Тәжікстанда той-томалақ өткізудің тәртібі бекітілді

Oinet.kz 28-11-2017 829

Screenshot_15.jpg

Тәжікстанның дін істер жөніндегі комитеті ғұламалар кеңесі мен исламтану орталығының мамандарымен бірлесіп, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу, аза тұту және қазаға көңіл айтудың тәртібіне қатысты арнайы ережені бекітті. Қазір осы ереже баспаханаларда 500 мың тиражбен басылып шығып,   көрнекі орындарға ілініп жатыр. Сонымен жаңа ережеде не дейді? 

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға қатысты рәсімдердің бәрі Тәжікстанда ресми ұстаным болып саналатын ислам дінінің ханафит мазхабымен сәйкес келуі тиіс. Ережеде марқұмның жаназасының қай кезде оқылатыны көрсетілген. Бұл мерзім марқұмның тәуліктің қай кезеңінде қайтыс болғанымен байланысты. Ал тәуліктік мерзім таң, бесін, екінті, шам және құтпан намаздарын оқу уақытымен есептеледі. Марқұмның көрін қазушылардың ақысын оның туыстары куәгерлердің көзінше береді. Аза тұту кезінде жылауға рұқсат етіледі, бірақ қатты дауыс шығаруға, шашын жұлуға, бетін тырнауға болмайды. Жоқтау үшін адам жалдауға қатаң тыйым салынады.  

Ерекше жағдайларда мәйітті үш күнге дейін жерлемей, үйде сақтауға болады. Өлік шыққан үйде оның жақын туыстарынан басқа адамдардың түнеуіне болмайды. Ережеде аза тұту кезінде ерлер мен әйелдердің киетін киімдеріне дейін жазылған. Қара киім киюге болмайды. Ерлер көк түсті шапан, бастарына тақия киеді. Әйелдер жағы бастарына көк түсті орамал салып, кең көк түсті көйлекпен жүреді. Қара киім киюге неге тыйым салынады? Себебі ғұламалардың айтуынша, ислам дінінде аза тұту кезінде қара киім  кию дәстүрі жоқ. Мәселен арабтар мұндай кезде ақ түсті киім киеді екен.   Марқұмның жаназасын ресми бекітілген имам шығарады. Жаназа кезінде миркофон қолданылмайды. Жаназа жиналушыларға марқұмды жерлеп болған соң қаралы үйге қайтып келмеуге кеңес беріледі. Сондай-ақ, қаралы үйде мал сойылмайды, келушілерге арнап дастархан жайылмайды. Бұған дейін қалыптасқан дәстүрге сәйкес марқұмның үшкүндігін, жетісін, қырқын және жылдық асын беруде ысырапшылдыққа жол берілмейді. Мұндай жиында 80 адамнан артық адамға тамақ берілмейді. 

Бұлардан бөлек Тәжікстанда той-томалаққа да шектеу қойылып отыр. Заңға сәйкес мемлекеттік лауазымды қызметке тағайындалуды, әскери шен алуды, мемлекеттік сыйлық немесе ғылыми атақ алуды атап өтуге тыйым салынды. Туған күнді әркім тек өз отбасымен ғана атап өтеді. Ал той жасаған азаматтардың шақырған қонақтары 150 адамнан аспауы тиіс. 

Барлық той-томалақтар демалыс күндері азанға сағат 10-нан кешкі сағат 11-ге дейін, ал жұмыс күндері 18-23 сағат аралығында өтуі тиіс. Әрине, заң орындалуымен құнды. Аталған тәртіптің сақталуын қадағалау үшін Президенттің атқару аппаратынан арнайы басқарма құрылды. Сондай-ақ, штат саны 30 адамнан асатын барлық кәсіпорындарда (мемлекеттік, жекеменшік болсын) жоғарыдағы тәртіптік сақталуын бақылайтын қоғамдық комиссия құрылуда. 

Тәжікстанда мемлекеттік мерекелерді атап өтуде де артық шығынға жол бермеуі жағы қарастырылуда.

-Мәселен, бұқаралық іс-шараларда он мыңдаған арнайы киімдер тігіледі. Бұл киімді бір рет қана қолданылады. Киімге кеткен шығын қазынадан төленеді. Сондықтан бұл жағын да заңмен реттелуі тиіс,-дейді Тәжікстанның шенеуніктері.  

Той-томалақ пен жиындарды өткізудің тәртібін заңмен реттеу түбінде Қазақстанда да жасалуы мүмкін.

Түркіменстан - бақытты ел
Депутатпын деп Шералы Қаныбеков білгенін істей беруі керек пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу