Танымал ақын Шымкент қаласының әкімін Әлихан Бөкейхановқа теңеді

Oinet.kz 21-12-2019 1511

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов танымал ақын Батырхан Сәрсенханды кабинетінде арнайы қабылдап, бір сағаттай әңгіме өрбітті. Бұл туралы ақын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Screenshot_10.jpg

Кездесу барысында шаһар басшысы мен ақын руханият саласы жөнінде пікір алмасты. Осы кездесудегі Ерлан Қуанышұлының асқан білімділігі мен тұщымды ойлары ақынды тым ерекше сезімге бөлеген. Сезім жетегіне ерген Батырхан Сәрсенхан қала әкімін XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановқа теңеді.   

- Бүгін таңертеңмен Шымкент қаласының әкімі Ерлан аға Айтаханов шақырып, арада бір сағаттай әңгіме өрбіді. "Әкесін сабағанды көріп едім, әкесін арбаға байлап сабағанды кім көріпті" дегендей, бұл отырыстың мәні бұрынғыдан өзгерек. Әкім өте-мөте сауатты. Өте-мөте. Биік интеллектуал. Алдымда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов отырғандай күйге бөлендім, - деп суреттейді Батырхан Сәрсенхан әкім қабылдауындағы ішкі сезімін. Сонымен қатар бұл кездесуде шаһар басшысының Шымкентті қайырымды қалаға айналдыру идеясы және қазақ тілінің мәртебесін асқақтату керектігі туралы білдірген пікірі ақын жанын толқытқан. 

- Ерлан аға Әл-Фарабидың "Қайырымды қала тұрғындары" хақында баян етті. Бабамыздың еңбегін талдап, әр талшығын маржан тапқандай сүйіне сөз еткенде - баба ілімін терең меңгергенін ұқтым. Және осы бағытта қаланы басқаруды бетке алғанын, Шымкентті "қайырымды қалаға" айналдыру жайлы идеяларын бөлісті. Бағзы тарихтан, жаратылыс турасында, руханияттың сан салалары жайлы айтқан пікірлері жанымды толқытты. Ең қазақы мекеннің бірі саналатын Шымкенттің орыстанып бара жаратқанын, барлық жиналыс, іс-шара қазақ тілімен суарылуы тиіс екенін айтты, - деп жазды Батырхан Сәрсенхан. 

Screenshot_11.jpg

Фото Батырхан Сәрсенханның Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Ақын көңілінен шыққаны - Шымкент көшелерінде баннерлерге ақын өлеңдері ілінгені, оны Ерлан Қуанышұлы тікелей өз бақылауында ұстап отыратыны. Қала әкімінің бабалар тарихын жіліктеп шағатын қасиетін де ескерген ақын Батырхан Сәрсенхан оның бұл істерін - ұлтшылдыққа теңеді. 

- Ұлтшылдықтың көп түрін көрдім. Бірақ бұл басқаша ұлтшылдық. Сүйекпен келіп, санаға терең дендеген ұлтшылдық! Әр Алаш баласы жайлы, әр ақын жайлы, әр өнерпаз жайлы, әр тұрғын жайлы жеке-жеке толғана білетін, жүрегімен қуана білетін ұлтшылдық!

Қала көшелеріне 150-ге жуық ақын өлеңдері ілінгені мәлім. Ол үнемі ауысып отыратынын, жаңа ақындарды, дара есімдерді қамтып отыратынын айтты. Бір қызығы, әкім бұл тізімді өзі толықтырып, әр шығармашылық иесін бақылап отыратынын байқадым, - дейді ақын. 

Пост соңында Батырхан Сәрсенхан қала әкімінің ақындарды іздейтініне қуанышты екендігін жасыра алмады. 

Еске сала кетейік, кеше Ерлан Қуанышұлының бастамасымен жарық көрген «Жаңа ғасыр әуендері» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітапқа негізінен Шымкент қаласы мен Түркістан облысында тұратын танымал жас ақындардың өлеңдері топтастырылды. Тұсаукесерге Әселхан Қалыбекова, Ханбибі Есенқарақызы, Нармахан Бегалы сынды ақындар қатысып, жас ақындарды өлеңдері жинаққа енгендерімен құттықтап, сәттілік тіледі.  

Естеновты еске түсіру қиынға соқты
Иманғали Тасмағанбетовтың анасы қайтыс болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу