Кәрім Көкірекбаев. Кім?

Oinet.kz 23-01-2014 1048

Әрине, Жамбыл облысына Кәрім Көкірекбаев әкім болып тағайындалған кезде жергілікті жұрт болмаса, былайғы көпшілік «Бұл кім болды?» деп, жыға танымай қалғанын да жасыруға болмас. Бірақ, жаңа әкімнің өмірбаянын, қызметтік жолдарын оқыған елдің «Көкірекбаев деген нағыз еңбекте шыңдалған, қызметте сатылап өсіп, үлкен тәжірибе жинақтаған, көпті көрген іскер басшы екен» деп мақтап жатқанын да көзіміз көрді. 

Screenshot_18.jpg

Иә, бірнеше жылдан бері облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, жақында ғана Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалған Кәрім Насбекұлы шынында нағыз еңбекке піскен, нағыз кемел шағында үлкен биліктің бишігін ұстады. Содан болар, Әулиеатаның жаңа әкімі ә дегеннен-ақ қызу еңбекке белсеніп кірісіп кетті. Әрине, оның Жамбыл жерінің жағдайын, мәселесін бес саусағындай білетіні анық. Кәрім Насбекұлы кабинетінде отырып алып, кадрларды алып-тағайындаумен айналысып кетпей, бірден аудан аралап, елдің жағдайымен жақынырақ танысудан бастады. Аз күннің ішінде бір деммен барлық ауданды аралап шығып, қол астындағы басшыларды да, қосшыларды да шып-шып терлетіп, ертелі-кеш аттан еш түсірмеді. 

Осы сапар барысында Жуалыдағы «Бурный» ірімшік зауытының проблемасы, осы аудандағы «Қазмұнайқұрылыс» ЖШС-і қолға алған 280 орындық балабақшаның бүгінгі аянышты жағдайы, ауылға жас маман тарту, оған жағдай жасау мәселесі өткір айтылды. Облыс әкімінің Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Тимур Жаңабаевқа «Полковник мырза, мал ұрлығына тосқауыл қою керек. Ұры алыстан келмейді, ауылда оның сыбайласы бар...» деп кесіп айтуы көпшіліктің айызын қандырғаны анық. 

«Бүгін дұрыс білім мен тәрбие бере алмаған ұрпағымыздан ертең не күтеміз?» деп Байзақ ауданының білім сапасының төмен екенін сынға алған облыс басшысының сөзіне шынын айту керек, аудандық білім бөліміндегілер не айтарын білмей, дағдарып қалды. Сапар барысында «Жаңатас – су, жылу» коммуналдық кәсіпорнының директоры Ерімбек Қозыбақов «ЕуроХим Удобрение» компаниясының жалақысы төмен екенін айтып қалды.  К. Көкірекбаев мәселені жан-жақты зерделеу үшін облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жеңіс Тұяқовқа тиісті тапсырма берді.

Ауылдағы халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Күнде көріп жүрген соң бар кемшілікті алдымен солар біледі. Тек халықтан сұрай білу керек. Көкірекбаев аудандарға жасаған сапарында елмен шүйіркелесіп, жақынырақ тарта білді. Содан болар, проблемалар ашық айтылды. Және Кәрім Нәсбекұлының аудандардағы ахуалды бес саусағындай білетіндігі де аңғарылып тұрды. Кей аудандарда ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесінің мәз еместігі, бала өлімінің өскендігі, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іс бастаған кәсіпорындардың аздығы, кейбір мектептерде типтік үлгідегі спорт залының әлі күнге шешілмегендігі өткір қозғалды. Және айтылған әңгіме айтылған жерінде қалған жоқ, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. 

Кәрім Көкірекбаевтың негізгі мамандығы – теміржолшы. Жалпы Қазақстан теміржол саласында Көкірекбаевтар әулетінің есімі үлкен әріппен, зор мақтанышпен айтылады. Бұл әулеттің шойын жолға қосқан үлесі, еңбегі өте зор. Бұл мамандық атадан балаға мұра болып, әлі күнге әулетте абыроймен жалғасып келеді. Жамбыл облысында темір жол бармайтын аудан кемде-кем. Алаш қайраткері Тұрар Рысқұловтың ересен еңбегінің арқасында Түркісіб темір жолы қырғыз емес, қазақ жерімен көктей өткенінің арқасында бүгінде бұл шойын жол талай жанға, талай отбасыға несібе, табыс, бақыт болып тұрғаны анық. Әрине, Кәрім Насбекұлын теміржолшы болғаны үшін облысқа әкім етіп қоймағаны анық. Біздің білетініміз Кәрім Көкірекбаев бұл биікке өзінің еңбекқорлығы, жаңашылдығы, сабырлы мінезі, іскерлігі арқасында қол жеткізді. 

Әкеге қарап ұл өсер немесе Президент Әкімшілігін кімдер басқарды?
Қазақстанның 8 премьер-министрі: ең мықтысы мен ең осалы кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу