«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Каталония түбі Испаниядан тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет болуы мүмкін. Өйткені Испания сияқты демократиялық ел бәрібір көптің қалауына қарсы шыға алмайды.
1 қазанда өткен референдумда Каталония сайлаушыларының 90 пайызы дауыс берді. Бұл ұзын-саны 2,3 миллион адам. Дауыс берушілердің 2 миллионы Каталонияның Испаниядан тәуелсіздік алуын жақтаса, 176 мыңы – қарсы болған.
Каталония үкіметінің басшысы Карлес Пучдемо Каталонияның дербес мемлекет болу құқығын жеңіп алғанын, дауыс берудің қорытындысын жақын күндері Парламентке беретінін мәлім етті.
Алайда Испания Каталониядағы референдумды мойындамай отыр. Премьер Мариано Рахой «ешқандай референдум болған жоқ» деп кесіп айтты. Мұның соңы каталониялықтардың жаппай көшеге наразылық шеруіне шығуына, оның соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Соңғы мәліметтер бойынша, полициямен қақтығыстардан 844 адам зардап шекті. Ал Испанияның ішкі істер органдары «12 адам жараланды» деп хабарлады. Каталония билігі Еуроодақтан көмек сұрады. Соңғы мәліметтерге қарағанда, полиция Каталонияның Испаниядан тәуелсіздік алып, референдум өткізуіне мүмкіндік бермес үшін күш қолданған. Кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру бюллетендері мен жәшіктері тәркіленген. Испанияның Конституциялық соты референдум өткізуді заңсыз деп жариялаған.
Сейсенбіде Испанияның әділет министрі Рафаэль Катала ресми Мадридтің Каталонияның тәуелсіздік жариялауына жол бермейтінін мәлім етті.
-Егер біреу-міреу Испанияның бір бөлігін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялауды жоспарлап жүрген болса, оның мүмкін еместігін мәлім етемін. Бұған кедергі жасау үшін заң аясында қолдан келгеннің бәрін жасаймыз,-деді министр.
Каталониядағы жағдайдан алпауыт елдер саяси ойын жасауы мүмкін. Әсіресе, санкциялардан кейін Еуроодаққа деген өкпесі қара қазандай болып жүрген Кремль қарап отырмайды.
-Путин Еуроодақтағы тыныштықты шайқау үшін бұл мүмкіндікті құр жібермейді,-деп шулап жатыр әлемдік ақпарат құралдары. Испанияның ABC.es, басылымының жазуынша, қазірдің өзінде Ресейдің телеарналары ақпараттық шабуылға кірісіп кеткен. Испан тілінде хабар тарататын ресейлік RT телеарнасы Каталониядағы жағдай туралы бұрмаланған ақпараттарды жаудырып жатқан көрінеді. Facebook, Twitter сияқты танымал әлеуметтік желісін қолданушылар да Испан өкіметіне қарсы майданды бастап кетті.
Жоғарыдағы басылымның жазуынша, дәл қазір Кремль Батыспен ашық айқасқа шығудан тайсалады. Сондықтан ол «гирбридті соғысты» қолайлы көреді. Мұндай тәсіл Қырымды өзіне қосып алуда, Украинадағы қақтығыстар кезінде қолданылған.
Дегенмен мұның алдында Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу Каталониядағы референдумға Испанияның ішкі мәселесі деп қарайтынын мәлім еткен болатын.