Қоқыс зауытына қатысты түйінді Түймебаев шеше ала ма?
Оңтүстікте соңғы 10 жылдың көлемінде қоқыс өңдейтін зауыт салу «жырға» айналып келеді. Жаңалыспасақ, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарататын кәсіпорын салу 2006 жылы Шымкенттің әкімі болған Өмірзақ Әметтің кезінде қолға алынған. Сол жылдары жергілікті телеарнаға сұхбат берген әкім тұрғындарға «енді жақында сіздерден қоқысты сатып алатын боламыз» дегені елдің әлі есінде. Арада 11 жыл өтсе де Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылған жоқ. Рас, әр әкімнің тұсында осы жөнінде бір жобаның құлағы қылтиып қалады. Бірақ іске кірісіп жатқан зауыт жоқ, тұрғындардан қоқысты сатып алып жатқан пенде де көрінбейді.
Қоқыс зауытын салуға шетел инвесторларын тартуға бұрынғы облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов құлшына кіріскен. Былтыр сәуірде Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде өткен «Ontustik Invest – 2016» халықаралық инвестициялық форумында әлемнің 20 елінен келген 600-ден аса кәсіпкерлері жиналып, жалпы құны 2,5 миллиард долларды құрайтын 40-қа жуық меморандумға қол қойғаны есте қалыпты. 2,5 миллиард доллар келісімнің қаншасының жүзеге асқанын, қаншасының ауада қалқып қалғанын қазір есептеп жатқан ешкім жоқ-ау, сірә. Сол форумда Малайзиядан келген инвесторлар Шымкентте бірнеше жылдан бері айтылып, «алынбас қамалға» айналған қоқыс өңдейтін кәсіпорын салуға ниет білдірген-ді. Бейбіт Атамқұловтың әкімдік қызметке дейін Қазақстанның Малайзиядағы елші қызметін атқарғаны, сол жақта жүріп, елдің премьер-министрімен құда болғаны белгілі. Құдалар жергілікті кәсіпкерлердің тісі батпай жүрген қоқыс зауытын саламыз деп жатса, бұған неге қуанбасқа!? Алайда құдалар салатын қоқыс зауыты жобасы көп ұзамай-ақ қоқыс жәшігіне лақтырылған болу керек. Бейбіт Атамқұлов әкімдіктен министрлікке ауысқан соң инвесторлар райларынан қайтып қалды ма, әйтеуір қоқыс зауыты туралы тақырып соңғы бір жылдың көлемінде тым-тырыс болуға айналған.
Міне, осы тыныштықты облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұзды. Өңір басшысының араб инвесторларымен кездесу өткізіп, тағы да сол толғағы тым ұзаққа созылып кеткен қоқыс өңдейтін зауыт салу туралы әңгіме қозғағанына көп бола қойған жоқ.
-Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша облысымызға бұған дейін де бірнеше ұсыныстар келіп түскен болатын. Алайда олардың бірқатары қағаз жүзінде іске аспай қалды. Оған бірқатар себептер болғаны да жасырын емес,-деген өңір басшысы аталған зауыттың құрылысын тездетіп бастап, іске асыруды, арнайы жұмысшы тобын құруды, атқарылатын шаруалардың кестесі түзуді тапсырды.
Қоқыс зауытын саламыз деп, алақанын ысқылап отырған Біріккен Араб Әмірлігінің «Schneider & Danzey FZC» компаниясы 25 жылдан бері түрлі салаларда еңбек етіпті. Негізінен бизнес жобалар әзірлеп, инвестициялық ірі құрылымдарды құруға жәрдемдеседі екен. Компанияның басшылары Йорга Шнайдер мен Крейг Дензидің айтуынша, олар екі бағытта жұмыс істейді. Бірі тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу болса, бірі – жасыл экономика саласын дамыту. «Аталған екі жоба да экологияға зиянсыз әрі екі жаққа да өте тиімді деп ойлаймыз», - дейді инвесторлар. Осы кездесуде мәлім болған әңгімелерге қарағанда, аталған зауыт Түркістан мен Кентау қалалары төңірегіннен немесе Сарыағаш, Мақтарал аудандарының маңынан салу көзделген. Бірақ бұл жолғы жобаның да қағаз жүзінде қалмасына кім кепіл? Жалпы қоқыс зауытын салу неге соншалықты машақаты көп шаруа болып кетті?
Біз осыдан 5-6 жыл уақыт бұрын Шымкентте қоқыс зауытын салумен айналысқан жергілікті кәсіпкер, Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Жамбыл Қалауовпен хабарласқан едік.
-Қоқыс зауыты жобасында қазір мен жоқпын. Осы жобамен 7-8 жыл жұмыс істедік, 2014 жылы бәрін жиыстырып кетіп қалғанмын. Нәтиже болмады. Қазір ауыл шаруашылығымен айналысамын,-деді кәсіпкер. «Неге?» деге сауалға Ж.Қалауов:
-Қоқыс зауытын саламын деген кәсіпкер жергілікті билікпен жақсы қарым-қатынаста болуы тиіс. Жобаны сонда ғана жүзеге асыруға болады. Бірақ ондай мүмкіндік бәрінде жоқ. Жұрттың бәріне ұнай беретін 100 долларлық купюра емеспіз қой. Пенде болған соң түрлі жағдайлар кездеседі...Қоқыс зауытындағы ең үлкен проблема әкімдердің ауыса бергені. Бір әкімнің тірлігін бір әкім жаратпай тастайды. Нәтижесінде кәсіпкердің мүддесі аяқасты болады. Әу баста Өмірзақ Әмет бұл жұмыстарды қолдаған еді. Одан кейінгі әкіммен түсінісе алмадық. Одан кейінгі әкім қолдап еді, одан кейінгісімен онша болмай қалды дегендей тірлік. Жергілікті кәсіпкерлер осы әкім ауысу проблемасынан қашады. Өз басым облыс басшысы Түймебаевтың бастамасын қолдаймын. Арабтар инвестицияны бекерге салмайды. Олар жоғарыдағылардың қолдауымен келіп отырған болуы мүмкін. Ал жалпы алғанда облысқа қоқыс өңдейтін зауыт ауадай қажет. Бір реттік полиэтилен қалтаның өзі елу жылда шіриді. Қаншама тұрмыстық қалдық айналаны, топырақты ластап жатыр. Қоқысты кәдеге жаратуды мықтап тұрып қолға алатын кез келді,-деді экс-депутат.
Осылайша былтыр құдалар салып береді деген қоқыс зауытына енді арабтар араласты. Бұдан қаншалықты нәтиже шығар екен? Күтейік.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