Президент Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдеріне халықпен жиі кездесуді тапсырды
«Ақорда» резиденциясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кеңес басталды. Жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысты деп хабарлайды Президенттік баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Фейсбук парақшасында.
Ақордадағы кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған әлеуметтік тұрғыдан әділетті ел құру бағытын жалғастыруды міндеттеді. Соның ішінде Президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешудің маңызды екенін атап өтті.
Ақордадағы кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік органдар тарапынан коммуникацияның заманауи арналарын пайдалана отырып, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді. Президент өңір әкімдерінің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екенін де айтты.