Қазақстанның 8 премьер-министрі: ең мықтысы мен ең осалы кім?
Тәуелсіздік алғалы ел Үкіметін басқарған премьерлердің жұмысына қатысты сауалнама қорытындысын жуырда беделді сарапшылардың көзқарасына сүйене отырып «Рейтинг.kz» зерттеу агенттігі жариялады. 1991 жылдан бергі уақытта Қазақстанда 8 премьер ауысып үлгеріпті. Олардың кәсіби және іскерлік қабілеті, жауапты қызметінде атқарған тірліктеріне баға беру 11 негізгі критерий бойынша анықталған. Бірден айтайық, жалпы алғанда премьер-министрлер дұрыстап жұмыс істеп жарытпапты. Себебі, мүмкін болған 7 балдың тым құрыса жартысын да ешкім жинай алмаған. Дей тұрғанмен...
Үздік үштікке Иманғали Тасмағамбетов, Әкежан Қажыгелдин мен Қасым-Жомарт Тоқаев кірді. Үш премьерді бірімен-бірі салыстыруға келмейді, әрқайсысының артықшылығы бар, кемшілігі одан көп. Аумалы-төкпелі заманда жауапты қызметті атқарған Әкежан Қажыгелдин күрделі реформаларды жүргізуде белсенділік танытып, бірқатар новаторлық бастамаларды батыл түрде қолға алуымен есте қалды. Алайда, саясаттың қырына іліккен соң саяси болашағына балта шабылды.
Оған қарағанда Иманғали Тасмағамбетовтың премьерлік ғұмыры әлдеқайда қысқа болды. Әйткенмен, бүгінгі билік элитасында ойып тұрып орын алатын Имекеңнің саяси амбициясы өте зор екені даусыз. Оның ел арасындағы, әсіресе зиялы қауым өкілдерінің арасындағы беделі жоғары екені жиі айтылып жүр.
Сыртқы саясатта Тоқаевқа тең келетін кандидатура жоқ. Өзге ел басшылары Қазақстаннан әуелі Назарбаевты, сосын Тоқаевты жақсы танитыны үлкен жетістік, әрине. Алайда ішкі экономикалық және шаруашылық мәселелерді шешуге келгенде Тоқаевтың тым осал екені анық. Премьер ретінде Тасмағамбетов пен Қажыгелдиннен басып оза алмайтыны да содан.
Үкіметті 5 жыл бойы басқарса да Мәсімовтің айтарлықтай тындырған шаруасы шамалы. Сарапшылардың пікірінше, Кәрім Қажымқанұлы күрделі мәселелерді шешуде емес, керісінше, олардан қашуда шеберлік танытты. Қазіргі премьер С.Ахметовтің де сондай әдеті бар. Серік Нығметұлының елде жүргізіліп жатқан реформалар мен бағдарламалардың сәтсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға сескенетіні бір емес, бірнеше рет байқалды. Қазіргі Үкімет құрамына ел де, Елбасы да талай сын айтқанымен, айтарлықтай өзгеріс байқала қоймады. Әйткенмен, Ахметовтің жағдайды түзетуге әлі де уақыты бар.
Рейтингтің «аутсайдерлері» - Нұрлан Балғымбаев, Даниал Ахметов пен Сергей Терещенко. Бұл үштіктің ауыз толтырып айтарлықтай тындырған шаруасы шамалы. Елдің есінде қаларлықтай іскерлік пен белсенділікті таныта қоймады. Сондықтан да болса керек, үшеуінің де саяси аренадан кетуі байқаусыз қалды.