Шардарадан тағы да шатақ шықты

Oinet.kz 26-03-2020 1350

Screenshot_2.jpg

Шардаралық әкімдер тағы да шатақ шығарды. Олардың ісімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері айналысты. 

Естеріңізде болса, жуырда Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі  Ә.Сейдалиевтің ауылдың бірнеше азаматымен бірге кеңсесінде карта ойнап отырған әрекетін ауыл тұрғындары ұялы телефонына түсіріп алып, оны әлеуметтік желілерде жариялаған. Әкімнің ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, оған «қызметіне толық сәйкес емес туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану жөнінде шешім қабылданған еді. Әдеп жөніндегі кеңестің бұл жолғы отырысында шардаралық үш ауыл әкімінің ісі қаралды. Үшеуінің де тәртіптік ісі бір мәселе бойынша, алған жазалары да бірдей. 

Жалпы бұл істің бізге белгісіз тұстары көп. Белгілісі, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кәсіпкерлікпен айналысатын А.Атаханов пен Р.Вахидов арызданады. Олар өз арыздарында Шардара ауданы қаржы және экономика бөлімінің басшысы Н.Қалмұратов пен ауылдық округ әкімдерінің өз өкілеттіктері теріс пайдаланып, жол жөндеу жұмыстары бойынша өткен мемлекеттік сатып  алуда заңсыз іс-әрекеттер жасап отырғанын көрсеткен. Істің мән-жайына қарағанда, бөлім басшысы Н. Қалмұратов былтыр  ақпан мен наурыз айларында   7 ауылдық округтің әкімдеріне мемлекеттік сатып алу бойынша жарияланған конкурстарда «ASR строй» ЖШС-інің мүддесін қамтамасыз ету жөнінде заңсыз нұсқау берген. Бөлім басшысы бұл аудан басшылығы тарапынан берілген тапсырма екендігін алға тартыпты. Басшылар айтқан соң әкімдер мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде қолданатын жеке кілттерін, парольдерін аталған компанияның өкілдері А.Атахановқа, Р.Вахидовқа берген. Нәтижесінде әкімдер  аталған компанияға жалпы сомасы 266 336 000 теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу конкурстарын заңсыз ұтып алуына ықпал еткен. Алайда кейінірек, шенеуніктер аталған серіктестікпен  екіжақты келісім шартты «3 пайыздық жарна есеп шотқа аударылмады» деген негізбен бұзған. Шенеуніктердің орта жолда бұра тартқан соң, қос кәсіпкер құзырлы органдарға арызданған сияқты. 

ҰҚК тергеушілері алғашқыда әкімдердің үстінен Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғаған. Тергеу кезінде әкімдер өздерінің заңсыз тірліктерге барғанын мойындаған.  Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Н.Исаев тергеушілерге «Маған келтірілген күдікпен толық келісемін, кінәмді толық мойындаймын, өкініп жатырмын» деген жауапхат беріпті. Мемлекетке келтірілген материалдық зиянның жоқтығын ескерген тергеушілер қылмыстық істі қысқартып, әкімдердің тәртіптік мәселесін қарауды Әдеп кеңесіне жолдаған. Іс кеңесіне түскенше жеті әкімнің төртеуі өз еріктерімен қызметінен кеткен. Әкімдерге тапсырма бергіш бөлім басшысы Н.Қалмұратов та бұл күндері мемлекеттік қызметте жоқ көрінеді. Қалған үш шенеунік: Қызылқұм ауылдық округінің  әкімі Н.Исаевқа, Ұзын ата ауылдық округінің әкімі  М.Мұсаевқа, Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Е.Айдынбаевқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жазаны қолдану Шардара ауданының басшыларына жолданды. Қысқасы, ауыл әкімдеріне заңсыз әрекетке баруды аудан басшыларының өздері тапсырып, енді ол әшкере болған соң тәртіптік жазаны да өздері беретін болды.   

Жалпы ауыл әкімдерінің мердігер компанияның тендерде жеңіске жетуіне ықпал етіп, кейіннен оны жарна төлемеді деген сылтаумен шеттетіп тастағанын немен түсіндіруге болады? Бұл жерде тек екі нұсқа бар. Біріншісі, тендер өткен соң шенеуніктер мен кәсіпкерлер әлденеге келісе алмаған болуы мүмкін. Неге келісе алмағаны туралы әрқилы болжам айтуға болады, әрине. Екіншісі, бұл аудан басшылығында болған өзгерістермен байланысты сияқты. Былтыр жазда Шардара ауданының әкімі қызметіне Қайрат Жолдыбай тағайындалды. Шамасы әкім ауысқан соң, өңірдегі тендерлік ахуал да 180 градусқа өзгеріп кетсе керек. 

"Рейтинг" газеті

Дариға Назарбаева: «Тиісті бұйрыққа қол қойдым»
Алик Шпекбаев отставкіге арыз жаза ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу