Естеновты еске түсіру қиынға соқты

Oinet.kz 21-11-2013 1063

6320c929a64f7ec472048c549f9adc50.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент әкімшілігінің қызметін жетілдіруге арналған кеңесте облыстардағы мемлекеттік инспекторлар ондағы барлық әкімдерді, ауылдық әкімдерді жүзбе-жүз танып, әрқайсысының жұмыс ерекшелігін ажырата білуге тиіс екенін айтқан болатын. Қазіргі уақытта Президент әкімшілігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік инспекторы қызметін Жасұлан Тоққожаұлы Естенов атқарып келеді.  Оңтүстікте ауыл әкімдері оны қаншалықты таниды? Осы сауалға жауап іздеу үшін біз ауыл әкімдерімен хабарласқан едік. Алдымен облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардағы ауылдық әкімдіктердің телефон номерлерін теріп көрдік. 

Әсілім ЕРКІНОВ, Мақтарал ауданы  Бірлік ауылдық округінің әкімі:

- Сіз ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте болып, ауыл басқарып, үлкен тәжірибе жинақтаған азамат екенсіз, Президент әкімшілігінің облысымыздағы мемлекеттік инспекторын танисыз ба?

- Ол кісіні танымаймын. 

Бұлқынай СЕЙІЛОВА, Шардара ауданы Қызылқұм ауылдық округінің әкімі:

- Облыстық әкімшіліктегі инспекторымыз Мақсат Мырзабаев, ал Президент Әкімшілігінің біздің өңірдегі инспекторын танымайды екенмін...

Бақыт ТИЫНДЫҚОВА, Бәйдібек ауданы Шаян ауылдық округінің әкімі:

- Танымадым... Өтірік айтып қайтемін?

Әбу ҚЫРҚЫМБАЕВ, Кентау қаласы Хантағы ауылдық округінің әкімі:

- Аты-жөні есімде жоқ. Былайша білемін, екі ай сайын қайта-қайта ауысып жатыр ғой. Соңғы уақытта үшеуі ауысып кетті. «Саке, Саке» дейміз, бірақ, шынын айтқанда толық аты-жөнін жазып алмаппын... 

Біз тілдескен шалғай жатқан аудандардың ауыл әкімдері осылайша бірде-біреуі мемлекеттік инспектордың атын нақты атап бере алмады. Айтқандай, Мақтаралдағы Бірлік ауылының әкімі Әсілім Еркіновтің есіне кейін түсті ме, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір біршама уақыттан кейін өзі телефонымызға қайта хабарласып, мемлекеттік инспектордың фамилиясы Естенов екенін, бірақ, атын ұмытып тұрғанын жеткізді. Сосын инспектордың шалғай аудандарға барып-келуі қиын болып жатқан шығар, бәлкім облыс орталығына жақын аудандарға жиі барып тұратын шығар деген оймен облыс орталығына ең жақын деген аудандардың ауыл әкімдерімен хабарластық.

Тіршілік қазаны қыз-қыз қайнаған Сайрам ауылдық округі Сайрам ауданындағы ең үлкен ауылдық округтердің бірі. Округ әкімі Хусан Ахматхановпен байланысымыз нашар болғандықтан, оның жауабын анық ести алмай, байланысымыз үзіліп кетті. Қайталап соққан әрекетіміз сәтсіз аяқталды, ол телефонын көтерудің орнына сөндіріп қоя берді. Байланыс нашарлау болса, Бірлік ауылының әкімі секілді өзі қайтара соқса да болар еді, бірақ, өйтпеді. Бірақ, нақты қандай сауал қойғанымызды анық естіді және түсінді де. Осы тұста «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген аталы сөз ойымызға еріксіз орала кетті.

Арсен АХМЕТОВ, Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округінің әкімі:

- Білмедім соны, шынымды айтсам... 

Ордабек ӘБДІҚАЙЫМОВ, Төлеби ауданы Ленгір қаласының әкімі:

- Көктемде біреу келген-тұғын, 50 мен 60 жастың арасындағы кісі болатын. Ал, аты-жөнін білмедім. Енді ол кісіні аудан әкімі, әкім аппаратының басшысы білуі мүмкін, қалған ешкім білмейді ғой.

- Сіздің Ленгір қаласының әкімі қызметін атқарғаныңызға неше жыл болды?

- Мұның алдында 4 жылдай басқарғанмын, онан кейін 3 жылдай Киелітас ауылдық округінің әкімі болып, қайта қаланы басқаруға келдім.  

Біз тілдескен ауыл әкімдері «Ұялған тек тұрмастың» керін келтіріп Президент әкімішлігінің өңіріміздегі   мемлекеттік инспекторы  қайта-қайта ауысып кете беретіндіктен оның аты-жөнін ұмытып жатқандарын алға тартып ақталған соң  мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын нақтылау үшін  облыс әкімі аппаратының басшысы Байділдә Жылқышиевтен мән-жайдың мәнісін сұрадық. Ол Президент әкімішілігінің өңіріміздегі мемлекеттік инспекторы  Жасұлан Естеновтың екі жылдан бері үзілліссіз жұмыс істеп келе жатқанын айтты. 

Қызмет барысында қоян-қолтық араласып жұмыс істеген азаматтардың бір-бірін танымауы немесе ұмытып қалуы мүмкін бе? Мүмкін емес-ау. Әйтеуір, Естеновті еске түсіру қиынға соқты. Әрине, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы өңіріміздегі өз жұмысын талапқа сай тәп-тәуір атқарып жүрген де болар. Бірақ кіммен жұмыс істеп жүр? Әлде Ақордадағы инспектор мини-әкімдерді менсінбей ме? Бәлкім, Елбасының ескертуінен кейін Жасұлан Естенов аттан түсіп, ауыл әкімдерімен де араласып тұруға көшетін шығар. Егер Естенов мырза «мынадай, мынадай ауыл әкімдері менің аты-жөнімді жақсы білетін еді, солардан сұрап көріңіздер» десе өзінен хабар күтеміз.  

Ресей Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді
Танымал ақын Шымкент қаласының әкімін Әлихан Бөкейхановқа теңеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу