Бакиевтің Шымкенттегі бизнесі

Oinet.kz 29-04-2010 875

Screenshot_11.png

Облыстағы құзырлы органдар оның қаншалықты заңдылығын  анықтаудың ,орнына қорғап, қолдап отыр. 

Осы апта басында Қырғызстанның уақытша үкіметі елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің барлық өкілеттігін тоқтатты. Бел асып, Беларусь еліне кеткен Бакиев билікке қайта орала алмасына көзі анық жетті ғой деймін, соңғы күндері оның белсенділігі төмендей бастады. Минскіде өткізген баспасөз мәслихатында отставкіге кету туралы арызын мәжбүрлікпен жазғанын жария еткен қырғыздың экс-президенті соңғы мәрте тұяқ серпігендей тып-тыныш жатып алды. Әрине, әлем назары осы айыр қалпақты ағайындарда болғанымен қазір қырғыз дүмпуі туралы ақпараттардың екпіні басылып қалғаны рас. Бірақ мақаламыздың тақырыбын оқыған оқырман қауым «Ойпырмай, Бакиевтің Шымкентте қандай бизнесі бар екен, жергілікті құқық қорғау органдары оны неге қорғап отыр?» деп айран-асыр болатыны анық. Иә, Бакиев мырза Шымкент қаласынан ойып тұрып жер алыпты. Өткен жылдың 21-тамызында Шымкент қаласы әкімдігінің № 1222 қаулысымен Бакиевке Ынтымақ шағын ауданы, әуежай аумағының 1,228 га жер телімі ауыл шаруашылық мақсатында пайдалану үшін 5 жылға уақытша пайдалану құқығымен берілген. 24-тамызда Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімі мен Бакиев арасында жер телімін жалға беру шарты жасалып, 28-інде Бакиевке уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беретін № 144220 акт беріліпті. «Шымкенттен бәрі шығады, өйтіп-бүйтіп Қырғыздың президентіне де жер сатып жіберіпті» деп жағаңызды ұстап отырған шығарсыз.

Кешірерсіз, Шымкенттен жер алған Бакиев әрине, сіз ойлағандай бір елдің президенті емес, бірақ бір елдің осы облыстағы өкілі екен. Вячеслав Бакиев -- Біріккен Араб Әмірлігінің президенті шейх Халифа Бен Заид Нахайянның арнайы өкілі. Жалпы араб шейхтарының Оңтүстіктің маң даласын емін-еркін, маң-маң басып жүргендеріне алты жылдан асыпты. 2004 жылдан бері араб шейхтары тас төбеден күннің, табаннан құмның қызуы ұратын Отырардың отты даласынан 400 гектар жер алып, жыл сайын қыркүйек айында қыр асып, құс атып, құмардан шығуды әдетке айналдырыпты. Әрине, Біріккен Араб Әмірлігінің президенті аң аулауға бір өзі келмейтіні анық. Бүкіл командасымен, тайлы-тұяғымен жиналып, «Джип» көліктерімен құс қуып, бірнеше күн әбден қызыққа бататандықтан осы қу даладан арнайы резиденция салыныпты. Резиденция қасында арнайы аэродром да бар. Алыстағы араб елінен ұшақпен тіке келіп қона беретін болғандықтан келген қонақтар арасында біздің елдің территориясына кіруге рұқсаты жоқ адамдар да кездесе береді екен. Республикалық «Караван» газетінің жазуына қарағанда бұл 400 гектар жер Арыс-Қаратау қорығының аумағында жататындықтан осы мекеменің қызметкерлері бір мәрте желмен жарысып, «Джиппен» тайраңдап жүргендерді тоқтатып, тексергенде араларында ешқандай рұқсат қағазы жоқ Катар елінің азаматы да бар болып шығыпты. Бірақ, бұл 400 гектарға еніп, арабтардың немен айналысып, не істеп жатқанын білудің өзі соңғы жылдары тіптен қиынға айналып кетті. Тіпті арабтардан «неғып жүрсіңдер?» деп жөн сұраған жергілікті басшыларға сол сәтте-ақ жоғарыдан телефон шалынып, «жұмысың болмасын» деген дөрекі жауаптар айтылғаны туралы да әңгімелерді естіп қалып жатамыз. Жергілікті басшыларды айтасыз, олар түгілі облыс орталығындағы ең құрығы ұзын дейтін құзырлы мекеменің құлағын ұстап отырған лауазымы жоғары шен таққан адамның өзі  шейхтардың ішкі тірлігіне ептеп үңілгені үшін біраз уақыт қызметінен шеттетілгенін құлағымыз шалған еді. Рас болса...Кім білген, бірақ айдалада өз алдына бір арал болып жатқан арабтардың тірлігі күннен-күнге құпияланып бара жатқаны жасырын емес. Осыдан кейін шетел азаматтарының біздің елде тайраңдап жүруінің артында үлкен, ықпалды біреулердің тұрғаны байқалады. Әйтеуір, әлемдегі ең бай адамдар тізімінің бас жағынан орын алатын араб елінің президенті Астанадан күшті байланыс тапқаны анық.  

