Құрғақ уәдеге құмар әкім
12-04-2023
Шардара ауданы аумағында байланыс ұстамайтын шалғай ауылдарға биыл жылдың басында байланыс желісі орнатылып, тұрғындардың білікті медицина мамандарынан смартфон арқылы кеңес алуына мүмкіндік туды. Сондай ақ, бүгінде Шардара аудандық орталық ауруханасында жоғары білімді мейірбикелер де науқастарға ем-дом жаза алады. Ол үшін аудандағы жиырма мейірбике жоғарғы оқу базасында білім-біліктіліктерін жетілдіріп, келер жылы дипломдарын қолға алмақ.
Сонымен қатар, шалғай ауылдардағы халықтың денсаулығын бақылайтын бірден бір амал – жылжымалы медициналық кешен. Сол арқылы ауылдарды аралап, қандай да бір денсаулығында кінәраты бар тұрғындар барып, консультация алады. Және мобильдік топтар бар. Яғни, онколог, невропотолог, кардиолог, терапевт дәрігерлер әр аптаның жұмасында елді мекендерге барады. Сол жақтағы учаскелік дәрігерлер денсаулығына шағымы бар ауыл тұрғындарын жинап даярлайды. Мұндағы тағы бір мәселе – елді аралау барысында әр ауылдан бір-екі онкологиялық сырқаты бар науқастар анықталып, тіркеуге алынуда.
Шардара аудандық ауруханасында инфекция бөлімшесі жұмыс істейді. Негізінен бөлімше 20 төсек орынға арналған. Бірақ жаппай аурушаңдық көбейген шақта оны 45-ке дейін көбейтуге мүмкіндік бар екен. Жұмыс барысында халықтың денсаулық кодексі, инфекциялық сала бойынша бұйрықтар, санитарлық эпидемиологияға қатысты бұйрықтар мен әр ауру бойынша хаттамалар толтырылып отырады. Және әр аурудың кезеңіне қарай сол хаттамалар жаңарып отырады. Егер де өзектілігін жоғалтпаса хаттамалардың құзыреттілігі жалғаса береді. Сол инфекция бөлімшесінің меңгерушісі Бақытжан Ахметов Шардарада жиі кездесетін аурулар туралы айтып берді.
– Ауданымыз шөлейтті аймақ болғандықтан, мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан конго-қырым геморрагиялық қызбасы деген ауру көп кездеседі. Орта Азияда инфекциялық ауруларды бақылау орталығы бар. Сол жердің мамандары бізге келіп, оқу-жаттығу сабақтарын өткізді. Одан кейін өлім-жітім орын алған жоқ. Келесі бір жиі кездесетін инфекциялық дерт – гепатитпен аурушаңдық. Бұрын бізде сары аурумен ауырған 200-300 науқас жататын. Ал қазіргі кезде гепатит Б-ға қарсы үш түрлі схемалы вакцинация қолданылады. Екінші А гепатитіне қарсы екі жастан бастап вакцина салдыруға болады. Осының арқасында А гепатитіне жылына бір ғана науқас шалдығып жатады. Ал Б гепатитіне туыла салысымен вакцинация салынады. Одан кейін медицина қызметкерлеріне, стамотолог мамандарға, сұлулық салонында жұмыс істейтіндерге міндетті түрде Б гепатитіне қарсы вакцина егіледі, – дейді Бақытжан Ахметов.
Келесі жиі кездесетін ауру ангинаның бір түрі – дифтерия. Бұл жұқпалы ауру, бастапқыда фарингит немесе ларингит түрінде жүреді, өйткені 95 пайыз жағдайда бұл көмейдің шырышты қабығына әсер етеді. Инфекция әуе тамшыларымен және науқас адаммен немесе тасымалдаушымен байланыс арқылы, сондай-ақ ластанған ыдыс-аяқтар мен өнімдерді пайдаланғанда пайда болады. Дифтериядан адамдар ғана зардап шегеді, үйден, жабайы жануарлардан немесе құстардан жұқтыру мүмкін емес.
Айта кету керек, аурудың ағзасынан патоген толығымен шығарылмайынша, қасындағы қоршаған адамдарға қауіп тудыруы мүмкін. Дифтерияға деген сезімталдық вакцинацияланбаған балалар мен ересектерде бірдей. Жалпы, ауру баспаға (ангинаға) ұқсайды, жұқтырып алғаннан кейін 2-6 күн өткенде әлсіздік, тамағы ауыру, мойын аймағында лимфа түйіндері, аузынан жаман тәтті іріңді иіс шығу сияқты алғашқы белгілері болады. Кеуде қуысының дифтериясымен ауырған кезде ентігу, ісіну, жөтел және 38 градусқа дейін қызуы көтеріледі.
Уақытылы емделмегенде дифтерия токсині қанға еніп, барлық мүшелерге әсер етеді. Сонымен қатар жүрек бұлшық еттерін зақымдайды және таңдайдың, артқы фаренгалдың қабырғалары мен бет бұлшық еттерінің сал ауруына қауіп төндіретін асқынулар әкеледі.
Шардаралық мамандар дәл осындай инфекциялардан сақ болу үшін, алдын-алу вакцинациясын салдырғанды жөн көреді. Және алдағы уақытта еліміздің тұрғындарын коронавирустық инфекциядан қорғау үшін жаппай вакцинациялауды да насихаттап отыр. Ондағы дәрігерлердің басым бөлігі вакцинаны салып та үлгеріпті. Денсаулығында ешқандай өзгеріс жоқ екенін айтып, халықтан себепсіз дүрлікпеуді сұрап отыр.