Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Бизнес пен саясаттың талабы қатал: табысқа жету үшін отбасы, бала-шаға дегенді бір шетке сырып қою керек. Адам күш-қайратын да, уақытын да басыбүтін жұмысқа арнауғ мәжбүр болады. Алайда, саясат пен бизнесте бас айналарлық карьера жасап, сонымен қатар көпбалалы ата-ана атанған азаматтар аз емес.
Мәселен, қазақтан шыққан тұңғыш миллиардер, отандық қаржы жүйесінің жілігін шағып, майын ішкен «Казкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Сұбханбердин көп ақшасымен ғана емес, көп бала-шағасымен де мақтана алады. Сұбханбердин бір ұл, бес қыздың әкесі. Есімдері де «жаһандану» үрдісіне лайықталып қойылған - Жаннет (1989 ж. туылған), Нина (1999 ж.), Дария (2001 ж.), Шантель (2003 ж.), Жаклин (2005 ж.) және ұлы Оскар. 49 жастағы банкирдің байлығы 1,1 миллиард АҚШ долларына бағаланып, «Форбс» тізімінде 1140-шы орында жайғасты.
Фотода Әділбек Жақсыбековтың ұлы Дәурен Жақсыбек
Тағы бір көпбалалы танымал тұлға - Бекболат Тілеухан. Парламент Мәжілісінің экс-депутаты, қоғам қайраткері бүгінде жеті баланың әкесі. Қайбір сұхбатында Тілеухан оншақты баланың әкесі болуды қалайтынын жеткізген еді. Өзінің айтуы бойынша, үлкен екі ұлы АҚШ-та, мұнай-химия саласы бойынша білім алып жүр екен.
Қазіргі Парламентте Бекеңдей 7 баланы тәрбиелеп отырған рекордсмен жоқ. Әйтсе де, Мәжіліс көпбалалы ата-аналардан кенде емес. Парламенттің төрінде отырған халық қалаулыларының арасынан үш депутатты ерекше атап өткіміз келеді. Олар – Бақытбек Смағұл, Розақұл Халмұрадов пен Зағипа Балиева. Бұлардың әрқайсысы 6 баладан тәрбиелеп отыр.
Мың жерден мықты болса да, әйелдің аты әйел ғой. Табиғатынан саясаттан гөрі отбасы, ошақ қасына жақын болғандықтан көп ретте мықты карьера жасауға мүмкіндігі бола бермейді. Бірақ, Зағипа Балиеваның жөні бөлек. Парламенттегі «күміс алқаның» жалғыз иегері жайлы кеңірек тоқталып өткенді жөн көрдік. Сөз жоқ, отандық демократияның, әсіресе сайлау жүйесінің қалыптасуында Зағипа Балиева жетекші рольдердің бірін атқарды. Талай жыл сайлау комиссиясын басқарған ол небір дау-дамайдың ортасында қалса да, оны саясат сахнасынан ешкім кетіре алған жоқ. Орталық сайлау комиссиясын тоғыз жыл бойы басқару оңай дейсіз бе? 1996 жылы орталық сайлау комиссиясының төрайымы болып бекітіліп, 2006 жылы Әділет министрі атанған Балиева соңғы бес жылдан бері Парламенттегі белсенді депутаттың бірі. Жұрт қызыға да, қызғана да қарайтын карьера емес пе? Балиеваның айтуынша, ең қиын кезең сайлау комиссиясын басқарып тұрған шағына тұспа-тұс келген. Сұхбаттарының бірінде Зағипа ханым 1999 жылғы сайлау науқаны барысында «ортаншы ұлымды ұрлап кете жаздаған» деп сырын ашты. «Ернар институтта жүрген кезінде оның жанына екі адам келді. Сыртқа шығарып алып «Сен Балиев Ернарсың ба? Үстіңнен арыз түсті, бізбен милицияға жүр» деп, ескі бір «Жигулиге» нұсқады. Бірақ, балам жағдайды бірден түсініп, қашып құтыла алды. Бұл жағдай ұлыма қатты әсер етті, ол 10 күн бойына өз бөлмесінен шықпады. Алайда, бұл жайтты сайлау науқаны кезінде жұртшылыққа жария етуді жөн санамадым», деп ақтарылады Зағипа Яхьяқызы. Балиевтер отбасының бір сырын ашайық – Зағипа шын мәнінде 6 емес, 3 баланың анасы. Қалған үшеуін балалар үйінен асырап алған. Осы арқылы Зағипа Яхьяқызы өзінің және жолдасының балажандылығын байқатады.
Депутат Розақұл Халмұрадов алты баласымен мақтана алады. Оның әріптесі, Ауған соғысының ардагері әрі таэквандодан V дан – қара белбеу иегері Бақытбек Смағұл да төрт қыз бен екі ұлдың бақытты әкесі.
Бес баладан тәрбиелеп отырған халық қалаулыларының тобына депутаттар Оразкүл Асанғазы, Қуаныш Сұлтанов пен Мұрат Ахмадиевті жатқызамыз. Көпбалалы отбасы үлгісін насихаттайтын олар «балалы үй - базар» екенін жақсы біледі. Кезінде Сарыағаш ауданының әкімі қызметін атқарып, кейіннен Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасын басқарған Оразкүл Асанғазы саяси карьераға 40 жасынан асқанда келгенін жасырмайды. Яғни, бірінші орында әрқашан отбасы тұрғанын меңзейді. Ұрпақ өсіру мәселесіне қатысты депутат өз сұхбатында «карьера жасауға асықпай тұрып, балаларды өмірге әкеліп алу керек Құдай қаншасын нәсіп етсе, сонша сәбиді дүниеге әкелу керек» деген ұстанымын білдірген.
Иманғали Тасмағамбетов, Ерлан Қарин, Серік Үмбетов, Азат Перуашев, Жамбыл Ахметбеков сынды саясаткерлер төрт баладан, депутаттар Дариға Назарбаева, Мәулен Әшімбаев, Ромин Мәдинов, Мұхтар Тінікеев, Бақытжан Ертаев, Нұрғали Әшім үш перзенттен тәрбиелеп отыр. Еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажұлы да 3 баланың әкесі.
Ал енді ел Үкіметіне келер болсақ, мұнда кілең технократтар мен прагматиктер жиналып алған да дейсің. Рас, үш перзент тәрбиелеп отырғандар лауазым иелері жоқ емес, олардың қатарында Бахыт Сұлтанов, Ерлан Ыдырысов, Асылжан Мамытбеков пен Берік Имашевтің есімдері аталады. Әйткенмен, папкі арқалаған министрлердің басым бөлігі «бір ұл, бір қыз» деген стандартқа бекініп алған. Кейбірі бір перзентпен шектелсе, арасында бала сүймегені де бар. Өзіңіз қараңыз, премьер-министр Серік Ахметов, сонымен қатар министрлер Ерболат Досаев, Асқар Жұмағалиев, Нұрлан Қаппаров, Владимир Божко, Ұзақбай Қарабалин, Жанар Айтжанова бір ұл, бір қыздың ата-аналары. Болат Жәмішев екі ұлдың әкесі. Бір ұл немесе қызбен шектелгендер - Әділбек Жақсыбеков, Әсет Исекешев, Гүлшара Әбдіхалықова. Аслан Сәрінжіповтың қанша перзенті бары жайлы нақты мәлімет таппадық, бізге тек министрдің кішкентай қызын бала-бақшаға 3,5 жыл бойы орналастыра алмай әлек болғаны белгілі.
Бала саны бойынша Үкіметтің рекордсмені - Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бір ұл, төрт қыздың бақытты әкесі атанған ол перзенттеріне қазақы дәстүрде тәрбие беруге айрықша көңіл бөледі. Есесіне Үкіметте екі бойдақ министріміз бар. Бір қызығы, екеуі де әйел, екеуі дә әлеуметтік маңызы бар салаларды басқарып отыр. 52 жастан асса да денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова әлі тұрмыс құрмаған екен. Өзі лауазымды шенеунік, өзі медицина ғылымының докторы Салидат Зекенқызы бүкіл ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған. Бала-шағасы жайлы дерек таппадық. Тамар Дүйсенова Үкіметтегі әріптесіне қарағанда қарағанда жасырақ болғанымен, ол да тұрмыс құрмаған. Дүйсенованың перзенттері бар-жоғы бізге беймәлім.
Саяси элитадағы отбасы, перзент өсіруге деген ұстаным осындай. Әлбетте, жанұя құндылықтарына, отансүйгіштік рухтағы перзенттерді тәрбиелеп өсіргенге не жетсін? Мәселен, атақты Абылай хан он әйелінен 30 ұл, 40 қыз сүйген. Билік басындағылардың дана халқымыз қастерлеген асыл құндылықтарға көбірек көңіл бөлгені жөн ғой. Әйтпесе, қазір өсіп келе жатқан ұрпақ отбасы құрудан карьера жасауды әлдеқайда артық көріп, бұл өз кезегінде демографиялық тоқырауға жеткізуі де ғажап емес.