Құрғақ уәдеге құмар әкім
12-04-2023
Қазақстанды коронавирус дерті әуреге салған тұста Түркістан облысы ұзақ уақытқа дейін жасыл аймақтан шыққан жоқ. Әрбір аудан індеттің таралуына жол бермеу мақсатында аянбай жұмыс істеді. Облыс әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдау көмегімен пандемия өршіген тұста науқастармен жіті жұмыс істеп, медициналық құрал-жабдықтардан тапшылық көрмеген аудандардың бірі – Шардара.
Шардара аудандық ауруханасының ерекшелігі де сол, сұнда мамандар алдын-ала жұмыс жоспарын жасап, соған сәйкес науқастарға қызмет етеді. Аудан бойынша 155 күндізгі стационар бар. Олардың барлығы да талапқа сай және алдағы уақытта вирус күшейер болса, оған да дайын тұрғаны белгілі болды.
– Жұмыстың 80 пайызы жоспарлы түрде жүзеге асуы тиіс. Біз бір жылға арнайы жоспар құрдық. Яғни, ауруханада қанша төсек орын бар? Сол төсек орын санына қарай жоспарлы пациенттер мен шұғыл емдеумен ауруханаға түскен науқастарға бөлінеді. Өйткені еліміз медициналық сақтандыру жүйесіне өткендіктен көбінесе науқастарды жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуымыз керек. Кейбір дәрігерлер науқастарды шұғыл емдеуге қабылдап қояды. Екеуінің арасында айырмашылық бар екенін ұмытпаған жөн, – дейді Шардара аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бауыржан Әбдімәлікұлы.
Жоспарлы емдеуге жатқызу – дәрігердің созылмалы аурулар көрсеткіштерінің бар болуы және жедел дәрігерлік араласуды талап етпейтін, өміріне қауіпті емес жағдайда науқасты стационарға емдеуге бағыттауы. Бұл бағыт бойынша науқастың медициналық ұйымды таңдауына байланысты бірнеше күн ішінде госпитализация Бюросының порталы арқылы жүзеге асырылады. Ол – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу үшін науқас бағыттамаларын бірыңғай электронды тіркеу, есепке алу, өңдеу және сақтау жүйесі.
Шұғыл емдеуге жатқызу – науқасты жедел жәрдем дәрігері, учаскелік дәрігер немесе қабылдау бөлімінің дәрігері анықтаған жедел шұғыл жағдайы кезінде стационар жағдайында емдеуге бағыттауы. Шұғыл емдеуге жатқызу науқасты қысқа мерзімде бейінді стационарға дейін тасымалдау жолымен жүзеге асырылады.
Бүгінде назар аударатын тағы бір жайт – ауру тарихының жазу сапасы. Дәрігерлердің білім деңгейі әртүрлі. Яғни, пациенттің диагнозы туралы біреуі сапалы жазса, екіншілері ерініп жазбай қоятындары бар. Сол себепті аурухана меңгерушілеріне әр аурудың тарихын жазғанда дәрігердің үстінен тексеріп оқып шығу тапсырылған екен. Және жаппай өлім-жітімді зерделеу тікелей аурухананың бас дәрігерінің қадағалауында. Яғни, пациент қайтыс болған кезде оған қойылатын диагноз да маңызды рөл атқарады. Статистика қате кетпеу үшін маман диагноз үстінен қайта қарап шығып отырады.
Сонымен қатар, ауруханада дәрігерлерді профилактикалық тексеруден өткізу жұмыстары жүруде. Тексеру барысында 7 түрлі скрининг қаралады. Жоспар бойынша қанша адам түсіп, өту керектігі берілген. Алдымен түсіндіру жұмыстары жүріп, ендігі жиналыста орындалу барысы талқыланады.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрі жедел медициналық қызмет көрсету бойынша өзгеріс енгізіп, жедел жәрдем шақырудың 4 категориясы бекітілген. Оған себеп зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жедел жәрдем көлігі созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға кешігіп баратыны. Бұл адамды өлімнен арашалау мүмкіндігін азайтады. Осылардың ішіндегі төртінші категория созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға қатысты.
– Егер емхана дұрыс жұмыс жасайтын болса, яғни, мен дәрігер ретінде өзімнің пациентіме дұрыс дәрі-дәрмек жаза білсем, мәселе болмайды. Яғни науқастың қан қысымы бар болса, мен оған өзінің диагнозына орай барлық ем-домды жазып беремін. Сол үшін де оның жағдайы бір қалыпта болуы тиіс. Ал олар созылмалы ауру мәселелерімен жедел жәрдем шақырмайды. Біз енді жедел жәрдем арқылы созылмалы аурулар бойынша ауруханаға түскен науқастарды жіктедік. Қай учаскенің тұрғындары екенін бөліп, сол жақтың дәрігерлеріне созылмалы аурулардың емі туралы оқыту жұмыстарын жүргізуді тапсырдық. Инфаркт және инсульт бойынша невропотологтар мен кардиологтарға Zoom платформасы арқылы науқастарға түсіндірме сабақтарын өткізуді жөн санадық. Және де қазіргі таңда Шардара аудандық орталық ауруханасында онлайн семинарлар мен вебинарлар жиі болып тұрады. Отандық, ТМД елдерінің медицина өкілдерінің қатысуымен, медициналық жоғары оқу орындарының профессорлар қауымымен ZOOM платформасы арқылы жиналыстар жиі өтіп отырады, – дейді дейді Бауыржан Әбдімәлікұлы.