Түркістан облысынан мұнай табылды
Қазақстанның оңтүстігінде боксит кенін іздеу кезінде Түркістан облысында мұнай табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасаған OINET.KZ.
Шоқпақ учаскесінде полеозой дəуіріндегі жыныстан, Үлкен Қаратау тауаралық ойысында алғаш рет таяу тереңдікте орналасқан мұнай білінген.
"Іздеу-түсіру экспедициясы Үлкен Қаратау Леонтьев ойысындағы геофизикалық ауытқуларға боксит кені жəне онымен байланысты қорғасын, мырыш жəне сирек жерлерді табу үшін зерттеу жүргізді. Осы мақсатта 300 метрге дейінгі тереңдіктегі ұңғыма бұрғыланды. Бұрғыланған түрлі тереңдіктегі 39 ұңғыманың 11-інен қоңыр түсті түрлі реңктегі сұйық-тамшылы мұнай табылды. Сондай-ақ бұрғылау кезінде бұрғылау ерітіндісінде мұнай қабықшасының шығарылуы жəне осы бұрғылау ерітіндісінің газдануы байқалды", - дейді Экология министрлігінің өкілдері.
Шоқпақ учаскесінде мұнайдың білінуі Қазақстанның таулы жерінде алғаш рет байқалып отыр жəне Сырдария мен Шу-Сарысу ойысындағы мұнайгаздылықты болжауда маңызды мəнге ие. Бұдан бұрын Шу-Сарысу ойысында бірнеше ұсақ газ кен орны ашылған болатын. Оның едəуір танымалдары - Амангелді жəне Придорожный кен орны.
Енді Сырдария жəне Шу-Сарысу ойысы мұнай іздеудің келешегіне жол ашады. Ведомство учаскелердегі барлау жəне бұрғылау жалғастырылатынын атап өтті.