Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Солтүстік Корея қайта-қайта зымыран ұшырып, елдің зәре-құтын қашыруды әлі жалғастырып жатыр. Бұл үркітіп-қорқытулар өзінің алдына қойған миссиясын орындап жатыр десек те болады. Зымыран неғұрлым алысқа зымыраған сайын аузын айға білеген АҚШ әрбір сөзін ойланып барып айтатын дәрежеге жетті. Өйткені отпен, дәлірегі атом бомбасымен ойнағанның ақыры жаман болатынын АҚШ-тың генералдары жақсы біледі. Әттең, президент Трамптың санасына әлі ешқандай сәуле түспеген сияқты.
Осы жуырда «АҚШ Пхеньянға соғыс жариялапты» деген сыбыс тарады. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті дереу бұл сыбыстың өтірік екендігін мәлім етті.
-АҚШ Солтүстік Кореяға соғыс жариялаған жоқ,-деді Мемлекеттік департаменттің Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағы бойынша өкілі Катина Адамс. Оның айтуынша, халықаралық кеңістікте ешқандай елдің су, әуе кемелеріне қарсы оқ атуға болмайды. Адамс сонымен бірге АҚШ-тың Корей түбегіндегі мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысып жатқанын жеткізді.
«АҚШ Солтүстік Кореяға бірінші болып ешқашан соғыс ашпайды». Мұндай пікірді Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтты.
-Америкалықтар Иракқа бірінші болып шабуыл жасады. Неге? Өйткені АҚШ Иракта жаппай қырып жоятын қару-жарақтың жоқ екендігіне 100 пайыз көз жеткізді. Ал Солтүстік Кореяға АҚШ бірінші болып шабуыл жасамайды. Себебі АҚШ бұл елде ядролық қарудың бар екендігін жақсы біледі. Жойқын қарудың бар екендігі күмәнді емес, оның нақты бар екендігі белгілі болып тұр, -деді министр НТВ арнасына берген сұхбатында. Лавровтың ойынша, егер соғыс басталып кетсе, оның салдары ауыр болады. Солтүстік Корея үшін ғана емес. Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей мен Қытайда мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған адам зардап шегуі мүмкін.
Лавровтың бұл сөзінен Кремльдің Корей түбегіндегі жағдайға қатысты ұстанған саясаты ап-айқын байқалады. Ресей Солтүстік Кореяны жалғыз тастап кетпейді. Корей түбегінде соғыс өрті тұтана қалса, Қытайдың да қарап жатпайтыны белгілі.
Екі жағында екі қолдаушысы тұрған Солтүстік Корея АҚШ-ты енді ашық айқасқа шақыра бастады. Жуырда Біріккен Ұлттар ұйымының мінберінде сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамп қызды-қыздымен «Солтүстік Кореяны түп тамырымен құртып жіберемін» деген болатын. Осы бір ауыз сөзді Солтүстік Корея соғыс ашу деп қабылдаған сияқты.
-Бүкіл әлем естеріңізге сақтаңыздар, АҚШ соғысты бірінші болып ашты,- деп мәлімдеді Солтүстік Кореяны Сыртқы істер министрі Ли Ен Хо. Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы бойынша әр елдің қорғануға құқығы барын алға тартқан министр:
-Бізге соғыс жариялауына байланысты енді АҚШ-тың ұшақтарын Солтүстік Кореяның кеңістігінен тыс аймақтарда да атып түсіре аламыз,- деді. Оның айтуынша, алдағы іс-әрекеттердің жоспарын қазір елдің жоғарғы басшылары талқылап жатқан көрінеді.
21 қыркүйекте Reuters агенттігі Ресейдің танкерлерінің санкцияны айналып өтіп, Солтүстік Кореяға мұнай өнімдерін жеткізіп жатқанын жария етті.