Депутатпын деп Шералы Қаныбеков білгенін істей беруі керек пе?

Oinet.kz 06-10-2017 1282

Screenshot_21.jpg

350 мыңнан астам халық қоныстанған, тұрғындарының саны жағынан кішігірім облыстармен теңесіп қалатын  Мақтарал ауданы 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Мұндай мәліметті Мақтарал ауданы әкімдігі өзінің ресми сайты арқылы таратып отыр. Алайда 100 пайыздық көрсеткіш көзбояушылық, тек қағаз жүзіндегі мәлімет болып шықты. Шын мәнінде аудандағы біраз елдімекеннің тұрғындары әлі күнге ауыз суды көрші ауылдардан тасып ішеді. Бұл енді құрғақ мәлімет емес, прокуратураның анықтаған дерегі. 

 Естеріңізде болса, былтыр дау-дамаймен, жұрт күтпеген тосын оқиғалармен өткен облыстық мәслихат сайлауының түңілігі түрілмей жатып, дәлірегі үгіт-насихат шараларының басталуын күтпестен  сайлауға  Мақтарал ауданындағы №27 Атакент сайлау округінен ат қосқан, «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған үміткер Шералы Қаныбековтің үш жерде ас беріп, ақсақалдардың өзін қолдап дауыс беретіні туралы уәделері мен ризашылығын алғандығын облыстық сайлау комиссиясының басшысының өзі мәлім еткен болатын. Қаныбековтың кандидатурасын алып тастауы мүмкін екендігі де айтылған. Алайда «Нұр Отанның» үміт артқан кандидатына тиіспейік деді ме, әлде ақсақалдардың берген батасын бұзбайық деді ме, әйтеуір, Қаныбеков додан сол жолы шеттетілмей қалған еді. Қаныбеков кезекті рет депутаттық мандатты иеленді. Ал депутаттық мандат дегеніңіз халықтың аманаты емес пе? Сайлауда талап-тәртіпке  де, заңға да бағынғысы келмейтін  Қаныбековтың осы аманатына қаншалықты адал екендігі енді белгілі болған сияқты. 

Қаныбеков пен ауыз судың арасында не байланыстың барын көзі қарақты оқырман түсінген шығар деген ойдамыз. Иә, рас, Шералы Қаныбеков Мақтарал аудандағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін «Мақтарал-Сервис» кәсіпорнына басшылық етеді. Қайбір жылдары жергілікті ақпарат құралдарында «Мақтарал-Сервис» мекемесінің ауыз жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін қазынадан   2012 жылы 192 миллион теңге, 2015 жылы 273 миллион теңге алғаны, қаржының бір бөлігінің құрдымға кеткені жазылған еді. Осы әңгіменің түбі негізсіз емес шығар. Өйткені Мақтаралдағы ауыз су жүйесі жамап-жасқалғанға, жаңару көргенге, ең бастысы бас иесі бар дүниеге ұқсамайтын сияқты. 

«Рейтинг» газетінің редакциясына  осы аптада Мақтарал ауданы Құрбан ата ауылының тұрғындарынан хат келді. Хатта тұрғындар бірнеше жылдардан бері ауыз судың азабын тартып келе жатқанын жазыпты. Бұған дейін де құзырлы органдарға, атқарушы билікке арызданғанымен, одан еш нәтиже болмаған көрінеді. Президент пен Үкімет жергілікті әкімдерге «халыққа сапалы ауыз су беріңдер» дейді. Ал хат иелерінің жазуына қарағанда,  ауыл халқы сапасыз судың өзіне зар болып отырғанға ұқсайды. 

-Сапасыз су берген басшылар халықтың денсаулығын неге ойламайды? Кейбір жерлерде сол сапасыз судың өзі де жоқ. Қазақстанның заңдарында халықты ауыз сумен қажетті мөлшерде және кепілді сапасымен бірінше кезекте қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Заңда «халықты ауыз сумен қамтамасыз ету әділ және теңдей қол жеткеізу прициптеріне негізделеді» делінген. Алайда Мақтарал ауданындағы ауыз судың жағдайы бұл талаптарға жауап бермейді. Биыл 19 мамырда аудан прокуратурасы біздің жазған арызымыз бойынша «Мақтарал- Сервис» мекемесінің жұмысындағы заңсыздықтарды анықтап, аудан әкімі Ғ.Исмаиловқа ұсыныс хат жолдаған болатын. Алайда арада төрт ай өтсе де кінәлі азаматтарға шара қолданылмай келеді. Аудан әкімі Ғ.Исмаиловты қарапайым халықтың мәселесі толғандырмайтын сияқты,-дейді хатта ауыл биі Сүйінбай Нәлібаев.  

Біздің қолымызға Мақтарал   ауданы прокурорының міндетін атқарушы А.Досаевтың Мақтарал ауданының әкімі Ғ.Исмаиловқа 19 мамыр күні жолдаған хаты түсті. Ұсыныс хатта Құрбан ата ауылы тұрғындарының жазған арызы бойынша «Мақтарал –Сервис» кәсіпорнында тексеру жұмыстары жүргізілгені, біраз фактілердің анықталғаны баяндалған. Елді мекендерге тәулік бойы су беріледі деген жай ғана құрған сөз болып шықты. Абибулла, Құрбан ата, Алғабас, Таубай ата, Қазыбек би, Жамбыл, А.Оспанов елді мекендеріне судың берілуі уақыты 12 сағаттан аспайды. Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, су 8-10 сағат, тіпті кей жерлерде 5 сағат қана беріледі. Судың сапасы нашар, тұзды. Құрбан ата ауылындағы жағдай тіптен нашар. Тексеру барысында Т.Мергенбаев көшесінде орналасқан су мұнарасының тесілгені, нысанның есігі жоқ, ішінде сиырлардың жүргені анықталған. Ауыз су ауылдағы 323 абоненттің 150-ге жуығына ғана жетеді. Қалған абоненттерге су жетпегендіктен, олар көрші жатқан Алғабас, Абибулла елдімекендерінен тасып ішеді. «Мақтарал-Сервистің» қызметі сапасыз болғанымен  төлемақысы қымбат. Адам басына 220 теңгеден деп белгіленген. Ал кейбір отбасылардан айына 500-1000 теңгеден жинап алады. Ауылда 2 «Омега» су тазарту қондырғысы жұмыс істейді. 1 литр су 1 теңгеден сатылады. Сонда тұрғындар 1 текше метр су үшін қанша ақша төлейтінін өзіңіз есептей беріңіз.   

«Мақтарал –Сервис» кәсіпорнының жұмысын бұған дейін аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы да тексеріп, біраз жайттың бетін ашқан. Тексеру барысында  Құрбан ата, Жамбыл елдімекендеріндегі су нысандарының санитарлық жаңдайы талапқа сай келмеген. Ауыз судың сапасы да күмән келтіреді. Судың сапасын бақылау,  су құбыры желілеріне дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін лицензиялық құқығы бар арнайы мекемемен келісім шарт түзілмеген. Осыған байланысты  Тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы Әкімшілік кодекстің 462-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырады. Бірақ хаттамада көрсетілген ескертулер орындалмаған. Ескертулерге құлақ аспаған соң басқарма сотқа жүгінген.

Мақтарал аудандық сотының 2017 жылдың 3 ақпанында «Мақтарал-Сервис» кәсіпорнына қатысты арнайы қаулы шығарып, әкімшілік айыппұл салады. Қаулыда Шералы Қаныбеков басшылық ететін кәсіпорын қызмет көрсететін елді мекендердегі ауыз судың санитарлық талаптарға сай келмейтіні, ауыз судың сапасының күмән келтіретіні жазылған. Бір қызығы, Тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы әкімшілік хаттаманы кәсіпорынның басшысы Шералы Қаныбековтың үстінен толтырған.  Жауапкершілікке тартылатын тұлға да Қаныбековтың өзі болуы тиіс еді. Бірақ жеме-жемге келгенде 212 100 теңге айыппұл Қаныбековке емес, кәсіпорынға салынған.  

