Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов кейінгі кездері әр жылды белгілі бір салаға арнап, айдар тағуды үрдіске айналдырды. Өтіп бара жатқан Ұлу жылы облыста «Ауыз су жылы» болып жарияланған. Енді бірер күнде табалдырықтан аттайтын Жылан жылын облыс әкімі қазан айында-ақ «Тұрғын үй жылы» деп жариялап қойды. Яғни, келер жылдан бастап облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, баспана мәселесін шеше алмай жүрген талай отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз. Айтқандай, Елбасының тапсырмасымен басталған «Қолжетімді баспана--2020» бағдарламасында Шымкент қаласына басымдық берілгенін де айта кеткен жөн шығар. Себебі халқы 1 миллионға жетіп қалған Шымкентте баспана мәселесі қазір өте өзекті. Облысымызда тұрғын үй бағасын тұрақты ұстап тұру үшін жыл сайын кемінде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс екен.
Тұрғын үй құрылысы қарқын алды дегенше құрылыс басқармасының жұмысы көбейеді деген сөз. Ал, басқарманың биыл тағайындалған бастығы Тұманбек Әлиев үшін алдағы жыл нағыз сынақ болғалы тұр. Оның қолынан не келетінін, облыс әкімі жүктеген сенімді қаншалықты ақтай алатынын көрсететін сәт келді.
«Турасын айтсаң туғаныңа жақпайсың» деген сөз осындайда айтылған шығар. Тұманбек Әлиевтің құрылыс басқармасының бастығы болып келгенге дейін құрылыс саласында бір күнде де істемегені, мамандығы бойынша инженер-механик екендігі туралы кезінде «Рейтинг» газетінде біраз мақалалар жарық көрген. Қазығұрт ауданының әкімі қызметінде жүріп, қат-қабат шаруаға қарамастан тағы бір жоғары оқу орнын тәмамдап, жасы елуге жеткенде диплом алғанына құтты болсын да айтқанбыз. Қазір Тұманбек Әлиевтің өткен еңбек жолы, атқарған қызметтері туралы ел арасында әрқилы әңгімелер айтылады. Бірақ ол жағына тереңдемей, тақырыпқа қайта оралсақ, қалай дегенмен де «Тұрғын үй жылы» Тұманбек Әлиевке сын болмақ. Өкінішке қарай ол құрылыс саласының тізгінін қолға алғалы құрылысқа қатысты былық-шылық бұрынғыдан көрі артпаса азаймағаны жайлы ақпараттар жиі айтылуға көшті. Әрине, реті келгенде бұл туралы бөлек әңгіме қозғамақпыз. Сонда қазірдің өзінде Тұманбек Әлиев басқаратын саланы тұман басып бара ма?
Мұрағаттан, 13.12.2012 ж