жыл бұрын тасталған құбырлар да шіри бастаған. Қалталы азаматтарға айтып жүріп, жамаумен болдық. Бір күні ауылға Уалихан келді. «Қашанғы қалталыларға жалынамыз, ауыз су мәселесін шешу үшін әкімдерге айтсаңшы», - дедім. Соның араласуының арқасында ақша бөлініп, 1,5 шақырым құбыр жаңасына ауыстырылды. Бір көшеге су бармайтын еді, оны да Уалихан бір кәсіпкерлерге айтып, мәселені шешіп берді. Мұнан басқа тағы 1,5 шақырым жерге құбыр тартып беруге жәрдемдесті. Бастаудың басынан тікелей мектепке су тартқызып берді. Жүдә рахметімізді айтамыз, Уалиханға.
Осыдан 2-3 жыл бұрын ауылға газ жүретін болды. 2009 жылы бір компания Келтемашат ауылына ШРП орнатып қойды. Бері қарай не қыламыз деп сұрасақ, ақша жоқ өздеріңіз тартасыздар дейді. Есептеп көрсек, екі ауылдың арасы 10 шақырымға жуық екен. Сонда осынша аралыққа құбыр сатып алып, газды өз қаражатымызбен тартуымыз керек екен. Ауыл азаматтары үшін мұны істеу мүмкін емес. Ақша шығармасаңыздар 10 жыл болса да тұра береді дейді «райгаздың» бастығы. Жан-жаққа арыздандым, барлығы ақша жоқ дегенді айтады. Сосын Уалиханға бардым, ол кісі «көке сараптамаларыңыз жоқ қой» деді. Оны аудан өткізуі тиіс екен. Сол баяғы «ақша жоқ». Уалиханның ықпалымен 238 мың теңге ақша бөлініп, сараптама өткізіпті. Содан кейін ғана екі ауылдың табиғи газы үшін 267 миллион теңге ақша бөлінді. Қазір газ жүргізілуде. Бұған тікелей Уалиханның көмегі тиді деп айта аламын. Тағы бір келгенінде Уалиханға бейіттің қоршауы тозып кеткенін айттым. Біреудің малы кіреді, тағысын тағылар болып жатады. Сөзге келген жоқ, өтінішімді орындап берді. Қазір бүкіл ауыл рахметін айтып отыр. Түлкібас ауданынан 21 баланы өзі басқаратын оқу орнында тегін оқытып жатқанының өзі не тұрады.
Сабыр Төлеев, Үрбұлақ ауылының тұрғыны:
- Өзім 40 жыл мектепте жұмыс істегенмін, қазір зейнеткермін. Уакеңнің арқасында ауылымызда 360 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Жанында 25 балалық шағын орталық та ашылды. Ескі мектеп 1953 жылы салынған болатын. Қабырғалары лайдан қаланған еді. Жаңа білім ұясына қол жеткізе алмай жүргенімізге қаншама жыл болды. Құрылыс басталған секілді болады да тоқтап қала берді, тоқтап қала берді. Кейін қосымша ғимарат салып беретін болды. Амал жоқ осыған келісіп отырған болатынбыз. Уалихан Қозыкеұлының бастамасымен типтік мектеп тұрғызуға бел будық. Сол арманымыз орындалды.
Шадияр Мекенбайұлы, 2010 ж