«Мұрагер» жобасы: Иманғали Тасмағамбетов

Oinet.kz 23-01-2014 936

«Қазақстан Республикасының президенті Иманағали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов...» Соңғы кездері ел назарына көп түсе бермейтін бүгінгі кейіпкеріміздің өмірбаянына көз жүгіртсек, Иманғали Нұрғалиұлына үш сөзден тұратын осы анықтауыш қана жетіспей тұрған секілді. Әрине, елдегі лауазымы жоғары көп қызметтің ішінде И. Тасмағамбетовтың қолына Сенаттың спикерлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалық мансабы ғана бұйырмаған. Бірақ, еңбек жолын қарапайым денешынықтыру,  одан кейін жағрафия пәнінің мұғалімдігінен бастаған кейіпкеріміз комсомолдық, қоғамдық, саяси жұмысқа ден қойғанда ел ауызында «үш әріп» атанған қызметке қызықпаса керек-ті. Ал, жұмыссыз қалар күн туса  Парламент партасына отыруға аттап бармасын бұдан жеті жыл бұрын айтқан еді. Өткен жылдың соңында сол сөзінен айнымағанын тағы жеткізді. Демек, «қолбасшы болуды армандамайтын сарбаз жоқ» деген қағидаға салсақ, Иманғали Нұрғалиұлының Қазақстанның президенті болуына үміті жоқ деп айтуға болмайтын секілді. 

Жалпы, «Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін елді кім басқаруы мүмкін?» деген сөз бола қалса, бірден ел аузына оралатын есімдердің ішінде И. Тасмағамбетовтың  тұлғасы ерекше аталады. Сол шоғырдай үміткерлердің ішінде Иманғали Нұрғалиұлы секілді ешкім өзін «Мен – Н.Назарбаевтың өнімімін! Президент болмаса, қазіргідей Тасмағамбетов болып қалыптаспаған едім» деп ашық айтқан емес (Тіпті, өз баласына Нұрсұлтан есімін қою да көп шенеуніктің қолынан келген емес-Р.Е.).  

Screenshot_23.jpg

Соңғы жиырма жылдағы саяси топтардың күресі мен тартыстарында Иманғали Нұрғалиұлының бұғып қалған жері жоқ. Үнемі Н.Назарбаевтың қасында, онда да ең алдыңғы шепте жүрді. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезеңінде белгісіз себептермен шетел асып кетіп, артынан үлкен шуға айналған миллиондаған қаржы дауын кеудесіне оң қолын қоя отырып басқан да Иманғали Нұрғалиұлы болатын. Мәжіліс қарсы шығып, халықты шулатқан  «Жер кодексі» де премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтың «тепкісімен»қабылданды. Қатары Алтынбек Сәрсенбайұлы секілді тұлғалармен толған оппозиция күшейе бастағанда И.Тасмағамбетовтың Президент әкімшілігінің жетекшісі, кейіннен қарсылық топтың ордасы--Алматы қаласына әкім болып баруы да тегін емес-ті. Қысқасы, Иманғали Нұрғалиұлы бүгінгі билік жүйесінің қалыптасып, орнығуына аз еңбек сіңірген жоқ. Яғни, осы жүйенің жамандығы мен жақсылығын мойнымен көтеруге дайын тұлға болса, ол—Иманғали Тасмағамбетов! Бірақ, осы жерде бір «но» бар секілді. Біздіңше, ол әдемі келіп тұрған «биографиясына» «географиясының» үйлеспеуінде емес, қайта И. Тасмағамбетовтың өз мінезіне қатысты болса керек. Мәселен, кейіпкеріміз саяси шешім қабылдап, топқа түсер болса, оны сынаушылар шаш-етектен болары анық. Бірақ, бәрібір халықтың көңілін өзіне қарай қоғадай жапырып алуға басқа да жоқ мүмкіндік Иманғали Нұрғалиұлында ғана бар. Сахнаға шығып, сағыныш әнін салса да, ел естуге зар болып жүрген «ұлтым» деген сөзді ұрандатса да, көпшілік үшін Иманғалидың ерекше бір сүйкімі бар. Және сондай додаға түсер күн туса, кеше ғана Н.Назарбаевты Нұх Пайғамбарға теңеп таласқан ақын-жазушы, журналистер бұдан да артық эпитеттерін оған жарыса жеткізуге ұзын-сонар кезекке тұрары да анық. Себебі, зиялы қауым мен әнші-биші, тілшілердің көбісі И.Тасмағамбетовтың жылуын көргендер. Оның үстіне кейіпкеріміз әлдебір қаржылық күштердің қабақтарына бағынышты, байлаулы емес. Арғысын айтпай, бергісін ғана қозғасақ, табысы толағайдай үсті-үстіне өсіп жатқан Кеңес Рақышевтай күйеу баласы және бар. Осындай қарым-қабілет, өмірлік мектеп, ұйымдастырушылық шеберлік, қайшылыққа толы саясат әлеміндегі  иірімдерді терең түсіне, айқын көре білу бір жағынан Иманғали Нұрғалиұлын президент болу мүмкіндігінен шектеп тұрғандай. Себебі, біріншіден кейіпкеріміздің өзгенің көңіліне алаңдамай, өзінше ойын жүргізе алуы бүгінгі биліктің айналасындағы топтар үшін ұнамайды. Өйткені, болашақ президенттің өздерімен кіндіктері байлаулы және бағыныштылау болғанын аңсауы заңдылық. Екіншіден, Иманғали Тасмағамбетов қазіргі шенділердің арасында мінезді тұлға. Алматыдағы «Шаңырақ» қақтығысында кейіпкеріміз қандай шетін шешімдерге бара алатынын көрсетті.  