Ақпанда шыққан соттың қаулысынан кейін де «Мақтарал сервистегі» жағдай оңалмаған. Мамырда тексеру жүргізген прокуратура жағдайдың бәз-баяғы қалпынде екендігіне көз жеткізеді. Сонда бұл неғылған жауапсыздық?   Қаныбековты халық депутаттыққа осылайша елді суға зарықтырсын деп сайлап па?  

-Аудан әкімі Ғ.Исмаилов Ш.Қаныбековты сапасыз тірлігі үшін  жұмыстан босатудың орнына қайта оған қолдау көрсетіп келеді. Былтыр Шералы Қаныбеков 5 қарашада зейнеткерлік жасқа толды. Аудан әкімдігі онымен арадағы келісім-шартты  1 жылға ұзартты. Бір қызығы, келісім шарт арада екі айдай  уақыт өткенде 2017 жылдың 5 қаңтарында жасалады. Бұл жерде де заң талаптары бұзылып тұр,-дейді Құрбан ата ауылының тұрғындары жазған хаттарында. Халықтың Қаныбеков қызметтен кетсе, бір жаңалық, оң өзгеріс болады деп үміттенетіні байқалады. Алайда бұл өзгерістің ауылы әлі алыста жатқан сияқты.  Біз мән-жайды білу үшін Мақтарал ауданы әкімінің ауыз су саласына жауапты орынбасары Бақыт Асановпен хабарласқан болатынбыз. Ол:

- «Мақтарал-Сервис» кәсіпорнының басшысы Шералы Қаныбековтың еңбек келісім-шарты заңға сәйкес бір жылға ұзартылған. 5 қаңтарда келісім-шарты бітеді. Құрбан ата ауылына аудан әкімі Ғалым Исмаиловтың өзі де барып мән-жайды көріп, халықпен кездескен. Қазір жер асты суларын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Желтоқсанда бітеді. Келесі жылы ауыз суды халыққа жеткізу үшін жобалау құжаттарына қазынадан қаржы қарастырып жатырмыз. Қазір Құрбан атада екі ұңғыма жұмыс істеп тұр,-деді. «Мақтарал-Сервистің» басшыларымен де тілдесіп, мән-жайды сұрамақ болғанбыз. Кәсіпорынның Қазыбек би ауылдық округі  бойынша учаске басшысы Қайрат Надировпен тілдесудің сәті түсті.  Ол қызметке келгеніне 10 күн болғанын, қазіргі уақытта халықтың төлемақыдан 9,5 миллион теңге қарызы барын мәлім етті. Әңгімесінің соңында ауылға 2018 жылы жаңа ауыз су жүйесінің жүргізілетінін жеткізді. Алайда бұл да құрғақ уәде болып шықпасына кім кепіл?  

Жалпы, қазір депутат болудағы мақсат-мүдденің өзгеріп бара жатқаны жасырын емес. Біреу депутаттыққа бизнесін қорғау үшін,  мандатын пайдаланып, билікке, дәлірегі сол билік өткізген тендерге қандай да бір ықпал ету үшін жүгіреді.   Енді бір қауым депутаттыққа басшылық креслосында мығым отыру үшін, жергілікті әкімдердің алдында абыройлы-беделді көріну үшін барады. Қаныбековты осылардың екеуімен де байланыстырсақ қателеспеуіміз мүмкін. Облыстық мәслихаттағы мандаты болмаса, жұмысын жөнге қоя алмаған шенеунікті аудан әкімі Ғ.Исмаилов  баяғыда-ақ қызметінен  алып тастар ма еді? Рас, ұзанқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда Қаныбеков те біраз бизнесті дөңгелетіп отырғанға ұқсайды. Дегенмен жекеменшігіндегі бизнестен гөрі кәсіпорындағы «бизнестің» қызығы көбірек болып тұр ма? Біз «Мақтарал –Сервис» кәсіпорнындағы желге ұшқан, жырымдалған, талан-таражға түскен қаржылар туралы фактілерді журналистік зерттеулерімізде газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінде баяндайтын боламыз. 

Б. Ерназар,

Рейтинг газеті

Тәжікстанда той-томалақ өткізудің тәртібі бекітілді
Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу