Күзетшіліктен мемлекет басшылығына дейін...
Астанадағы жаңадан салынған әуежайға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы үкіметтің қаулысы ресми баспасөзде жарияланды. Онда былай делінген: «Астана халықаралық әуежайын «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» деп өзгертілсін. Бұл қаулы алғаш рет ресми басылымда жарияланған соң күшіне енгізілсін».
Әуежайға Назарбаевтың есімін беру туралы бастаманы ең алғаш 2009 жылы сенатор Дархан Қалетаев көтерген. Бұл туралы Д.Қалетаевтың өзі былай дейді: «Мұндай ой журналистермен әңгімелесіп отырғанда туған. Менің ойымша мұндай ұсыныстар жұрт түсінгенге дейін «су түбінде» жатуы тиіс. Бірақ мен бұл ойымнан ешқашан бас тартқан емеспін және мұны әрдайым айтып жүрдім. Осыдан жарты жыл бұрын ғана Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты декларация қабылдағанда тағы айтқанмын. Әр нәрсе өз кезегімен келе жатыр».
Мұны Д.Қалетаевтың «көрегендігі» дейсіз бе, әлде әуежайға бәрібір Назарбаевтың есімі берілетінін білген соң ертерек қамдаған әрекеті дейсіз бе, өзіңіз біліңіз.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осы бір «айтулы күнмен» қазақстандықтарды құттықтады. «Шешім қабылдануымен қазақстандықтарды құттықтаймын. Мемлекеттің дамуына Ұлт көшбасшысының сіңірген еңбегін бекіту тарихи декларацияны парламентте қабылдаған кезде қызу талқыланған. Бұл Тұңғыш президенттің есімін еліміздегі жаңа халықаралық әуежайға беру де сөз болды» деді ол.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты қызық дерек Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің архивінде тұр. Әлгі деректе мынадай жолдар бар: «Абай атындағы орта мектептің 10 сыныбын бітірген соң (Алматы облысының Қаскелең селосы) Назарбаев Н. «Ленинская смена» республикалық жастар газетінен ОК комсомолдың жігіттер мен қыздарға Қазақстан магниткасын көтеруге үндеуін оқып, ұсынысты қабыл алуға барады. Теміртауға келу үшін Нұрсұлтан Алматының бір банкінде күзетші болып жұмыс істейді. Күзетші болып тапқан ақшаға ол туған Шамалғаннан Теміртауға жетеді...».
Президент Н.Назарбаевтың жас кезінде палуан болғанын білетін едік, бірақ оның боксшы болғанын естіген емеспіз. Тек жас күніндегі бокс қолғабын киіп түскен суреті болмаса. Университет архивіндегі құжатта бұған қатысты былай дейді: «Назарбаевтың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы спорт жарыстарында көрсетілген: факультет пен институт үшін футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі сияқты топтық ойындарға қатысу, сонымен қатар ол жақсы боксшы болды».
Енді міне, күзетшіліктен мемлекет басшысы болу дәрежесіне дейін көтерілген Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Астанадағы жаңадан салынған әуежайға беріліп жатыр. Президентті бұлайша дәріптеудің бұл әлі басы ғана дейді саяси сарапшылар.
Ерік Рахым