Міне, енді Біріккен Араб Әмірлігі президентінің сенімді өкілі Вячеслав Бакиев Шымкенттен ауылшаруашылығы мақсатында пайдалануға жер алыпты. Басқа-басқа Шымкенттің шенеуніктері жер мәселесін шай ішіп отырып-ақ шеше салады ғой. Бакиевке 5 жылға уақытша пайдалануға берілген жерді Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев 2009 жылдың 8-желтоқсанында №1795 нөмірлі қаулысымен жекеменшікке беру туралы шешім шығарыпты. Жыл басында облыстың бірқатар құзырлы органдары Шымкент әуежайы аумағында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Department of UAE President s Affaris ABU  DHABI» қоры үшін офис құрылысы жүргізіліп жатқан жерді тексере келіп, ондағы  заңсыздықтарды анықтаған. Ауылшаруашылығы мақсатында алған жер телімінде 20,0 x 15,0 м аумақта тереңдігі 2,0 м шұңқыр қазылыпты. Шұңқыр қазуды  «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізіпті. Осыдан кейін В. Бакиев бұл жерді басқа мақсатта пайдалануды жоспарлап отырғанын байқайсыз. Ауыл шаруашылығына пайдаланылуы тиіс жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуді күтпестен бірден білек сыбанып, құлшынып құрылысқа кірісіп кеткендері «күштінің арты диірмен тартады» дейтін ел аузындағы нақылды еріксіз еске түсіреді. Әдетте жердің нысаналы мақсатын өзгертуге әжептеуір уақыт кететін. Бұл жолы былтыр уақытша пайдалануға ұсынылған жердің биыл жекеменшікке тез беріле салғанын қарасаңызшы. Бүгінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Айтпақшы әуежайдың дәл жанынан құрылыс жүргізу заңға қаншалықты сиятыныны айтпаса да түсінікті.   

Еліміздің президенті Н. Назарбаев Шымкент қаласында БАӘ-нің президенті Халифа Бен Заид Нахайянмен кездесіп, біршама уағдаластықтарға қол жеткізгенін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Жалпы біздің елге инвесторлар келсе, ол компанияның қандай тірлікті қолға алғаны, не істеп, не қоятыны ақпарат құралдарында тәптіштеп жазылып жатады. Араб шейхтарының шәуілдірліктерге қандай шапағаты тиіп жатқаны туралы ақпарат жоқтың қасы. Білетініміз, БАӘ президенті Шымкент қаласынан үлкен мешіт және перзентхана салып беруге уәде берген. Бірақ күні бүгінге дейін бұл екі құрылыстың да пайдалануға берілуі тиіс мерзімі өтіп кетсе де құрылыстары аяқталған жоқ. 

Жалпы алғанда қазақ топырағына аяқ басқан араб шейхтарын еліміздің премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің өзі күтіп алатыны көп жәйтті аңғартса керек. Бас уәзірдің өзі басын иіп қарсы алып жатқан соң ба облыстың бірқатар құзырлы мекемелері о баста айдалада жатқан арабтарды тәртіпке шақырамыз, тәптігін басамыз деп құлшынып-ақ кірісті де, артынша-ақ алған беттерінен айнып, іс өзінен-өзі Бакиевтің пайдасына шешіле кетті. Қаланың қақ ортасында қаншама мықтының заңсыз салған ғимараттарын талқандап тастаған құзырлы мекемелер араб ағайындардың ісіне келгенде осылайша аяқ астынан жуасып, тым-тырыс бола қалуының астарында не жатыр? Араб шейхтарының тірлігі туралы бірқатар республикалық газеттер жазудай-ақ жазды. Осыдан кейін ел енді бұл мәселе үлкен дауға айналып, шу болатын шығар деп ойлағандары да рас. Бірақ араб шейхтарының мәселесі сол күйі қозғаусыз, жабулы қазан күйінде қалды. Соған қарағанда бұл мәселенің тамыры тым тереңде жатқан сықылды. 

Жәнібек Тархан,

"Рейтинг" газеті №15, 29 сәуір 2010 жыл

Шымкентте мерекеге келген бірнеше адамды полиция алып кетті
Асқар АҚАЕВ: Атамбаев сотталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу