Қарағандыда екі көше біріктіріліп, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл пайда болды

Oinet.kz 21-03-2019 983

Screenshot_3.jpg

Қарағандының орталығындағы Бейбітшілік гүлзары мен Н. Төлепов көшесін біріктіру және қайта атау арқылы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы жаңа даңғыл пайда болды. Шешім қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXXVI сессиясында бірауыздан қабылданды.

Кеше Қарағандыда облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда депутаттар Бейбітшілік гүлзарын ҚР Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атау жайлы шешім қабылдады. Сондай-ақ, Бейбітшілік гүлзарына Нарманбет Төлепов атындағы көше де қосылып, енді Н.Назарбаев даңғылы деп аталатын болады. Ал Олимпийская көшесі Н.Төлепов көшесі болып өзгертіледі.

«Қарағанды облысы әрқашанда Елбасының еңбек және саяси отаны болды. Ал, Бейбітшілік гүлзарын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп қайта атау туралы шешім ерекше мәнге ие. Себебі біздің өңірге ерекше көңіл бөліп, құрметпен қарайтынТұңғыш Президентіміз осы көшеде орналасқан оқу орынында оқып, жұмыс істеген», - дейді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Н.Назарбаев атындағы даңғылдың қаладағы ең әдемі көшелердің бірі екендігін де айтты.

 Қала жұртшылығы, Қарағанды қаласының құрметті тұрғындары, ардагерлер бұл шешімге қатысты қолдау білдіруде.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен даңғылды атау бұл Елбасының еңбегін бағалаудың аз ғана көрінісі. Ұлт Көшбасшысының тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор», - дейді Қарағанды қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Виктор Охман.

Қаланың қақ ортасында орналасқан Н.Назарбаев даңғылының бойында тұрғын үйлермен қатар, білім ордалары, іскерлік кеңселер,демалыс орындары, шағын саябақтар,дүкендер мен мейрамxаналар орналасқан. Қаланың ең көне көшелерінің бірі саналатын даңғылдағы алғашқы үйлердің қабырғасы шамамен 1938-1940 жылдары бой көтере бастаған.

«Осы жерде өмірге келдім, ес білген, ақыл тоқтатқан шағымның барлығы осы көшеде өтті. Енді маңдайыма Н.Назарбаев атындағы даңғылда ғұмыр кешу бұйырған екен. Бұл мен үшін ерекше қуаныш. Жаңалықты толқыныспен қабылдадым. Елбасының есімімен даңғылды атау дұрыс шешім деген ойдамын», - дейді қала тұрғыны Серікболсын Жақсылықов.

Қостанайда орталық даңғылға Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілді
Өскемендегі ең ұзын даңғылға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу