Шымкент қаласына жаңа әкім тағайындалды
05-09-2023
Осы апта абың-күбің әңгімеге толы болды. Әңгіменің бастысы – ЕХРО турасында. Қазақстанды кезекті рет әлем таныды. Жақсы жағы аз жазылып жатқан жоқ. Өкініштісі жағымсыз жағынан да шетелдік ақпарат құралдары шу көтеруде. «Қара пиар – ол да пиар» деген тәмсіл бар. Осы «пиардың» бәріне себепші – «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Сергей Куянов деген сабаз. Бұдан былай Куяновқа «стресс-секретарь» деген мәртебе берсе де болар.Мұны оған «теліп» берген – саясаткер Әміржан Қосанов. Өйткені Куянов бастығы Есімовтің ғана емес, соңғы күндері Елбасының да,қарапайым жұрттың да жүйкесін жұқартты...
Бұрнағы күні Foreign Policy деп аталатын америкалық басылымда журналист Джеймс Палмердің Астанада өтіп жатқан ЕХРО көрмесі туралы сын мақаласы жарияланды. Журналист репортажын былай бастайды: «Қазақстан футуристік қала тұрғызды. Мемлекеттің имиджін жақсарту үшін ол қалада халықаралық көрме өткізді. Алайда мұнда түйткілді мәселе бар: Астана қонақ шақыруды ұмытып кетіпті».
«Греция павильонында мен ғана болдым. Көптеген павильондарда қызметшілерден басқа ешкім жоқ. Тек Қытай, Германия, АҚШ сияқты елдердің павильонында ғана оншақты адамнан жүр...» деп ой қорытқан журналист қазақстандықтардың қалай шамына тиюге болатынын да біліп алыпты. Бұл жөнінде былай дейді: «Қазақстандықтың шамына тиюдің екі жолы бар: Боратты есіне салу керек немесе «Нұр Әлем» павильонын Өлім Жұлдызына теңеу қажет».
Бұдан әрі Джеймс Палмер Астананы «қияндағы қала» деп атап, «Өлім жұлдызына» 5 миллиард доллар шығындады. Бірақ ол тіпті лазер оқшантайымен де ата алмайды» деп мысқылдаған.
Тілші Астанадағы көрменің басты нысанын «Жұлдызды соғыс» фильмінің эпизодына ұқсатқан. Негізі, Палмердің сынына көрме ғана емес, Қазақстан билігі мен оның басшысы да ілінген. Бұл енді мүлдем бөлек тақырып...
Батыстық журналистің қыжыртпасы ең алдымен Сергей Куяновтың жүйкесін жұқартқанға ұқсайды. Жүйкесі жұқарғанда да... сыр берген ғой. Куянов былай дейді: «Біз мынаны анықтадық: біріншіден, ондай журналист (Палмер – ред.) бар, бірақ ол америкалық емес, Ұлыбритания азаматы. Оның Қазақстан туралы мақала жазғаны рас, бірақ ЕХРО өтіп жатқан кезде ол Қазақстанға келмеген.
Екіншіден, мұндай журналист болмаған немесе аккредитация алмаған.
Үшіншіден, қауіпсіздік департаментіндегі әріптестерден білгеніміздей, мұндай атпен Қазақстан шекарасын ешкім кесіп өтпеген».
Іле-шала британдық журналист Джеймс Палмер әлеуметтік желідегі парақшасында төлқұжатының суретін жариялап, былай деді: «Қазақстандағы жаңа оқырмандарыма сәлем жолдаймын! Сіздер – өте тамаша адамсыздар және әдемі елде тұрасыздар. Өкінішке қарай, үкіметтің ақымақ өкілдері араларыңызда жүр».
Сөйтті де, былай деп сұрақты қабырғасынан қойды: «Әй, Қазақстан үкіметі! Егер мен «ешқашан шекараны кесіп өтпеген» болсам, мына мөрлер менің төлқұжатымда қайдан жүр?!». Шынында да, Куянов айтқандай Палмер «шекарадан өтпесе», төлқұжатында қазақстандық мөр қалай жүр?
С.Куянов осымен қоя салса да ештеңе жоқ еді, «стресс-секретарь» одан әрі көсілді. «Мына мистер болып жатқан жағдайдан тез хабардар болып отырғанына қарағанда, баспасөз мәслихатына қатысқандай әсер қалдырады. Бұл белсенді мырза тіпті өзінің жексұрын шығармасын (мерзкий опус) таратуды ғана емес, оның әлеуметтік желіде тудырған әсерін де қадағалап отыр. Құдды бір әлдекімнің алдында міндеттемесі бар сияқты, бәлкім, ақша тапқысы келген шығар. Қысқасы, бұл мырза өте самдағай екен. Бір емес, бірнеше редакцияға шапшаң жазып жүр. Оның үстіне қазір шетелде қашып жүрген кедей емес азаматтарымыз бар. Бәрі де мүмкін. Самдағайлығына қарағанда, оған әлдекім көмектесіп жатқандай» деп бір-ақ кесіпті.