Одан бөлек, кімнің қайда отыратынын санаулы адамдар ғана шешетін мына қоғамда «жұмыссыз қалсам да, парламентке бармаспын» деп ашық сөйлеуі тегін адам еместігінен хабар беретіндей. Және сейсенбідегі Үкіметтің дәстүрлі селекторлық жиынына әкімдердің ішінде И.Тасмағамбетовтың қатыса бермейтіні де ол санасатын тұлғалардың санын айғақтайтындай. Демек, биліктің айналасындағы үлкенді-кішілі топ Иманғали Тасмағамбетов президент болса, оған сөзіміз де, сынымыз да өтпейді деп қорқатындары айқын. Бәлкім, оның ел алдындағы беделінің одан әрі өсіп кетеріне сақтанғандық болар әйтеуір кейіпкеріміз Астанаға әкім болып келгелі Алматыдағыдай ел көзіне телеарналар арқылы көп түсе бермейді. Әрине, бұл қала әкімі бос жүр деген сөз емес. Қайта, ЕҚЫҰ саммиті, Азияда қысқы ойындары секілді халықаралық шараларды ың-шыңсыз ұйымдастырып, қаланың қауырт тірлігінің ортасында жүр. Бірақ, осындай тәжірбиелі ұйымдастырушының ЭКСПО-2017 көрмесіне деген дайындықтан алыстап қалуын қазір әркім сан-саққа жорытып жүр. Бір қызығы, осындай ірі жобадан сырт қалса да, мемлекеттік телеарналарда төбесі көрінбесе де, түрлі әлеуметтанушылар жасаған рейтинг ішінде бәрібір И. Тасмағамбетов ықпалды тұлға ретінде алдыңғы шептен түсер емес.

Атырау, Алматы, Астана секілді республикалық маңызы жоғары қалаларды басқарған, премьер-министр, мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігінің жетекшісі болған Иманғали Нұрғалиұлының президент болу жолындағы бір кем дүниесі ол -- Ресей саяси элитасынан алыстығы секілді. Осы жерде айта кетер мәселе-- біз қанша жерден тәуелсіз мемлекетпіз десек те, көршімізбен қорамыз қоралас. Біраз мәселеде кіндігімізді байлатып алдық. Ал, мұндай жағдайда Ресейді империя деңгейіне көтеруді аңсайтын  В.Путиннің командасы үшін ұлтшылдығының бір сарқыны жүзінен көрініп тұрған Иманғали Тасмағамбетовты қолдай қоя ма? Әрине, біз ұлтшыл десек те, кейіпкеріміздің көршімізге, орыс халқына деген құрметі ерекше.  Көп марапаттарының ішінде ресейлік «Достық», одан бөлек православ шіркеуінен алған арнайы ордені және бар.  Шоу-бизнестің «патшасы» Игорь Крутой секілді жан достары да көп. Бірақ, И.Крутойлармен достығы И.Тасмағамбетов үшін Ресей саяси элитасының есігін аша қоймас. Тіпті олар оны қолдағысы келсе де, кейіпкеріміздің мінезінен сескенуі мүмкін. Себебі, И.Тасмағамбетов билікке келсе, олар үшін Израилдың басын ауыртып жүрген Түркияның Тайып Эрдоғаны секілді болып кетуі бек мүмкін. Өйткені, әлдекімдер қаласа да, қаламаса да, елімізде ұлттық сана сезім қарқынды жетілу үстінде. Ал, кез-келген есі бар басшы көпшіліктің тілегінен асып кете алмайды. 

Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев өзін халық қолдағанша, денсаулығы мұрсат бергенше елді басқара беретінін жасырмай айтты. Ал, өтпелі кезең келгенде президенттің өз «өнімі» Иманғали Тасмағамбетов сайлауға түссе, халық таңдауында сөзсіз жеңіске жетеріне ойланбастан бәс тігуге болады. Бірақ, ол үшін кейіпкерімізге екі мәселені шешу керек. Біріншісі- жақын болашақта басқа елге елші болып кетпей, бас сайлауға түсуге  шешім қабылдау. Екіншісі- өзінен сескенетін, өзімен санасқысы келмейтін топтардың тілін табу. Батасын алу... Келесіге дейінгі күніңіз жарық болғай!

Руслан Ербота

Қазақстанның 8 премьер-министрі: ең мықтысы мен ең осалы кім?
Әлия Назарбаеваға әкесінің құрметіне аталған қызғалдақтар тарту етілді (фото)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу