Әкімдердің тең жартысы әскерге бармапты
Халық сыншы. Өзіне қызмет етіп жүрген әкімдердің әрекеті мен әңгімесіне, тіпті түр-тұлғасына қарап баға беретіндер көп. Ұзақ ойланатын, сылбыр қимылдайтындарын сынап жатады. Кездесуге кешігіп келетіндеріне, көпшілікті күттіріп қоятындарына «әй осы әкім әскерге бармаған-ау» деп кейістік білдіріп жататындар да аз емес. Иә, әскери қызмет биік моральдық-этикалық өнегелілікті, темірдей тәртіпке көніп, күні-түні елге қызмет етуді, кез келген жаннан қажыр-қайрат пен зор табандылықты талап етеді. Қарапайым халықтың белгіленген уақыттан кешігіп жүретін әкімнің әскерге бармағанын айтып, темірдей тәртіпті талап етуі де орынды. Әсіресе, айтқан жерден аулақ, төтенше жағдайларда әкімдерге әскери дағды қажет-ақ.
«Апат айтып келмейді» дейді. Еліміздің бірқатар аймақтарында көктемде елді мекендер тасқын судан зардап шекті. Осындай, тосыннан келген қиын жағдайда ауыл адамдарының абдырап қалмай, бір кісідей жұмылып, қарсы тұруы, тіршілік қамын жасауы маңызды. Бүкіл жағдайдың қиындап кетпеуіне жергілікті әкімнің дұрыс іс-әрекеті оң ықпалын тигізері анық. Қауіп төнгенде әкім мен төтенше жағдай қызметшілері дер кезінде жетіп, қажетті қызмет көрсетуі тиіс. Өйткені, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктiң сақталуын қамтамасыз етуді ұйымдастыру, өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi жөнiндегi заңнамалардың орындалуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету, азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету - қала, аудан әкімдерінің функционалдық міндеттерінің бірі.
Ал осындай міндеттерді орындауда әкімдердің әскери дайындығы қай деңгейде? Елдің тыныштығы – басты байлығымыз. Осынша ұлан-ғайыр, ұшса құс қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын қасиетті қазақ жерін ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен біздерге аманат етіп қалдырды. Сондықтан әрбір жастың әскер қатарына сап түзеп, ел үшін қызмет еткенін мақұл көреміз. Әскерге бару – әр ер азаматтың Отан алдындағы борышы. Жауапты міндеті. Жоғарыда айтып өткен міндеттерді орындауда әкімдердің әскери қызметте болғаны өздері үшін өте пайдалы. Жалпы қаруды тануды, саптық даярлықты меңгеру, өмірлік қауіпсіздік ережелерін жаттап, әскери жарғының не екенін түсініп, аймақты барлау әдісін, қару қолданудың қатаң қағидаларын меңгеріп, шапшаң, ширақ қимылдауды мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәні үйретеді.Ал әскери борышын өтеуге келген әрбір азамат мектепте алған дайындығын жетілдіре, шыңдала түсері анық. Әскерде болған әкім кез-келген төтенше жағдайда шұғыл шешім қабылдап, барлық шараны дұрыс ұйымдастыра алары күмәнсіз. Осы орайда біз Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан, қала әкімдерінің әскери қызметін зерделеп көрген едік. Анық болғаны, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 15 аудан-қала әкімдерінің жетеуі әскерге барса, қалғаны бармаған. Нақтырақ айтсақ, әскерге барған әкімдер: Бахтияр Мамаев, Сайрам ауданының әкімі, қазір запастағы лейтенант. Қайрат Әбдуәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі, запастағы лейтенант. Бұхарбай Парманов, Төлеби ауданының әкімі, аға сержант. Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі, запастағы аға лейтенант. Әбдібақыт Мақұлбаев, Кентау қаласының әкімі, запастағы аға лейтанант. Бахытбек Танагөзов, Бәйдібек ауданының әкімі, запастағы аға лейтанант. Рашид Қайыпжанов, Ордабасы ауданының әкімі, аға сержант.
Әскерге бармаған әкімдердің де әскери шені бар. Мысалы, Төлеген Телғараев, Қазығұрт ауданының әкімі, запастағы лейтенант. Ғалым Исмаилов, Мақтарал ауданының әкімі, запастағы аға лейтенант. Ерлан Айтаханов, Отырар ауданының әкімі, запастағы лейтенант. Нұрбол Тұрашбеков, Түлкібас ауданының әкімі, запастағы лейтенант.Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі, запастағы аға лейтенант. Салыхан Полатов, Созақ ауданының әкімі, запастағы аға лейтанант. Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі, запастағы лейтанант. Мұрат Қадірбек, Арыс қаласының әкімі, қатардағы жауынгер.
Әрине, әкімдерге «сендер әскерде болмадыңдар» деп ешкім кінә таға алмас. Отансүйгіштік, патриоттық сезім, елге адал қызмет ету секілді шынайы қасиеттер әскерге барғанда болып, бармағанда мүлдем жоқ деген түсінік қате. Ондай қасиет әрбір адамның жүрегінде жүреді. Онымен тұрмай, жоғары оқу орындарының кейбірінде әскери факультеттер бар. Әскерге бармағанымен лейтенант, аға лейтенант шешіндегі әкімдер сол факультетті тәмамдағаны анық. Бұл орайда, қатардағы жауынгер, Арыс қаласының әкімі М.Қадірбек белгілі бір жағдайларда майорлар мен подполковниктерге өзінен шені жоғары екеніне қарамастан тапсырма беріп жүрсе, бұл әскери қызмет емес, мемлекеттік қызметтегі іс-әрекеті екені мәлім.
Әкімдер ғана емес, ат жалын тартып туған ұл болғаннан кейін, азаматтық борышты өтеу, «тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға» әскери антты қабылдау маңызды. Әскерге жарамсыз жағдай болған күннің өзінде бұл антты білу, біздіңше, әрбір ел азаматы үшін міндетті. Себебі әскери ант - тек әскерге барып борыш өтеу емес, елдің ішінде жүріп тыныштық үшін күресу, қолдан келсе азаматтық көмек көрсету.
Осы арада есімізге «Аяз би» ертегісі түсіп отыр. Бұл ертегіні ауыл, аудан, қала, облыс басқарып жүрген әкімдердің де оқығанына күмәніміз жоқ. Дегенмен, «отызында орда бұзып, қырқында қамал алған» бүгінгі әкімдерде босағаға ілетін жыртық тон мен жаман тымақ болмағаны анық. Заман басқа. Ал енді тәубасынан жаңылмас үшін сенім білдірген елі мен Елбасы екенін әрдайым есіне алып, жанынан табылар Ата заңды қайта парақтап шығатын болар. Ертегідегі бас кейіпкердің әрекетін біз әңгімелеген жәйтке қатыстыра айтсақ, әр әкімнің босағасында әскери киімі ілулі тұрса, үнемі өзінің физикалық қалыбына мән беріп, ширақтығымен, сымбатымен, темірдей тәртібімен жұртқа үлгі болар ма еді, деген ой келеді.