«Стресс-секретарь» дұрыс айтады, бәрі де мүмкін. Палмерге әлдекімнің көмектесуі ғажап емес екенін оның өзінен басқа ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда Куяновтың «қашып жүрген бай азаматтарымыз» туралы айтқаны қу тілді журналистерге тағы біразға дейін азық болатын түрі бар. Тіпті әлгі «самдағай» Палмердің өзіне де.
«Қашқын байлар» туралы айтқанда Куяновтың кімді меңзегені белгілі. Не Мұхтар Әблязов, не Виктор Храпунов, не Әкежан Қажыгелдин. Соңғысының саяси белсенділігі төмендегенін ескерсек, басты планға алғашқы екеуі шығады. Биліктегілердің қит етсе бар кінәні соларға аудара салуға машықтанып алғанынан қызық қашқаны былай тұрсын, күлкіге айнала бастады.
Әр нәрседен күдіктене беретін Куяновтың тағы бір сөзі мынадай: «...Нөмірі оқылмайтын шайналған билет пен төлқұжаттың түсініксіз мөрі бар бір парағы ештеңені дәлелдеп тұрған жоқ. Остап Бендер айтқандай, баспа ісі дамыған Батыстағы жағдайды ескерсек, бұл тіпті күлкілі. Сондықтан мен мұхиттың арғы жағындағы жазғышқа емес, қазақ офицерлеріне сенемін».
Енді мынаған назар салыңыз: factcheck.kz сайтының тілшісі Джеймс Палмерге тағы хабарласқан, Air Astana компаниясынан Палмерге қатысты қосымша дерек алған. Палмер ЕХРО билеті мен төлқұжатының мөрі бар бетін қайта салып, өзі көрмеде түсірген бірнеше суретін қоса жариялапты. Бастапқыда әуе компаниясының Палмерге қатысты дерегі сайтта жарияланған. ОндаПалмердің Пекиннен Алматы мен Астанаға келгені, одан әрі қайтадан Пекинге ұшып кеткені айтылады. Алайда кейіннен ол дерек өзгеріп, Палмердің 7 маусымда Алматыға келгені ғана сөз болды. Палмер мінген ұшақты Алматыға қарай кімнің «бұрып жібергені» белгісіз.
Куянов «қазақ офицерлеріне ғана сенемін» деген сөзді бекер айтты. Енді батыстық палмерлер қазақ офицерлерін Боратқа теңейтін болды. Офицерлердің не жазығы бар еді?
Бір құдыретті қол Палмерге қатысты дерек шыққан сайтты жауып тастайды, не ол туралы мақаланы түзеп жібереді. Айталық, Палмердің мақаласы шыққан Foreign Policy басылымының сайты ашылмай тұр. Бұған Палмер себеп болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бір анығы, осы мәселеге байланысты Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев: «Біріншіден, біз кез-келген сынға сабырмен қараймыз, мұны білесіздер. Сын да айтылды, ЕХРО туралы жағымды жайттар да сөз болып жүргенін көріп отырсыздар. Екінші мәселе –Foreign Policy басылымы сайтының ашылмай қалуына қатысты. Біз қазір мұнымен айналысып жатырмыз. Осы тақырыпты қыздыра түсу үшін мұны біреу әдейілеп жасауы мүмкін. Біздің тарапымыздан ондай әрекет болған жоқ» деді.
Министр Сергей Куяновқа қатысты былай деді: «Сіздер түсінуге тиіссіздер, Сергей қазір аса үлкен эмоционалды стерссте жүр. Бұл оның жұмысымен байланысты. Оны адам ретінде түсінуге болады, өйткені журналист Палмердің мәлімдемесі шындыққа сай емес...».
Міне, көрдіңіз бе, «стресс-секретарь» Сергей Куянов өзі «эмоционалдық стресске» түскенімен қоймай, өзгелердің де жүйкесін жұқартып жіберді. Жүйкесі жұқарған тек биліктегілер ғана емес, қоғам белсенділері де әрең жүр...
Айдос Сарым, саясаттанушы:
- Біз қандай адамбыз өзі?! Алдымен бәрін бір тесіктен өткіземіз де, бізді бәрі жақсы көреді және мақтайды деп күтеміз. Ал енді біреу сынай қалса, өлердей өкпелейміз. Сол кезде өтірікті судай сапырып, сынағанды ақымақ санаймыз. Мұндай нәрсеге күліп қана қоя салып, екі есе күш-қуатпен шаруаны дөңгелетіп әкетуге болады ғой.
Біздің биліктің сырттан болатын әсерді аса ауыр қабылдап, өз азаматтарының пікіріне пысқырып та қарамайтыны ашуымды келтіреді.
P.S. Биліктегілер Куяновтың жайын күйттеп жүргенде Джеймс Палмер Париждегі халықаралық көрмелер Бюросына және Мәскеудегі халықаралық медиа-топқа хат жазыпты. «Қазақстан билігі менің ар-намысымды таптады, ақымақтық жасады» деп.
«Стресс-секретарь» себеп болған «қара пиардың» көкесі енді басталмаса неғылсын...
Ерік Рахым