Құрғақ уәдеге құмар әкім
12-04-2023
Биыл Шардара аудандық орталық ауруханасының базасында жыл басынан бері инсульт алған 4 науқасқа ота жасалды. Ал, инсульт орталығы ашылғалы он беске жуық отаны атқарған. Былтыр арнайы оқытылған нейрохирург мамандар отаның маңызын көтеруде. Айта кету керек, мұнда мультидисциплинарлы топ жұмыс істейді. Құрамына дәрігер реабилитолог, емдік дене шынықтыру (ЕДШ) нұсқаушысы, массаж жасайтын маман, психолог, логопед кіреді. Бұлардың барлығы бір науқасқа бір мезгілде көмек көрсете алады. Өйткені, командалық тәртіп бар. Егер науқас тілі күрмеліп сөйлесетін болса логопед жұмыс істейді. Ал көңіл күйін көтеріп, позитивті ахуал сыйлау үшін психолог, жүктеме бойынша ЕДШ нұсқаушысы қызмет атқарады.
Елімізде акушерлік-гинекологиялық, педиатриалық, терапиялық комплекс деген бар. Биыл осы бағыттағы жұмыстар Шардара аудандық ауруханасында да жұмыс қарқын алуда. Яғни, осы сала мамандары бірігіп, байланысып әйелдің денсаулығына бағыт-бағдар беріп, толығымен бақылауда ұстайды.
– Туу жасындағы әйелдерді жіктеп, абсолютті қарсылықты көрсеткіші бар әйелдерге контрацепция жасауымыз керек. Және әйелдерді жаппай медициналық тексеруден өткізу, қосымша сырқаттар бар болса, жоспарсыз жүктіліктен сақ болуға шақыру тиіс. Отбасылық зорлық-зомбылық жөнінде бірінші кезекте кәмелет жасқа толмаған қыздардың жүктілігі тұр. Біздің ауданнан да мұндай жағдайлар шығып жатыр. Барлығында дерлік өгей әкенің қатысы бар. Сондықтан біз «Қанша қыз баласы өгей әкесімен тұрады?» деген тізім жасадық. Психологтарға тапсырма беріліп, мектептерде оқитын жасөспірімдерге де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бауыржан Әбдімәлікұлы.
Дәрігер мамандар үнемі өзінің білімін жетілдіріп отырады. Себебі, дамыған заманда түрлі жаңа технологиялар, медицицналық аппараттар қолданысқа енуде. Мәселен, аудандық аурухана былтыр коронавирус пандемиясы басталмас бұрын шетелге оқуға бірқатар дәрігерлерді жіберу туралы жоспарлаған болған. Алдыңғы жылы да 2 дәрігер Ресейге білімін жетілдіруге мекеме қаражатынан барған екен. Ал, биыл Алматы және Нұр-Сұлтандағы ғылыми институттарға оқытуға жібермек.
– Жас мамандарды шақырту бойынша жұмыстар жүргізуіміз керек. Шардара аудандық орталық ауруханасы туралы жақсы бейнежүгіртпе түсіріп, мамандарды шақыртамыз деген ой бар. Көбісі шалғай деп Шардараға келмейді. Саласын жақсы меңгергендер әрі қарай дамуды көздеп, оқу бітірген қалаларында қалады. Одан кейінгілер қала аймағына қарасты ауылдарда қалатыны жасырын емес. Білікті, білімді мамандар біз жаққа да келсе екен, – дейді бас дәрігер міндетін атқарушы.
Аудандық ауруханада дәрігерлерге мүмкіндік көп. Ынтасы бар маман болса, оның тіпті резидентураға да оқуға түсіруге жағдай жасалады. Себебі емдеу мекемесінің басшылығы окулист, лор сынды дәрігерлердің зейнет жасына жақындағанын ескеріп, енді жас мамандарды маңызды мамандықтарға баулуды бастаған. Қазіргі таңда аурухана есебінен екі маман резидентурада оқып жүр. Сонымен қатар сырттан көшіп келген дәрігерлер қызметтік үй жаймен қамтылады. Нақтырақ айтқанда, Шардара қаласында әкімшілік тарапынан қызметтік үйлер салынған. Сол жерде 7-8 дәрігер отбасымен тұрып жатыр. Егер де жас мамандар қызмет етуге келіп жатса, аудандық әкімдігінің жаңа салынып жатқан үйлерге орналастыру қарастырылады.