Самұрық-Қазына Директорлар кеңесінің төрағасы сайланды
Бүгін жалпы дауыс беру арқылы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып Джон Дудас сайланды, деп хабарлайды zakon.kz.
Айта кеткен жөн, бұған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болған.
2018 жылы мамырда қабылданған "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қордың директорлар Кеңесінің құрамынан кетті.
"Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Заңның 8-бабының 2-тармағына сәйкес, Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы тәуелсіз директорлардың арасынан көпшілік дауыспен жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
Бұл жаңашылдықтар 2018 жылдың сәуірінде Елбасы мақұлдаған Қордың жаңа даму стратегиясына, сондай-ақ реттеуші функцияларынан меншік иесі ретінде мемлекеттің функцияларын нақты бөлуді көздейтін мемлекет қатысатын компаниялар үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қордың Директорлар кеңесі 7 мүшеден тұрады, олардың 4-уі тәуелсіз директорлар: Онг Бун Хви, Қайрат Мәжібаев, Джон Дудас және Альпер Акдениз, сондай-ақ президенттің көмекшісі Қанат Бозымбаев, Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов және Қор төрағасы Ахметжан Есімов.