Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Тәртіптік кеңесте мәселесі қаралатын күні жоғары лауазымды шенеуніктердің бірінің ауырып қалатыны, бірінің іс-сапарға, бірінің демалысқа шығып кететіні бесенеден белгілі еді. Бұл жолы олай болмады. Өткен аптада Тәртіптік кеңес облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы—облыстың бас сәулетшісінің ісін қарады. Тәртіптік кеңестің тегеуріні күшейейін деді ме, әйтеуір, Бақытжан Әшірбаев жауапкершіліктен жалтарған жоқ. Кеңес мүшелерінің алдына келіп, тиісті «сыбағасын» арқалап кетті.
Облыстың бас сәулетшісі, білдей басқарманың бастығы не бүлдіріп қойды? Істің мән-жайына қарағанда, Б.Әшірбаевтың үстінен қозғалған тәртіптік іс жоғарыда аталған басқарманың бұрынғы қызметкері Г.Тілеукиеваның арызы негізінде қозғалған екен. Дәлірегі, биылдың наурызында басқарма бастығы Б.Әшірбаев штат санының қысқаруына байланысты мемлекеттік сатып алу және бақылау бөлімінің бас маманы Г.Тілеукиеваны қызметінен босатады. Бастығының шешімімен келіспеген Г.Тілеукиева Тәртіптік кеңеске арызданады. Тәртіптік кеңес тексеру жүргізіп, Б.Әшірбаевты жұмыстан шығару туралы бұйрығының заңға томпақ екенін анықтайды. Себебі Еңбек кодексі бойынша он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана Г.Тілеукиева қысқартуға құрығына ілінбеуге тиісті екен. Бастық о бастан-ақ қысқартуға Г.Тілеукиеваны іліндіруді көздеді ме, әлде басқа да себептер болды ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі, Б.Әшірбаев қысқартуға ілінетіні туралы алдын ала ескертуді тәртіп бойынша бөлімдегі төрт қызметкердің барлығына бірдей емес, тек Г.Тілеукиеваға ғана берген. Осыдан кейін Тәртіптік кеңес Б.Әшірбаевқа жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күшін жойып, Г.Тілеукиваны қызметіне қайта орналастыру туралы ұсыныс береді. Егер Б.Әшірбаев осы ұсынысты қабыл алып, жіберген қателігін түзеген болса, Тәртіптік кеңестің алдына келіп, терлеп-тепшімес еді-ау. Жоқ, ол ұсынысқа қырын қарап, өзбілермендікке салынған сияқты. Шенеунікті түбі сол өзбілермендік құртады емес пе?
Осыдан кейін амалы құрыған Г.Тілеукиева Шымкент қаласының Абай аудандық сотына арызданады. Сот 23 тамызда Б.Әшірбаевқа Г.Тілеукиеваны қызметіне қайта алуды және оның бос жүрген уақытындағы күндері үшін 114 803 теңге төлеуді міндеттейді. Заң бойынша еңбек дауларына қатысты сот шешімдері дереу орындалуға жататындықтан 7 қыркүйекте Б.Әшірбаев жұмыстан өзі шығарған қызметкерін қайта алуға мәжбүр болады. Бірақ жер құшып жеңілгісі келмейді, «жығылған күреске тоймайдының» керін келтіреді. Облыстық соттың апелляциялық алқасына арызданады. 19 қазанда аталған алқа аудандық соттың шешімін өзгерісіз қалдырады. Облыстық соттың кассациялық алқасына шағым береді. Бұл алқа да алдыңғы екі соттың шешімін күшінде қалдырады. Мәселе осымен де тынса мейлі ғой. Б.Әшірбаев жұмысқа қайта орналасқан Г.Тілеукиеваға ешқандай төлемақы, тіпті жалақысын да төлемейді. Г.Тілеукива тағы да Тәртіптік кеңестің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болады. Ақыры Тәртіптік кеңестің ара түсуінен кейін ғана Б.Әшірбаев Г.Тілеукиевамен толық есеп айырысқан.
Б.Әшірбаев Тәртіптік кеңеспен де «есеп айырысты». Кеңес мүшелерінің шешімімен оған Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзғаны үшін ескерту жазасы беру туралы ұсыныс облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жолданды.
Тәртіптік кеңестің шешімінің орындалатынына күмән келтіруге бомайтын шығар. Бірақ оның бергі жағында тағы бір мәселенің ұшы қылтияды. Кезінде облыс прокуроры болған, бүгінде Қаржы полициясы агенттігі төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов «жұмыстан заңсыз шығарылған қызметкердің бос жүрген уақытындағы төлемақысы қазынадан емес сол заңсыз бұйрықты шығарған басшының қалтасынан төленуі керек» дегенді жиі айтушы еді. Бұл қағида Б.Әшірбаевқа келгенде орындалды ма, жоқ па? Қайбір жолы тапсырған декларациясында 10 миллион теңгесі бар екенін көрсетіп, облыстағы ең дәулетті шенеуніктердің бірі екені баспасөзде жария болған Б.Әшірбаевқа 114 мың теңге дегеніңіз, не тәйірі.
Әрине, Бақытжан Әшірбаевтың өз саласының білгір маманы екеніне күмәніміз жоқ. Ол облыстың бас сәулетшісі болған тұста Шымкенттің екі бірдей бас жоспары бекітілді. Кадр мәселесін бүгінгідей бір бұйрықпен емес, майшаммен қарап шешетін кешегі партияның кезінде Б.Әшірбаев бар-жоғы 26 жасында-ақ Шымкент қаласының бас сәулетшісі болып тағайындалған екен. Бұл дегеніңіз екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ емес пе? Осы бақтың жетелуімен 2005 жылы облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанымен, оның қызығын ұзақ көре алмағанын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ шығар. Ойын-сауық ордасының басшысымен, тәртіп сақшыларымен көшеде ерегісіп, осы бір ыңғайсыз жәйт бүкіл елге жария болған соң, ол өз еркімен отставкіге кетті. Сол кезде баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды түсіндірген Б.Әшірбаев «осы оқиға қызметтік карьераңызға кері әсерін тигізеді деп ойлайсыз ба» деген сұраққа:
--Маған қызметтік карьера емес, ар-намыс қымбат,-- деген еді. Содан кейін бірнеше жыл саясат сахнасынан саяқ кеткен Б.Әшірбаев осыдан екі жыл бұрын облыстың бас сәулетшісі лаузымына қайта оралды. Одан бері заман өзгерді ме, әлде Б.Әшірбаев өзгерді ме кім білсін?! Ар-намысын бәрінен жоғары қоятын оның Ар-намыс кодексі бойынша тәртіптік жазаға тартылып жатқаны қайбір абырой дейсіз. Жалпы, Мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі бойынша ғана емес адамгершілік тұрғыдан алғанда жалғыз басты ананы қызметінен заңсыз босатып жіберу, онымен соттасу ер азаматқа жарасатын қылық па еді?!
Мұрағаттан, 13.12.2012 ж